Руханият • 04 Наурыз, 2021

Гүлбараш Байтоғаева: Жақсы-жайсаңмен өткізген әр сәтіңді бақытыңа бала

775 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Атам қазақ қыз баланың тәрбиесіне айрықша мән берген. «Қыздың жолы – жіңішке», «Қызым – үйде, қылығы – түзде», «Қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген мақалдар – соның жарқын дәлелі. Мұхтар Әуезовтей кемеңгер ірі тұлғаның өзі ақ батасын беріп, ұстаздық жолға түсуіне бағыт-бағдар сілтеген, бүкіл саналы ғұмырын қазақ қыздарын зиялылыққа тәрбиелеу ісіне арнаған филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз Гүлбараш БАЙТОҒАЕВА есімі Қыздар педагогикалық институтында айрықша ілтипатпен аталады. Төменде педагог-ғалым Мұхаң туралы естеліктерді жадында қайта жаңғырта отырып, қазақ қыздарының бойындағы қадір-қасиеттер туралы сыр шертеді.

Гүлбараш Байтоғаева: Жақсы-жайсаңмен өткізген әр сәтіңді бақытыңа бала

– «Біз және біздің замандастар» атты естелігіңізде Мұх­­тар Әуе­зов­тің қазақ қыз­дары тағдырына деген қам­қор­­­лығы мен жа­на­шыр­лы­ғын егжей-тегжейлі баяндап шық­қа­ныңызды біле­міз. Сон­дай-ақ мем­лекет жә­не қоғам қай­раткері, белгілі ұс­таз, Құдай қосқан жарыңыз Мү­сілім Ба­зарбаев ағамыздың күн­­­делік дәптері жа­йында да тың д­еректерді алға тартқан еді­ңіз. Өткен жылдар парағын су­ды­­ратып, жас­тық шақ­тың көко­­рай белесін өзі­ңіз­бен бірге тағы да ойша кезіп қайт­сақ па деп келдік.

– Мен Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің филология факуль­тетінің орыс бөлімінде оқып жүр­генімде Мұхаң факультеттің қазақ бөлімінде қазақ ауыз әде­биетінен лекция оқитын. Лекцияны журналистика, филология, тарих фа­культеттерінің студенттері тү­гел келіп тыңдайды. Мұхаңнан тіке­лей дәріс алып жүрген аспиранты Мәстура Сармурзина орыс бөліміндегі біздерге келіп: «Мұх­тар Әуезовтің сабағына ба­рып қатысыңдар, келешекте өздеріңе таусылмас азық болады» деп кетті. Сондағы лекцияның әсері болса керек, дипломдық жұмысыма «Жамбыл және қазақтың суырыпсалма ақындық дәстүрі» та­қырыбын таңдадым. Мұны жазып біткен соң, орыс фольклоры­нан сабақ берген жетекшім Татьяна Владимировна Поссе менің қолыма Мұхтар Әуезовке жазылған бір жапырақ қағазды ұстатты. Қа­ламгер ол кезде Абай атындағы опера және балет театрының ал­дындағы үйде тұратын. Ол кісінің үйіне сонда жүрексінбей қалай барғаныма таңғаламын. Өзім орта мектепті толық бітірмей, да­яр­лық курсынан келгенмін. Студент кезімде қатты ауырып, дә­рігерлердің кеңесімен шашымды алдырып тастағанмын. Оның өзі әлі толық өсіп шыға қоймаған. Мұхаңның мені көргенде әуелгіде неге тосылыңқырап қалғанын сол кездегі түріме байланысты болса керек деп топшылаймын. Бірақ ұлы педагог менің қобалжып тұрған кейпімді аяп кеткен болса керек, диплом жұмысымды қолына алды да, «пәлен күні кел» деп уақытын айтты. Белгіленген мерзімде бардым. Диплом жұмысымды өте жоғары бағалап, үш парақ қағазға өз қолымен рецензия жазыпты. Өте жақсы деген баға қойыпты. Қуанышымда шек жоқ.

