Қоғам • 05 Наурыз, 2021

«Ел боламын десең, демографияңды түзе!»

3762 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жер көлемі жағынан жаһанда тоғызыншы орынға табан тірейтін Қазақ еліндегі демографиялық ахуал – мемлекеттік маңызды мәселе. «Құс қанаты талып, тұлпар тұяғы тозатын» тоғызыншы территорияның төрі халыққа толмаса, қауіп-қатер де азая қоймайды. Өсім өрге басса, ел еңсесі көтеріліп, ұлттың қауіпсіздігі де нығая түседі.

«Ел боламын десең, демографияңды түзе!»

Статистика агенттігінің де­ректерін сөйлетсек, Қазақстан хал­­қының қазіргі саны 18 млн 877 мың адамды құрайды. Де­ген­мен нақты сан ағымдағы жыл­дың қазан айына жоспарланып отыр­ған халық санағында анық­талмақ. Сарапшылардың пікірін­ше, 2009 жылы өткен санақтың шикі тұстары жетерлік, ал ол кезде сараланған санға сүйенгеннің өзінде он екі жылда шамамен екі жарым миллионға ұлғаю демографияның оң динамикасын көрсетеді деп айту қиын.

– 2009 жылы өткен санақтың дүдәмал тұстары көп. Нақты көрсеткіштен гөрі, мөлшерлеп айту басым. Қазан айында өтуге тиіс санақта жан-жақты нақты мәліметке қол жеткіземіз деген үміт мол. Жалпы өсімнің екі түрі бар. Бірі – сандық өсім, екіншісі – сапалық өсім. Бізде бұл екеуі де орташа қарқынмен жылжып келеді. Халықтың жаппай қалаға көшуін сапалық өсімге жатқызуға болады. Халық саны шамамен бір жылда 265 мыңға өсіп отыр. Бұл дегеніңіз – төрт жылда 1 млн. Әсіресе қазақ халқының саны артқаны байқалады. Табиғи өсімді өрге сүйреу үшін ана мен балаға жасалатын қамқорлықты көбейту керек. Нарық заманында көп дүние материалдық жағдайға келіп тіреледі. Демографияға аса мән беріп отырған мемлекеттер мұны жіті түсінді. Аналарды ынталандыру мақсатында жәрдемақыны молайта бергеніміз абзал. Халық санын өсірудің өзегінде мемлекет қауіпсіздігі жатқанын ескеріп, бұған бүтін бір идеологияны жұмылдыру керек. Өйткені ел болашағы үшін, тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін бұдан берік тұтқа жоқ, – дейді демограф Әзімбай Ғали.

Ел тұрғындарының санын өңір-өңірге жіктейтін болсақ, көш басында Алматы мен Түркістан облыстары тұр. Келесі сатыға Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстары жайғасқан. Еліміздегі үш мегаполис те бұл тұрғыдан бірталай облысты артта қалдырады.

Ендеше соңғы деректерге сүйене отырып, жоғарыдан төмен қарай санамалап көрелік. Алматы облысында – 2075,1 мың, Түркі­стан облысында – 2041,9 мың, Алма­ты қаласында – 1 972,1 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 1 364,2 мың, Қарағанды облысында – 1 375,5 мың, Нұр-Сұлтан қаласында – 1 179,9 мың, Жамбыл облысында – 1138,1 мың, Шымкент қаласында – 1069,9 мың, Ақтөбе облысында – 892,5 мың, Қостанай облысында – 864 529 мың, Қызылорда облысында – 813,5 мың, Павлодар облысында – 751 034 мың, Ақмола облысында – 735 489 мың, Маңғыстау облысында – 717,5 мың, Батыс Қазақстан облысында – 660,8 мың, Атырау облысында – 655 957, Солтүстік Қазақстан облысында – 544,1 мың адам тұрады. Республика халқының 69-70%-ы қазақтар, 17%-ы орыстар, 3,4%-ы өзбектер, қалғанын ұйғыр, түрік, дүнген, неміс секілді т.б этнос өкілдері кең құралып отыр.

