Тасқа қашалған тарих та, көнекөздерден жеткен дәйекті дерек те ерте заманның өзінде қазақ жерінде іргелі мемлекет болғандығын әйгілеп қана қоймай, оның өз уақытына лайық шаруашылығы, терең мәдениеті бар екенін көрсетті. Ешкімге дес бермеген, ешнәрсеге мойымаған халқымыз бертінде тап болған бодандықтың бұғауынан босап, еркіндік туын қайта қолға алды. Ендеше, бұл бағытта аңсап жеткен азаттықтан ешқашан ажырай алмасымыз анық. Бірлігі бар елдің іргесі берік болатынын ілгері заман әйдіктеді. Біз жаңа дәуірдің табалдырығын еңсемізді көтеріп аттадық.
Тәуелсіздігімізді табандап отырып, айдай әлемге таныту барысында атқарылып жатқан ұшан-теңіз міндеттердің бар екенінен халық хабардар. Бұл орайда тағы да Елбасының еліне ұсынған еңбегін, оның идеялық бірлік хақындағы тұжырымдамаларын баса айтуға тиіспіз. Солардың бірі – «Мәдени мұра» бағдарламасы. Аталмыш жоба ел ішінде жүріп жатқан мәдени процестер мен жүзеге аса бастаған рухани реформаларға сергек қарауымызға жәрдемдесті. Бұл қордаланып жатқан қария қағаздарды қайта парақтап, жазба байлығымызды жаңа биікке көтерді. Кешегі алыптардың жүріп өткен жолы санамызда дүмпу жасады.
2004-2011 жылдары аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен іске асқан мемлекеттік бағдарлама үш кезеңмен жүзеге асты. Тарихи-мәдени мұра игіліктерін сақтау, қорғау, жинақтау, таныту бағытында қарқынды істер атқарылып, тарих тұңғиығының жаңа деректері анықталды. Олар жоғымызды түгендеумен шектеліп қана қойған жоқ, барымызбен мақтануымызға тұтқа болды.
Жарқын жоба алдымен халықтың тарихи санасын тереңдетіп, жаңаша ой түзуге жәрдемдессе, екіншіден осы бағыттағы ғылыми-мәдени ізденістерге мемлекеттік тапсырыс ретінде басым мағына берілді. Осыған орай ғылыми-зерттеулерге қыруар қаржы бөлінді. Бұл тәуелсіз еліміздің рухани жетілуіне құйылған үлкен инвестиция еді.
Ұрпақ жадында аты өшкен алыптардың қай-қайсысы, тіпті заңсыз ұмыт болғандардың да аруағы ұлықталды. Әрқайсысы туралы айтылған, жазылған ауызша, жазбаша деректер мен шығармалар, зерттеу еңбектері көптеп шығарылды. Көркем фильмдер, бейне туындылар, сахналық қойылымдар жарық көрді. Шежірелік нұсқалар басылып, қазірде сұрыпталып жатыр. Ғылыми ізденістер өрістетіліп, соған сай археологиялық, археографиялық, этнологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, Ғылым академиясының сессиясы, көптеген ғылыми, практикалық конференция өткізілді.
«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын жүйелендіру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынып, еліміздің 100 мыңнан аса тарихи-мәдени маңызы зор ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Тіпті сол ілкімді істер бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
Атап айтсақ, Алматы облысындағы Жаркент мешіті, Тамғалы петроглифтері, Бесшатыр кешені, Есік қорғандары, Жамбыл облысындағы Ақыртас сарай кешені, Құлан, Ақтөбе қалашықтары, Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасының хан ставкасы кешені, Семей қаласындағы бір мұнаралы және екі мұнаралы мешіттері, Шығыс Қазақстан облысындағы Жидебай-Бөрілі кешені, Түркістан облысындағы Тұрбат ауылының сәулет-діни кешені, Қожа Ахмет Ясауи және Арыстан баб кесенелері, Баба ата сарай-қамал кешені, Айша бибі, Қараман ата кесенелері, Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясы және басқа да тарихи жәдігерлер.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шет елдерде де қазақ халқының тарихына, мәдениетіне қатысты тарихи-мәдени объектілерге тиісті жұмыстар жүргізіліп, қазақтың ұлы тұлғаларын есімін ұлықтау шаралары жүзеге асырылды. Мәселен, әр жылдары Мәскеу қаласында Абай ескерткішін орнату және аумағын көріктендіру, Минск қаласында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге стела орнату, Дамаск қаласында әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығын салу, Дамаск қаласында Сұлтан Бейбарыстың кесенесі мен Каир қаласында Сұлтан Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту, Монғолия аумағында табылған көне түркі руникалық тас жазбаларының көшірмесін дайындау, Өзбекстан аумағындағы Әйтеке би кесенесін зерттеу және қайта жаңғырту жобалары іске асырылды.