Біз диплом қорғаған күні Мұхаң университетке келмей қалды. Ол кісінің жазған рецензиясын ұстаз Семен Михайлович Махмудов аса бір жылы ықыласпен оқып берді. Кейін Хазелден (Абайдың шөбересі) «Мұхаң сен туралы – ол кішкентай қыздан түбінде бірдеңе шығады» деп айтты дегенді есті­генде төбем көкке жетті.

– Одан кейін қаламгермен қашан жолықтыңыз?

– Елуінші жылдардың бас кезі еді. Бір күні Мұхаң мені ака­демияның Тіл және әдебиет инс­титутынан көріп қалып, менің әдебиет секторына бармай неге тіл жағына ауысып кеткенімді сұрады. Мен оған әдебиет секторында бос орын жоқ екенін, сол себепті «қазақша-орысша» сөздікке жібергенін айттым.

Ал одан соң Мүсілім екеуміз инс­­титуттан бірге шығып келе жат­қанда жолықтырдым. Мүсілімге тұрмысқа шыққанымды естіп: «Вот оно что?!» – деп күлгені көз алдымда.

– Мұхтар аға неге күлді? – деп сұрадым Мүсекеңнен.

– Сені алғаш көргенде мен де күлгенмін, – деді Мүсілім.

– Түрім соншама күлкілі ме еді? – деп жатып кеп ашуланайы­н оған.

– Тақия киіп, кітапханада өзің­нен ауыр кітаптарды аударып отырған түріңді көргенде күлме­генде қайтем? – деді ол одан сайын ызаландырып.

– Оның қай жері күлкілі?

– Жоқ, – деді Мүсілім сосын әзілін шынайы әңгімеге бұ­рып. – Мен сені алғаш көргенде қуан­­­ғаннан күлдім, ал Мұхаң біз екеу­міздің отбасы құрғанымызды естіп, сүйсінгеннен күлген болса керек, – деді.

– Мұхаңның кеңесімен Қыз­дар педагогикалық институтына ауыстым деп айтқаныңыз есі­­мізде. Осы туралы кеңірек әңгі­мелеп берсеңіз.

– 1958 жылдың көктемінде Мұхтар Әуезовті үйге шақырдық. Мұхаңмен бірге жұбайы Валентина Николаевна, белгілі әдебиетші-ғалымдар Зоя Кедрина, Евгения Васильевна Лизунова, Ысқақ Дүй­­сенбаев, Ісмет Кеңесбаев сүй­­ген жары Жұмаш апаймен бір­ге келді. Осы жылдың күзінде Мұ­хаңның үйінде бас қостық. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғаби­ден Мұстафин, Ахмет Жұба­нов, Қалибек Қуанышбаев, Ба­уыр­жан Момышұлы, Дмитрий Сне­гин, Ысқақ Дүйсенбаев секілді зия­лы қауым өкілдерін алғаш рет осы үйден жолықтырдым. Бізді Мұхаң қасына отырғызып қойды. Валентина Николаевна үстелдің шет жағына жайғасып, Мұхаңның кейбір ұмыт қалдырған нәрселерін айтып отырды. Мұхаңның үйіне екінші рет 1960 жылы шетелден оралғанда бардық. Қаламгер Жапонияның әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы туралы әңгімеледі. Әсі­ресе жапон әйелдері туралы, олар­­дың инабатты, сымбатты, нәзік те әдепті болып келетінін баян­дады.

Мұнан кейінгі кездесулерде де Мұхаңның қазақ қыздарының қасиеті туралы айрықша елжіреп айтып отырғанын көп көрдім. Ол кісі аруларымыздың талантын, батырлығын, шыдамдылығын, қай кәсіпті де тез меңгеріп, ұршықша иіріп әкететінін сүйіспеншілікпен әңгімелейтін. Ленинградта оқып жүрген кезінде бір жолдасының ауылдан келген келіншегінің бір жылға жетер-жетпес уақытта жан-жақты кемелденіп, өзін-өзі ұстауы, киіну мәдениеті жағынан нағыз «ледиге» айналып шыға келгенін өз аузынан естігенім бар. Қазақтың ару қыздары батырлар мен билердің, жақсылар мен жайсаңдардың асыл да адал жары болып қана қоймай, олар­дың қасындағы ақылшысы, жұ­банышы, нағыз серігі бола біл­генін, тіпті ел басына қатер төн­ген жағдайда ерлермен бірдей ат үстінде ел намысын қорғағанын мақтанышпен әңгімелейтін.

