Білім • 10 Наурыз, 2021

NIS желілік олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

493 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі осы жылғы желілік олимпиадада NIS-тің абсолютті чемпионы болып, жас білімпаздар екі рет жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді, деп хабарлайды Еgemen.kz

NIS желілік олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

Биылғы жылы Назарбаев зияткерлік меткептерінің желілік олимпиадасы алғаш рет қашықтан өтіп отыр. Онлайн олимпиадаға химия, биология, информатика, физика, математика, география, тарих, құқық негіздері пәндері бойынша қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс тілінен 700-ден астам оқушы қатысып, білімдерін сарапқа салды. Бұл желілік олимпиада  білім деңгейін көрсетуге ғана емес, ғылымның әр саласындағы соңғы жаңалықтар мен трендтер жайында пікір алмасуға арналған табысты алаң. Әділқазылар алқасының құрамында әр жылдары республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, бүгінде  жоғары оқу орындарының үздіктері болып жүрген Дияр Туленов, Даниил Мельниченко, Әбілмансұр Мүжүбаев пен NIS-тің өзге де түлектері бар.

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS математиктері – Арсен Нәрік, Альдинаш Сейтенов, Таир Сатубалдин, информатиктер – Амир Нуриев, Олжас Мусалимов, Мухаммадариф Сахмолдин, Медет Джумадильдаев, физиктер – Дамир Аленов, Ерсултан Пітебай, Сырымхан Нуриддин, филологтар – Еликай Атабаева, Аяулым Мұқан, Искандер Сагинбек бірінші І орынға ие болды. Елордадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің оқушысы Егор Кожин олимпиада жайындағы әсерлерімен бөлісіп, күрделі кезеңге қарамастан,  олимпиадашылар өз білімдерін көрсетуге және жетістікке қол жетуге мүмкіндік алып отырғандығын айтады.

Өз әсерлерімен бөліскен қатысушылар аға буынның, ата-әжелері мен ата-аналарының жауапты бәйге алдында берген баталары айрықша тұмарға айналғанын атап өтті. Тараздағы NIS оқушысы Бекболат Жангерейдің айтуынша, жауапты жарыс алдында үйдегі үлкендердің қолдауы жігер мен сенімділік сыйлап қанай қоймай, үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген Нұр-Сұлтандағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі командасының мүшесі Евгений Югай  алты жасынан бастап қазақша сөйлей бастаған. Евгений Ұлы дала тарихы мен мәдениеті туралы кітаптарды көп оқиды. Тілді жетік меңгеру үшін күш пен уақытын аямайтын Евгений  бүгінде корей тілін үйреніп жүр.

Ал Тараз қаласындағы зияткерлік мектептен Аружан Жақсылық, Аружан Досходжаева, Аружан Нұрманова ағылшын тілі секциясында бас қосты. Есімдерінен бөлек олардың қызығушылықтары ортақ. Оған оқушы қыздардың IELTS емтиханынан жоғары нәтиже көрсетуі дәлел болады. Аружан Досходжаева мен Аружан Нұрманова 7,0 баллдан жинаса, Аружан Жақсылық аталған пән бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысуға ден қойған. «Волейбол ойынында «жеңіске жету алгоритмінің» математикалық есептеулері» ерекше жобасы үшін оқушылар арасындағы республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында  І орынды иеленген.

 NIS-тің биылғы жылғы желілік олимпиадасы қатысушылар үшін ерекше жағдайда өтті. Ендігі кезекте жас білімпаздарды жаңа белес – республикалық олимпиада додасы күтіп тұр.

Соңғы жаңалықтар