Қазақстан аумағындағы ежелгі қалашықтар мен қоныстарға және қорғандарға, 40-тан аса археологиялық объектілерге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оған Бозоқ, Қойлық, Талғар, Есік, Сауран, Отырар, Сарайшық, Сығанақ, Жанкент, Қарамерген, Берел, Шілікті қалалары мен қорғандары және обалары, Ақыртас тарихи-мәдени кешені дәлел бола алады.
Аталған археологиялық зерттеулер нәтижесінде ежелгі көшпелілер мен отырықшы халықтардың сәулет өнері, құрылыс ісі, жерлеу дәстүрі, діни-мифологиясы жайлы құнды ақпарат беретін бай материалдар табылды. Сақ қорғандарынан табылған әшекей заттар мен зергерлік бұйымдар б.д.д. IV-III ғ.ғ. көшпелілердің мәдениеті туралы қосымша мәліметтер берді. Ондағы ат әбзелдері салынған қыран, стильдік өрнек, сфинкс бейнесі ежелгі дәуірден енші болып жеткен ескерткіштей көзге ыстық көрінеді.
Қазақ халқының мәдени мұрасындағы тарихи маңызы бар қолжазбаларды, жәдігер басылымдарды, кітаптар мен архивтік құжаттарды табу және сатып алу үшін алыс және таяу шетел қалаларының архивтері мен кітапханаларына ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру жобасы қолға алынды. Осы ретте Қазақстан тарихына байланысты бағалы деректер сақталған Армения, Мысыр, Түркия, Мажарстан, Ватикан, Франция мемлекеттерінің архивтеріне экспедициялар ұйымдастырылды.
Жоғарыда аталған кітапханаларға жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ежелгі малшылардың шаруашылық жүргізуі, халықтардың мәдени-шаруашылық әдет-ғұрыптары, Қазақстан мен Орталық Азияның жем-шөп ресурстары мен өсімдіктері, аталған аймақтағы көршілес көшпелі халықтардың өзара қарым-қатынасы мен тілдік байланысы туралы көптеген тарихи әдебиеттер табылды.
Орталық Азияның көшпелі халықтары мен қазақтардың антропологиялық ерекшеліктері туралы әдеби жазбалар елді сүйіндірді. Түстеп кетсек, В.Гинсбург, Г.Дебец, М.Левин, Н.Чебоксаров еңбектерінде қазақтардың антропологиялық типтерінің шығу проблемалары жазылған. Бұл байырғы халықтардың бүгінгі келбетін қалыптастыруға жол салды.
Францияның Париж қаласындағы Ұлттық кітапхана қорынан Орталық Азияның көшпелі халықтарының тарихы мен этнологиясы жөнінде 300-ге жуық еңбек табылды. Сонымен қатар Ватиканның Апостоликалық кітапханасында, Римнің Ұлттық орталық кітапханасында, Францияның Ұлттық кітапханасында іздестіру жұмыстары жүргізілді. Үздіксіз ізденістердің нәтижесінде Ғұйық хан, Абағи хан, Арғын хан туралы құнды деректер жолығып, арғы тарихтың кәдесіне жарар мағлұматтар легі толысты. Қадым замандардың құпиясын ашқан қолжазбалар руханият теңізіне өзен болып құйды.