1959 жылдың басында университетте жұмыс істеп жүріп кан­дидаттық диссертациямды қор­ғадым. Бір күні мені Мұхаң жол­дан ұшыратып қалып: «Мұнда сенен басқа да оқытушылар жетерлік. Сенің орның – Қыздар институты, сонда бар. Ауылдан келген қазақ­тың қарагөз аруларын жоғары мәде­ниеттілікке, сауат­тылыққа, зиялылыққа тәрбие­леу керек. Оларға дәл өзің сияқты ұстаздар қажет. Мен барып сабақ берер едім-ау, бірақ оған қазір уақытым болмай жүр. Қазақта «Апаға қарап сіңлі өсер» деген сөз бар» деп Қыз­дар институ­тына не үшін ба­ратынымды егжей-тегжейлі тү­сіндірді. Мұхаңның айтқан ақыл-кеңесіне ол уақытта онша мән бере қоймасам да, ұстаз өсиетін екі етпей 1960 жылдың қыркүйегінде университетті тастап, Қыздар институтына қызметке орналас­тым. Мұндағылар мені құшақ жая қуанып қарсы алды.

– Шығармаларында да қазақ әйелдерінің бейнесі айрықша сүйіс­пеншілікпен сипатталмай ма?!

– Бірде Лермонтов атындағы орыс драма театрында Мұхаңның «Түнгі сарыны» орысша қойылды. Спектакльді тамашалауға Мұхаңа ілесіп Ысқақ Дүйсенбаев, Мүсілім және тағы да біраз аспиранттар бардық. «Ночные раскаты» қойы­лымында Е.Диордиев, Ю.По­меранцев, Е.Попов сияқты таны­мал әртістер өнер көрсетті. Әйел­дерден менің есімде қалғаны – Жүз­тайлақтың рөлінде ойнаған В.Харламова еді. Кейіпкерлерді орыс театры әртістерінің тәп-тәуір сомдағанына куә болып отырмыз. Әсіресе Жүзтайлақты кейіптеген әртіс бәрін келістіріп-ақ, нанымды ойнап жүргендей көрінген. Бірақ ұлы Мұхаң спектакльдің ең бір шарықтау тұсында: «Мынау тым тайраңдап кетті ғой» деді. Бұл сөзді қаламгер қазақ әйелі қанша сұлу, көрікті болғанмен әдепті, қарапайым, сабырлы да парасатты қалыптан айнымағанын еске салу мақсатында айтқан болса керек-ті.

– Жалпы, әдебиетте жаны­ңыз­­ға жақын сондай бейнелер бар ма?

– Мұхаң дүниеден өткеннен кейін Әуезовтің әдеби-мемо­риалдық музейінде өткен кешке Шыңғыс Айтматов қатысты. «Менің елуінші жылдары Мәс­кеудегі Әдебиет институтында оқып жүрген кезім еді. Онда «Жә­мила» повесім жарық көріп қойған. «Абай жолын» және өзім­нің повестерімді қолтығыма қысып, Мұхаңды қонақүйден іздеп жүріп тауып алдым. Біздің арадағы таныстығымыз, ұзақ дос­тығымыз сол кезден басталды. Ол кісінің мені өзіне жақын тартып, жұмысыма сәт сапар тілегенін ешуақытта ұмытпаймын» деді ада­мзаттың Айтматовы. Осы бас­­қосуда мен де сұрақ қойып үлгер­дім. «Сіздің жазып жүрген Жәмила, Әселдеріңіз – ауылдың қарапайым жай әйелдерінің ғана тағдыры. Дәл осы шеберлігіңізбен қаланың көзі ашық, көкірегі ояу қыз-ке­ліншектері туралы тұшымды бір дүние жазу ойыңызда бар ма?» деп сұрадым. Ол: «Қазіргі шы­ғыстың зиялы әйелдері туралы керемет көркем туынды жазу оңай шаруа емес. Олардың бейнесі өте күрделі. Қазір мен «Қызыл алма» повесін жазып жатырмын. Сонда қырғыздың қазіргі заманғы интеллигент әйелінің бейнесін беруге тырыстым» деді.

