Руханият • 05 Наурыз, 2021

Полковник ханым

2212 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жезқазған қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас­тығы Ләззат Төлеуғалиева – Қарағанды облысы бойынша құт­қару­шылар қатарындағы азаматтық қорғау полковнигі шенін алған тұңғыш әйел. Нәзік жанды жаратылыс иесінің мұндай дәрежеге жетуінің түп-тамырында түрлі сыннан сүріндірмей алып шыққан тектіліктің болмауы мүмкін емес деген ойға еріксіз беки түсесіз.

Полковник ханым

Көбіне ер азаматтардың пәр­мені мен дәурені жүретін бұл сала­ға келуіне ішкі істер орган­дарын­да қызмет еткен әкесі Төлеу­ғалидің берген тәрбиесі тіке­лей әсер еткен еді. «Әкеміз үй ішіндегі тәртіпке қатты мән беретін адам еді. Анамыз мектепте бас­тауыш сыныптардың мұ­ғалімі болып қызмет етті, ал­ғашқы ұстазым да өзі болды. Мұғалімнің баласы деген атқа кір келтірмеу үшін сабақты жақ­сы оқып, түзу жүру – біздің үйдегі жазылмаған заң еді. Яғни мен тәртіпті бірінші орынға қойған отбасында тәрбиеленіп өстім. Әлбетте, мұның қазіргідей дәрежеге жетуіме ықпалы молынан тиді деп сенімді түрде айта аламын», деп сыр ақтарды Ләззат Төлеуғалиқызы.

Орта мектепті бітіріп, арман қуып Қарағандыға келген жылы оқуға түсе алмады. Қала­дағы «Динамо» фабрикасында тігінші болып бір жылдай жұ­мыс істейді. Содан кейін Жез­қаз­ғандағы университеттің тіл-әде­биет факультетіне түскен. Тағ­дырдың маңдайға жазғаны ғой, оқуын аяқтағаннан кейін ма­ман­дығы бойынша жұмыс іс­те­мей, Жезқазған қаласындағы өртке қарсы қызметті таңдады. Еңбек жолын осы жерде инс­пектор болып бастаған. Жұмыс істей жүріп, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың заң факультетін тәмамдады.

Ләззат Төлеуғалиқызы бас­шы­лық ететін Жезқазған гарни­зонына Жезқазған, Сәтбаев қала­лары мен Ұлытау ауданы енеді. «Ұжымның негізгі бөлігі – ер азаматтар. Сол себепті де кейде қызмет бабында әйелге тән нәзік­тікті ысырып қойып, еркек­ше сөйлесуге тура келетін жағ­дай­лар болып тұрады. Жедел ше­шім қабылдау керек болғанда әске­ри қатаң тәртіпке негізделген мінез көрсетпесе тағы болмайды, – дейді полковник ханым. – Дегенмен ер адамдармен жұмыс істеудің жақсы жақтары да бар. Мысалы, олар айтқан тапсырманы тап-тұйнақтай қылып орындауға бейілді болып келеді. Жалпы, әйелдерді нәзік жандылар деп жатады ғой. Бұл дене күші тұрғысынан алып қарағанда рас та шығар. Бірақ біз рух күші, ерік-жігер жағынан ерлерден қалыса қоймаймыз».

Жалпы полковник ханым жұмыста қанша қатаң, талапшыл болғанымен, қызметкерлерді жазалау мен жұмыстан шығаруды мақсат еткен емес. Керісінше, олар­дың жағдайларына қарап, мәсе­лелеріне бойлап, барынша тіл табысуға, керек болған жерінде көмек қолын созуға тырысып жүреді.

Төтенше жағдай қызметінің тірлігі қазандай қайнап жатады. Апаттың айтып келмейтін нешеме түрімен арпалысу айтқанға ғана оңай шаруа... Әлі есте, 2011 жылы Жезқазғанның маңындағы Қостанкелді елді мекенінде алапат тасқын болып, 152 үй су астында қалды. Өкінішке қарай, екі адам апаттың кесірінен көз жұмды. Міне, осындай қысылтаяң кезеңде Ләззат Төлеуғалиқызы уақытпен санаспай, апаттың салдарын жою жұмыстарына тікелей басшылық жасап, қауіптің бетін қайтара білді. Қазір бұл шағын ауданда суағар арықтар салынып, қауіпсіздік шаралары дұрыс жолға қойылған. Сондай-ақ 2015 жылы Ұлытау ауданындағы Жыланды ауылының маңында Сарысу өзені арнасынан асып, 40 үйді су басты. Сол кезде де полковник ханым­ның ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында тұрғын­дарды апаттан аман алып қалу, олар­ды қауіпсіз жерлерге көші­ру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілген еді.

Республикалық ма­ңы­зы бар Павлодар – Қызылорда күрежолы бо­йында көктем және күз айларында қар еріп немесе нөсер жаң­быр болғанда құт­қару жұ­мыс­тары қы­зу жүр­гізі­леді. Тек былтырдың өзінде осы жол­дың бойындағы пробле­ма­лық учаскелерде 700-ге жуық адам құт­қарылып, 60-тан астам авто­кө­лік батпақтан шығарылған екен.

Ләззат Төлеуғалиқызы басқа­ратын ұжым Жезқазған өңірі аума­ғында құлаған ғарыш зымы­ран­дарының қалдығын іздеп тауып, оларды қауіпсіз жерлерге жинастыру жұмыстарымен де айналысады. Мәселен, 2018 жылы «Союз» зымыраны құла­ған­да, оның қалдықтарын табу кезінде көптеген шаруаны тын­дырды. Ғарыштан жерге орал­ған ғарышкерлерді құтқару іс-шара­ларына да атсалысып тұру – тікелей міндеттерінің бірі. «Біз­дің негізгі мақсатымыз – адам өмірін құтқару және мемлекетке келер шығынды мейлінше азайту», – дейді полковник ханым.

Ләззат Төлеуғалиқызы – отбасында өзін бақытты санайтын жанның бірі. «Сексеннің бесеуіне келген анам бар, – дейді ол. – Сол кісінің маңдайымнан иіскегені жаныма шуақ құяды, әл береді».

Жалғыз қызы Фаризаның өмірдегі жетістіктері – анасы үшін үлкен қуаныш. Қызы мектепті, одан кейін Алматыдағы жоғары оқу орнын үздік тәмамдады. Қазіргі уақытта беделді бір мекемеде халықаралық деңгейдегі заңгер болып, абыроймен еңбек етіп жүр.

Бүгінде Ләззат Төлеуғали­қы­зы­­ның төтенше жағдай сала­сын­да қызмет атқарғанына 27 жыл болыпты. Осы жылдар ара­лығында өзінің кәсібіне деген адал­дықтан айныған емес. Жоға­ры басшылық тарапынан үнемі алғыс алып, құрмет көріп келеді. Қалтқысыз қызметі лайықты бағаланып, ведомстволық наградалармен марапатталған.

Жұмыстан тыс уақытта Ләззат Төлеуғалиқызын үй шаруа­­сындағы әйел кейпінде елестету қиындау шаруа. Бірақ шыны сол: мундирді шешкен соң, алжапқышты байлап алып, ас үйде тамақ пісіруді ұнатады. Ал қолы қалт еткенде, табиғат аясында демалғанды жақсы көреді. «Сайын даланың аңызақ желі, жусанның иісі маған күш-қуат береді», – дейді сыртқа сұсты көрінгенмен, жаны нәзік және сұлу полковник ханым.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы

 

Соңғы жаңалықтар