Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров, Болатхан Тайжанның жұбайы мен ұлы, профессор М. Сүлейменов, дипломат Х. Омаров, ҚазҰТУ проректоры У. Сыдықов және ҚР СІМ өкілдігінің басшысы Е. Ысқақов қатысты. Әкімнің орынбасары Е.Бабақұмаров өз сөзінде қоғам қайраткері Болатхан Құлжанұлының қоғамымыздың саяси мәселелерін қалыптастыру мен шешудегі маңызды рөлін және оның еңбегін мемлекетке сіңірген еңбегі жайында айтып өтті. Б.Тайжан көп жылдар бойы төтенше және өкілетті елші болып қызмет етті. Бүгінде Алматыда Болатхан Тайжан атындағы көше бар.
«Өз халқына адал болған арда азамат ұзақ жылдар дипломатия саласында еңбек етті. Өз ісін жақсы білетін әрі Қазақстан үшін көптеген игі іс жасаған Болатхан Тайжан ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында халықаралық байланыстардың жолға қойылуына зор еңбек сіңірді. Мысалы, Йемендегі консулдық қызметінде, Мысырда Елші болған кезінде Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың нығаюына көп күш-жігерін арнаса, Египетте Абай атындағы көшенің ашылуына қол жеткізді. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына кіруге қосқан еңбегі орасан. Осы конференция аяқталған сәтте Қазақстанды осы қуатты да танымал ұйымның мүшесі болып жариялануы туралы көп әңгімелеген болатын. Қай елде, қай жерде болмасын, ол әрқашан біздің тәуелсіздігіміздің игілігі үшін қызмет етті», - деп атап өтті профессор М.Сүлейменов.