– Ал көзі ашық, көкірегі ояу қа­зақ әйелдерінен кімдердің есі­мін айрықша атаған болар едіңіз.

– Ұмытпасам 1957 жылдың қа­зан айы болса керек. Әдебиетші Ес­мағамбет Ысмайыловтың үйіне бардық. Есағаңның әйелі Шайза апай мені бала күнімнен жақсы білуші еді. Шақырылған қонақтар аса көп бола қойған жоқ, өздерін есептемегенде бас-аяғы жеті-сегіз ғана адам. Сонда күйеуімен қонаққа еріп келген әйелдерден есімде қалғаны – ағылшын тілінің маманы Мүтәш Әшірбекова еді. Бізден көп болса төрт-бес жас қана үлкен болса керек. Бұрын оны тағы бір осындай қонақтардың арасынан көргенім бар... Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қа­зақ университетінің фи­ло­логия факультетін орысша біті­­ріп, академияға қарасты Тіл және әдебиет институтында орыс­ша-қазақша сөздік жазумен айналысқан Анна Ивановна Дуюнова мен Елизавета Нико­лаевна Шиповамен бірге жұмыс істедім. Елизавета Николаевна соғыс кезінде Ленинградтан Ал­ма­тыға қоныс аударып, осы инс­титутқа ғылыми қызметкер болып орналасқан. Соғыс біткеннен кейін Тіл білімі институты Ленинградқа қайта көшкенде ол осында қалды. Сол кісінің Мүтәш туралы айтқан сөздерін осы уақытқа дейін ұмыт­паймын. Мүтәш ағылшын тілі факультетін бітірген соң 1942-1943 жылдары Ленинградтан келген ғалымдармен қоян-қолтық жұ­мыс істепті. Сонда олар қазақ­тың Мүтәштай көрікті ару қызын алғаш көргенде қатты сүйсініпті. Өз араларында оны «восточная красавица» деп атаған деседі. Ал Мүтәш деп айтуға тілдері келме­гендері тіпті Наташа деп өздеріне жақындатып алғанға ұқсайды. Жарыққа үймелеген көбелектей Мүтәштің жанынан шыға алмай қалатынбыз деп еске алатын Ели­завета Николаевна.

Содан көп ұзамай Мүтәш тұр­мысқа шықты. Тағдырдың маң­дайға жазған бұйрығы шығар, кейін институттан да, ғылыми ортадан да біржола қол үзіп кетті. Айтайын дегенім, Мүтәш үш тілде емін-еркін сөйлейтін. Ол кезде әсіресе қазақ әйелдері арасынан мұндай дара тұлғалар, бірнеше тілді мең­герген ғалымдар некен-саяқ еді ғой. Шексіз сұлулық пен асқан білімі оның бітім-бол­мысын басқалардан өзгеше биік­тетіп тұратын. Ер-кісілерді айт­пағанда, оның жанындағы қыз-келіншектердің өзі Мүтәштің сымбатына табынып тұрғандай сезілетін. Міне, сол сұлу Мүтәшті әсемдік әлемінен маржан сөздің кестесін тізген Мұхаң да айрықша құрметтей алды. Қазақтың зиялы арулары дегенде менің есіме алдымен Мүтәш бейнесі орала береді.

– Ұлы даланың арулары сұлу­лығымен ғана емес, өжет те қайсар міне­зімен де дара тұрған дейсіз ғой...