Оңтүстік өңірлердегі халық саны басым әрі орналасу ты­ғыз­дығы жағынан да осы аймақ­тар алда тұр. Әлбетте, бұл бү­гін ашылған жаңалық емес. Оңтүс­тік өңірлердегі халықты елдің сол­түс­тігіне көшіру саясаты қолға алынғалы да талай жылдың жүзі болды. Солтүстіктегі кейбір ай­мақ­тарда қаңырап қалған ауыл­дар бар. Әсіресе шекаралық өңір­лердегі халық саны қатты азай­ғаны байқалады. Бұл ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіретін фактор екенін айта кеткеніміз жөн. Жұмыс күші тапшы мұндай аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлер­ден еңбекке қабілетті отбасылар­ды көшіру мақсатында 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020» бағдар­ла­масы сәл де болса серпін берді. Азаматтарға тұрақты жұмыс беру, баспанамен қамту халық өсіміне оңтайлы әсер етері анық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы аймақтық квота бойынша 6 766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған болса, 2019 жылы солтүстікке 700 отбасы көшірілген. Ал 2022 жылға дейін барлығы 59 мың отбасын солтүстікке көшіру жоспарланып отыр. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан қоныс аударуға ниетті азаматтарды Шығыс Қазақстан, Қостанай, Пав­ло­дар, Солтүстік Қазақстан об­лыс­тарына қоныстандыруға басым­дық беріліп отыр. Өйткені жоға­ры­да аталған өңірлерде соңғы 10 жыл­да халық санының жыл сайын­ғы өсімі – 2 пайызды ғана құраған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» атты мақаласында демо­графия мәселесіне жеке тоқтала келіп: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халық­тың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көпте­ген ауылдарда, әсіресе шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі елі­міздің қауіпсіздігіне қатысты мә­селе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деген болатын. Президент, тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асатын болса, ұлт өсімін қандастар есебінен қарқындатудың орайлы мүмкіндігі тумақ.

Демограф Әзімбай Ғалидың пікірінше, шетелдегі қазақтардың бүгінгі саны 3,5 миллионнан асып жы­ғылады. Бір ғана Қытайдың өзін­де әлі де 1 миллион 300 мың қандасымыз бар. Қытай Үкіметінің кейбір ережелеріне сәйкес қазір олардың елге көшіп келуі қиындай түскен. Ал Ресейде 740 мыңнан ас­там қандасымыз тіршілік кешіп жатыр. Алайда профессор ресейлік қазақтардың елге көшіп келу динамикасы тым төмен екенін алға тартты. Мұның нақты себебін айту қиын. Десе де мәселенің бір ұшы әлеуметтік жағдайға кеп ті­релуі мүмкін. Ресейдегі секілді, бас­қа да Еуропаны мекендеген бауыр­лары­мыз­дың материалдық жағдайы жақсы. Бірер жыл бұрын Еуропа қазақтарына жүргізілген арнайы сауалнама нәтижесі олар­дың басым бөлігі тәуір тұрмы­сын тастап, жылы орнынан жылыс­тағысы келмейтіндігін көрсеткен. Әсірелеп айтқанда, бақ пен тақтан бас тартып, туған жердің бір уыс топырағын аңсап алып-ұшқан Бейбарыстың танымы оларды аса ойландыра қоймайды...

«Қазіргі уақытта атажұртына табан тіреп, бізге жаппай көшіп келіп жатқан Өзбекстан қазақтары. Түрікменстан мен Тәжікстанда қазақ­тардың аз ғана шоғыры қал­ды. Шамалап айтсақ 10-15 мың. Ширек ғасыр бұрын ондағы қандас­тарымыздың саны 60 мыңнан асатын. Яғни басым бөлігі Отанына оралды деп айта аламыз. Мәселен, бір ғана Моңғолиядан 100 мыңдай қазақ көшіп келді. Сол секілді бізден өзінің тарихи атамекеніне көшіп кетіп жатқан ұлт өкілдері де бар. Айталық Қазақстандағы орыс­тар соңғы 4-5 жылда 40 мыңға азайды. 1997 жылдары 370 мың орыс Ресейге қоныс аударды. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіптен үдере көшті. Қазір біздің елдегі орыстар депопуляцияға ұшы­рап жатыр, Ресейде де дәл солай. Туу аз, өлім-жітім көп. Демо­гра­фия түйінін сырттағы қандас­тар­ды қайтару арқылы шешуге күш салуы­мыз керек», дейді Әзімбай Ғали.

