Экономика • 05 Наурыз, 2021

Салаға дем берген жан

157 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өмір бір орында тұрмайтынын ескерсек, кешегі және бүгінгі адамды салыстыру қисынға келмейтіні анық. Шындығы сол, технологиялық үдерістер қарқын алған дәуірде «мынау ердің ісі, анау әйелдің атқаратын жұмысы» деп бөліп жаратын күндер келмеске кеткені қашан?! Тіпті ер азаматтардың қолынан келе бермейтін шаруаны нәзік жандылардың ұршықша иіріп жататын кездері аз емес.

Салаға дем берген жан

Инвесторлардың елімізге келуге дәті бармайтын

Ол бір қолымен бесікті тербетіп қана қоймай, елімізде тыңнан түрен салған саланың дамуына үлесін қосып келеді. Айнұр Соспанова он жылдан артық уақыттан бері Қазақстанда балама қуат көздерінің кең етек жаюына еңбек етіп, аталған бағытты реформарлық тұрғыда ілгерілетуге қарекет етіп жүр. Дәлірек айтсақ, ол Энергетика министрлігіне қарасты Жаңартылатын энергия көздері департаменттің директоры. Алайда оның қызметтік мансабы ұстаздықтан басталғанын айта кеткен орынды. Физик-математик мамандығын тамамдаған азаматша 8 жылдық ғұмырын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушылық қызметке арнаған. Кейінгі 20 жылда жекелеген компаниялар мен мемлекеттік құрылымдарда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында табанды түрде еңбек еткен. Соңғы 11 жылда жаңартылатын энергия көздері бағытында табысты жұмыс істеп келеді.

Қазір адамзат тұрақты дамуға бет бұрғандықтан балама қуат көздері оның ажырамас бөлігі іспетті. Жаһандық үрдістен Қазақстан да қалыс қалмауға қамданып, осы бағыттағы ізденістердің үлесін жылдан-жылға арттырып жатыр дейді кейіпкеріміз.

«Негізінен, елімізде жаңартылатын энергия көздері 2009 жылдан бастап қолға алынғанын айта кеткен жөн. Неге десеңіз, сол жылы жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы заң қабылданған еді. Осыдан кейін салалық жүйені қалыптастыруды әзірлеп, инвесторлармен жұмыс істей бастадық. Бірақ та бұл кезеңде Қазақстанға инвесторлар келуге дайын емес болатын. Өйткені олар инвестициялық климаттың қолайсыздығын алға тартып, тәуекелге баруға жүректері дауалаған жоқ. Десе де 2013-2014 жылдардан бастап тиісті заң өзгертіліп, жеңіл тарифтер енгізілді. Электр энергиясының бірыңғай сатып алушысын анықтадық. Содан кейін электр энергиясын сату және сатып алу жүйесін әзірлеп, теңгенің долларға қатысты бағамының өзгеруін ескере отыра тарифтер индекстеуден өткізілді. Міне осы кезден елімізге алғашқы инвесторлар келе бастады. Алғашқы күннен қуат алатын 50 МВт-тық электр стансасы 2014 жылы Жамбыл облысында салынды. Яғни, бұл кезең еліміздегі балама қуат көздерінің бастауы болды десек те артық болмайды», деді Айнұр Соспанова.

EXPO көрмесін көркейтуге атсалысты

Сөз орайы келгенде айта кетейік, бұл маманның бастауымен 2017 жылы елордада өткен  EXPO халықаралық көрмесінде Қазақстан павильонының тақырыптық мазмұны толықтырылды. Оның айтуынша, аталған жаһандық шара елімізде тұрақты энергетиканың қанат қағуына жол ашты.

«Электр стансалары 3-4 жыл ішінде кезең-кезеңмен салынатынын ескерсек, еліміздегі негізгі балама қуат нысандары 2018-2019 жылдары іске қосылды. Бүгінде республика аумағында жалпы көлемі 1700 МВт-қа жуықтайтын жаңартылатын энергия көздері жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 100 МВт-тық күн және жел электр стансалары бар. Әлемдік деңгейде алып қарасақ, бұл жаман нәтиже емес. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3%-ға жетті. 2025 жылға қарай оның көлемін 6%-ға және 2030 жылға қарай 10%-ға жеткізу межесі қойылып отыр. Өңірлер бөлінісінде климаты жылы оңтүстік аймақтарда күн электр стансаларына басымдық берілген. Оның жарқын мысалы ретінде Түркістан, Жамбыл облыстарын келтіруге болады. Жел электр нысандарын далалы және таулы өңірлерде дамытқан қолайлы. Айталық, Алматы және Ақмола облыстары. Қазір перспективалық бағыт ретінде гидро энергетикаға басымдық берілмек. Себебі бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыру қымбатқа соқпайды. Десек те бұл күн және жел электр энергетикаға көңіл бөлінбейді дегенді білдірмейді», деді департамент директоры.

Аукцион тарифті арзандатты

2018 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген энергияның құны дәстүрлі энергия нысандарына қарағанда қымбатқа түсетін. Мәселен, күн электр стансасынан өндірілген энергияның тарифі МВТ-қа шаққанда 34 теңгені құраса, жел электр стансасынан өндірілген қуат тарифі 22 теңге болатын. Әйтсе де 2018 жылдан кейін тарифті төмендету мақсатында тиісті ведомство аукцион өткізу форматына ауысты. Бұл энергетика нарығындағы баға саясатына оң әсер етті дейді А.Соспанова.

«Аукцион тәртібіне көшкеннен кейін тарифтер шамамен екі есеге төмендеді. Мысалы, 2014 жылы күн электр стансасынан өндірілетін энергияның тарифі МВТ-на 34 теңге болса, аукциондағы шекті бағасы 17 теңгеден аспайды. ЖЭК нысандарының иелеріне Сыртқы істер министрлігінің инвестициялар комитетімен басым бағыттағы инвестициялық келісімшартқа отырып, салықтық жеңілдіктер алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, Кәсіпкерлік туралы кодексінде қамтылған нормативтерді балама қуат көздерімен айналысатын іскер азаматтарда пайдалануға құқылы», деді ведомство басшысы.

Бұл саланы қарқындатып, өркендету үшін нарықта жүйелік өзгерістер қажет деп санайды кейіпкеріміз.

«Жаңартылатын энергия көздерінің нысандары өндірілген энергияны желіге жібереді. Ол KEGOC жүйелік операторының немесе өңірлік электр желілік компаниялардың желілері болуы мүмкін. Егер де аталған желілер энергияны қабылдап, таратуға дайын болмаса, онда ЖЭК нысандарына да қажетті қуат көлемін өндіру оңайға тимейді. Бұдан бөлек, аспаннан күннің көзі көрінбей және жел соқпаса, сәйкесінше энергия да өндірілмейтінін жүйелік оператор ескеру қажет. Сондықтан да ол ортақ жүйеге басқа баламаны беруге дайын болғаны абзал. Бұл проблема біздің елімізге ғана тән емес. Бұл әлемдік үрдіс. Әр мемлекет оны өз бетінше шешіп келеді», деді А.Соспанова.

Аталған мәселені шешудің амалы ретінде отандық мамандар елімізде маневрлік қуат көздерін дамытуды көздеуде. Осы бағытта жауапты орган аукцион өткізуді жоспарлап отыр.