– Есағаңның үйіндегі сол бас­қосуда Мұхаң қазақ қыздары туралы тамаша әңгімелер айтып берді. «Қазақ халқы басқа шы­ғыс халықтарына қарағанда қыз бала­ны аса қадірлеп, бетінен қақ­пай, соңынан сөз ертпей еркін өсірген. Ерлермен бірдей жауға қарсы найза ұстап шыққан өжет мінезді қыздарымыздың та­лайының атын тек тарихтан ғана естіп-білуші едік. Ал бертініректе дала­лық еркіндікке тән қайсар рухты Мәншүк пен Әлиядай ару­ларымыздың бойынан көрмедік пе?! Мұндай Батыр атағын иеленген қос жұлдыз Шығыстың басқа жұртында кездеспейді» деп қазақ қыздары бойындағы сан сапат қасиетті шын ықыласымен әңгімеге арқау етті.

Бәріміз ортада көсіле сөйлеп отырған жазушының әр қимыл-қозғалысын аңдып, тесіле қарап қалғанбыз. Тырп етпей ұйып тың­дап отырмыз. «Біздің қазақ қыз­дарының арасында, – деді Мұхаң, – Мүтәш сияқты жүзі аршыған жұмыртқадай әппақ, бетінің ұшы бояусыз-ақ қызыл нұрға малынған көрнекті қыздарымыз бар». Мұны естігенде Мүтәш ыңғайсызданып қалды. Біраз үнсіздіктен соң: «Сіздің мына сөзіңізден кейін қалайша кісі қызармайды?!» деді.

– Көпшілікке беймәлім тағы да біраз тағдырлар туралы жаз­ған сияқты едіңіз. Соның бір-екеуіне тоқталып өтсеңіз.

–Шығыстың ұлы ғұламала­рының бірі – Низами сүйген Аппақ есімді аруды айтып отырған боларсыз. Ай десе аузы, күн десе көзі бар һәм батыр Аппақ есімді қыпшақ аруымен ол бар-жоғы екі-үш-ақ жыл өмір сүрген ғой. Батыр қыз бірде туған жерін жаудан қорғап жүріп, абайсызда тұтқынға түсіп қалады. Сұлу қызды өлтіруге жау әскерлерінің көзі қимай оны ел билеушінің алдына алып келеді. Ол сұлулығына тамсанып, жар етпек болғанда өжет мінезді Аппақ жаудың бұл әрекетіне көнбей, одан да өлім артық екенін айтады. Өлтіргеннен іштегі кегін қайтара алмасын сезген олар сарайда ақын болып жүрген әрі жас Низамиге қаламақының орнына сыйға тартып жібереді. Алайда арада екі-үш жыл өтісімен қаза табады. Ол өмір бойы өзінің сүйікті Аппағын жырлап өтеді.

Біз Мүсілім екеуміз қонақтан қайтқаннан кейін көпке дейін сол әңгіменің әсерінен шыға алмай жүрдік. Шіркін, Мұхаңның әр әңгімесі асыл қазына еді ғой. Қазақтың тарихында Аппақтай арудың есімі айтылмай келгеніне мән берген Мүсілім Низамидің поэма, дастандарын кідірмей зерттеуге кірісті. Низамиге қатысты «Қазақ-әзербайжан байланысы», «Низами және қазақ поэзиясы» атты еңбектер жазды. Аппақ туралы сол әңгіменің әсері болса керек, сол жылдары Есмағамбет Ысмайылов «Великие мастера слов» кітабын жазып, оқырманды Низами шығармаларымен жақы­нырақ таныстырды. Қалижан Бек­хожин өзінің «Аппақ-наме» поэмасын жазды. Ал 1982 жылы Ғабит Мүсіреповтің «Қыпшақ қызы Аппақ» атты драмалық туындысы жарық көрді.

– Қазақ әйелі басына түскен кез келген ауыртпалықты қас­қайып тұрып қарсы алып, балаларын бағып-қағу үшін қандай жұмысты болсын атқаруға да­йы­н тұратыны мәлім. Кейінгі жас­тарға үлгі етерлік сондай қыз-келін­шектерден кімді мы­сал­ға келтірген болар едіңіз?