Баспасөз беттерінде «елімізге келгендерден кеткендер көп» деген сарындағы пікірлер ауық-ауық айтылып жүр. Академик Ораз Баймұратов мұнымен келіспейді. Оның сөзінше, шетелге кетіп жатқандардың басым бөлігі – білім іздеген жастар. Олар өзге мемлекеттерге түбегейлі қоныс аударған жоқ. Білім алып, кәсіп игергеннен кейін елге оралуды көздейді. Көпшілігі – түрлі салада жұмыс істеп, аз-кем қаржылай қор жинап келуді мақсат тұтқандар. Десе де өзге елдерде ұзақ уақыт жұмыс істеуге кеткендердің ішінде амалын тауып сонда тұрақтап қалуға шешім қабылдағандар да аз емес. Ұлт­тық статистика бюросының мәліметі бойынша өткен жылдың өзінде 26 мыңнан астам адам Қазақ­станнан шетелге кеткен. Олар­дың басым бөлігі – білімді жас­тар мен білікті мамандар. Қолы­мызға түскен тағы бір деректе 2015-2019 жылдар аралығында елі­мізден шамамен 200 мыңнан астам адам шетелдерге тұрақты тұру мақсатында қоныс аударғаны айтыл­ған. Керісінше дәл осы 2015-2019 жылдар аралығында елімізге 112 мыңнан астам адам қоныс аударыпты.

Сауда және интеграция ми­н­истр­­лігінің таяуда өткен алқа оты­ры­сында еліміздің сыртқы шекарасындағы инфрақұрылымды дамыту жайы айтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, экспорттық және транзиттік әлеует­ті күшейтуге баса назар ауда­ра отырып, жоғарыда біз айтып өткен Ресеймен шектесетін Батыс Қазақстан облысы және Солтүстік Қазақстан облысы аумағында сауда хабтарын құру бойынша жаңа бастамалар қолға алынатыны хабарланған болатын. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, қолайлы жағдай жасалса, шекаралас аймақтағы тұрғындар онсыз да халқы тығыз орналасқан оң­түстікке ағылуын, шекара асып шетелге кетуін азайтар еді.

Тағдырдың қилы соқпағында есеңгіреп барып еңсе тіктеген еге­мен еліміздің ертеңі жарқын болу үшін ел саны еселеп өсуі керек. Босағамыз берік, шекара­мыз шегендеулі десек те бұл мәсе­леге бейжай қарай алмасымыз анық. Бір сөзбен айтқан­да, демо­графия – ұлт қауіпсіздігінің қал­қаны. Қазақстан жер көлемі жағы­нан әлемде тоғызыншы орын ала­тын болса, халқының саны жағы­нан әлемде 64-орында. Ал тұрғындардың тығыз қоныстануы бойынша әр шаршы шақырымға орташа есеппен 6,7 адамнан келеді екен. Бұл сатыда бізден кейін 11 ел ғана барын ескерсек, ха­лық­тың орналасу тығыздығы тұр­ғысынан дүние жүзінде 184-орында тұрмыз. Әлбетте, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Өйткені, бос жатқан жер көз арбайды. Оның үстіне ол жер қазба байлыққа толы жер болса ше? Қара аспанды төндіру емес бұл, біздікі ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға үн қосу ғана. Сондықтан шекара шебіндегі ауылдарды халыққа толтырып, олардың әлеуметтік, экономикалық әлеуетін жақсартуға баса назар аударғанда ғана күмән-күдік сейіліп, ел ертеңіне деген сенім нығая түседі.

2020 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында елімізде 421 мың сәби дүниеге келіпті. Бұл соңғы 33 жылда болмаған көрсеткіш еке­нін сүйіншілеп айта кеткен жөн. Бұған дейін 1987 жылы 417 мың сәбидің өмір есігін ашқаны тіркел­ген. Президентіміз бір сөзінде: «Көп балалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі» деген еді. Адам капиталын дамыту ана­лардың әлеуметтік жағдайын жақ­сартумен тікелей байланысты. Бұл бағыттағы бастамалар басты бағ­дарымыздан түспеуі тиіс. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады, ұлыс өрбиді, ұлт өседі, ұлттық қауіп­сіздігіміз нығаяды. Сон­дық­тан ұлт­ты өсіру – ұлы мұрат. Сол ұлы мұрат алаш жұртын ғасыр­ларға жалғайды.

 

АЛМАТЫ

P.S. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтқаны бар кезінде. Бүгінгі күннің талап-тілегіне орай жазушының айтқанын «Ел боламын десең, демографияңды түзе» деу мәселенің өзектілігін көрсетіп, елдіктің бағыт-бағдарын айқындауға септігін тигізер ма еді деген ойымыз бар.