Аймақтар • 07 Наурыз, 2021

Қостанай қазақ театры көрермендерімен қайта қауышты

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры ұзақ үзілістен кейін қайта шымылдығын түрді.

Қостанай қазақ театры көрермендерімен қайта қауышты

Карантиннің құрсауы жібіп, мәдени нысандар  ұзын арқан, кең тұсау тіршілікке көшкелі тынымсыз дайындыққа кіріскен театр ұжымы наурыздың басында көрермендеріне «Өтелмеген парыз», «Сыған серенадасы», «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» атты үш бірдей жаңа қойылымды ұсынып отыр.

Қазақ театры 4-5 наурыз күндері қауіпті індеткеқарсы алдыңғы шепте күрескен дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін, волонтерларды театрға шақырып тегін спектакль көрсетті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер жалпыұлттық марафонын»  ұсынған болатын. Біз осы жоба аясында екі күн бойы «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын қайырымдылықспектаклі ретінде тегін қойып, пандемияға қарсы күрескен қаһармандарға деген өз сый-құрметімізді білдірдік, - деді театр басшысы Әлімхан Мырзахан.

6-наурыз күні театрда Төлен Әбдіктің «ҚызБәтіш пен Ерсейіт» повесінің желісімен қойылған «Өтелмеген парыз» драмасының тұсауы кесілді.

- Жазушының бұл повесі өткен ғасырдың 60-шы жылдары жазылған.

Соған қарамастан күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған шығарма. Қазақ пайымында қыздың абыройы  - елдің абыройы. Ал бүгінгі қоғамда көптеген қаракөздеріміздің ар-абыройы табан астында тапталып қалып жататыны жасырын емес. Осы мәселе көптен бері жанымды жегідей жеп маза бермей жүрген. Бүлінген тағдырдың обалын арқалаған Болатжанның мезгілсіз өлімі, жалғыз ұлынан айырылып аңырап қалған Қожабек қарияның трагедиясын ашып көрсететін Төлен Әбдіковтың повесін оқыған соң,  бұл драманы қоя алмай тұра алмадым, - деді театрдың көркемдік жетекшісі Баатырбек Мырзахан.

Ең бастысы, қойылым көрермен көңілінен шықты. Расымен де, сахнада өтіп жатқан өмір көріністері шынайы әрі әсерлі. Ең артқы қатарда отырған соң байқап отырдық, ақ жаулықты аналардың көбі әлсін-әлсін көз жасын сүрте берді. Әртістердің бейне сомдау шеберлігі де ерекше. Оқиғалар желісі де соншалықты жинақы, үйлесімді. Қойылым аяқталған соң көпшілік әртістерді сахнадан жібермей ұзақ қол шапалақтап тұрып алды.    

Премьераға келген көрермендердің қатарында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов та отырды.

- Біріншіден, біздің жерлесіміз, қазіргі қазақ әдебиетінің төрінде

отырған абызы Төлен Әбдік сынды қаламгердің осы бір шығармасы Қостанай театрында сахналануының өзі біз үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Әртістердің үлкен жұмыс атқарғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл қойылымның толық нұсқасы алдағы уақытта облыстық телеарна эфирінен беріледі. Қойылымның тұсаукесері халықаралық әйелдер мерекесімен тұстас келіп отыр. Сондықтан осындағы ақ жаулықты аналарымызды, апа-қарындастарымызды мерекелерімен құттықтаймын! – деді басқарма басшысы.

Қостанай қазақ театры 7-8 наурыз күндері, халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, көрермендеріне Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын тарту етпек. Ал 12-наурызда «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы» драмасының тұсаукесері өтеді.

 

Қостанай облысы