– Бірде Мүсіліммен Тіл және әдебиет институтында бірге істейтін Болат Сүлейменованың үйінде қонақта болдық. Болаттың күйеуі Тоқтамыс Беделбаев заң саласында қызмет істейтін. Екеуі де сұңғақ бойлы, өте көрікті, қазақ деген қандай халық деп сұраған жұртқа бірін қазақтың аза­маты, екіншісін аяулы ана, адал жар деп мысалға алып көр­сетуге тұратындай сымбатты әрі қарапайым жандар еді. Тоқ­тамыс әке-шешесімен бірге тұратын. Тоқтамыстың анасы Ләйла Мұх­тарқызының қайнағасы, Дін­мұхамед Қонаевтың жақын апасы болғандықтан бұл үйдің Мұхаң­мен құдандалық жағынан да жақындығы бар еді. Мұхаң осы күнгі кеште Болаттың білім­дарлығына, талантына тәнті болып, біраз сөз сөйледі. Өйт­кені ол Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің шығыстану факультетін тәмамдап шыққан қазақтың ең алғашқы көзі ашық қыздарының бірі болатын. Сондағы ұлы жа­зу­шының: «Қазақтың Болат сияқ­ты көрнекті қыз-келіншектері дүниежүзілік үлкен форумдарға қатысып, сөз сөйлеуге әбден лайық» деген сөзі сол күні оның бо­йындағы көбіміз айта алмай жүрген бір ақиқаттың бетін ашып берді. Бұған ол әжептәуір қысылып, қызараңдап қалды. Мұның сыры белгілі еді. Өйткені дәл сол уақытта оның ғылымнан қол үзіңкіреп, үй шаруасымен көбірек айналысып кеткен тұсы болатын. Үш баланы кәмелет жасына толтыру, алақанына қарап отырған ата-енесінің ыстығын суытпай алдына тосып отыру айтқанға оңай сияқты болғанмен, шынтуайтында жеңіл-желпі атқа­рыла салатын іс емес еді. Ғылым саласына атойлап із салма­ғанмен, аяулы жар, ардақты ана ретінде көбімізден оның жолы да, жөні де биік күйінде қала берді.

– Жалпы, бақыт дегенді сіз қалай түсінесіз?

– Тіл және әдебиет институ­тының қызметкерлері 1961 жыл­дың Жаңа жылын айрықша атап өтті. Сол кеште ұжымның қыз-келіншектері, азаматтары жарысып өнер көрсетті. Маскалы арулар Мұхаңды бірінен кейін бірі биге шақырып, қолдан-қолға тигізбей жатыр. Төлегеннің бейнесіндегі Мүсілімді де көздеріне бетперде таққан сұлулар қайта-қайта ортаға шақырып, биден қалысар емес. Ойын-сауық, ән-би сәл саябыр тауып, жұрт дастарқан басына жайғасар тұста Мұхаң достарына, жастарға ризашылығын білдіріп, былай деді: «Көп жасап, жақсы өмір сүрген біреуден адамның бақыты туралы сұрағанда, ол кісі көп жасаған жылдардың бірнеше жылында, күнінде, сағатында ғана бақытты болғанын айтыпты. Ол санаулы жылдар, күндер, сағаттар осындай, нақ қазіргі өзде­ріңізбен бірге отырғандай көңілді достардың, шәкірттердің арасында және сыйлас, сүйікті адамдардың қасында болған сағаттардан тұ­рады екен».

Кейін Мүсілім Мұхаңның осы кеште айтқан керемет сөздерінің таспаға басылмай қалғанына өкініп, «бұл ол кісінің өз достарымен, шәкірттерімен қоштасқан соңғы сөзі сияқты есте қалды» деп жүрді. Сондықтан жақсы-жай­саң­мен өткізген әр сәтіңді бақытқа бала деп өсиет айтқым келеді кейінгі ұрпаққа.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»