Архив саласындағы сарапшылар Арменияға М.Мащтоца-Матенадаран атындағы ғылыми-зерттеу институтына, Ұлттық архив пен Хыпчахаванак монастрының архивіне (Харич қаласындағы Қыпшақ монастры) жасаған экспедициялары нәтижесінде ХІV-ХV ғасырларға жататын қыпшақ қолжазбаларын тапты. Олар: «Тарихи-Надири» (1700 ж), «Галамарин Габбаси» (1616 ж) және т.б.
Мәдениет және спорт министрлігінің ғылыми-зерттеу мекемелері ұлттық мәдениетімізде айрықша орын алатын қолданбалы, тарихи-мәдени, сәулет және археологиялық ескерткіштерге ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Соның негізінде «Қазақ халқының тарихи антропологиясы» атты монография басып шығарды.
Бұл еңбекте Қазақстанның ежелгі және қазіргі тұрғындарына кешенді антропологиялық зерттеулер жүргізілген. Ұлы даланы мекендеген ежелгі қоныстанушылар мен қазіргі қазақтардың арасындағы 40 ғасырға созылған үзілмес антропологиялық даму мен генетикалық тұқымқуалаушылық туралы дереккөздер бар.
Сонымен қатар орталық мұражай «Этнографиялық атаулардың дәстүрлі жүйесі, қазақтарда олардың санаты мен түсінігі» атты тарихи-этнографиялық сөздігінің 3 томын құрастырды. Бұл сөздікте қазақтардың дәстүрлі мәдениетінің негізгі құрылымы туралы айтылады.
Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл облыстары бойынша ескерткіштер жинағы дайындалды. Тарихи тұлғаларға арналған жаңа бюсттер бой көтерді.
Ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиет басылымдарының серияларын дайындау жұмыстары жүйелі түрде жалғастырылды.
Жарқын жоба аясында 89 кітап жарық көрді. Жеті жыл ішінде «Бабалар сөзі» сериясының 5 томы, «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ музыкасының антологиясы», «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы», «Экономикалық классика» серияларының 5 томы, «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясының 12 томы, «Әлемдік философиялық мұра» сериясының 4 томы, «Қазақтар құқығының ежелгі әлемі», «Қазақ тілінің этимологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы» сериялары 2 томнан басылып шықты. «Қазақстанның археологиясы» атты кітап-альбом оқырмандарға ұсынылды. Бұл игі бастамалар әлі де жалғасын табуда.
Еліміздің мәдениетін халықаралық деңгейге көтеру мақсатында 2006 жылдың 19 сәуірінде Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл іс-шарада ұйымдастырушылар еуропалықтарға қазақтың ерекше ұлттық мәдениетін, рухани және ағартушылық саласының дамуын көрсетті. Жан-жақтан келген көрермендер еліміздің тарихи-мәдени мұраны сақтау мен пайдалануды қамтамасыз етудегі қаракетіне қайран қалды.
Музей саласындағы жетістіктерімізбен Ресей, АҚШ, ҚХР, Франция, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания сияқты ірі мемлекеттерді таныстырып, бабаларымыздан қалған мираспен әлемді қызықтырдық. Бұл – тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең ізгі бастамалар.
Елордада Ресейдің Мемлекеттік Эрмитажы қорынан көрме ұйымдастырылып, Третьяков галереясының жауһарлары көрсетілді. Бұл сол тұста қала тұрғындары үшін айтулы оқиғалардың бірі болды. Сондай-ақ Қазақстанның тарихын, мәдениетін дәріптеу мақсатында Американың бірнеше қаласында «Қазақстан көшпенділері: алтын мен күміс» көрмесі, «Наурыз-2006» мейрамын мерекелеу аясында Ресейдің «Манеж» Орталық көрме залында республикалық музейлер және кітапханалар қорларынан «Қазақстан» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» реконструкциясы, Берел қорғанынан археологиялық қазбалар және XVIII-XX ғасырлардағы қазақ шеберлерінің сәндік қолданбалы және зергерлік әшекейлік өнер бұйымдары қойылды.
2006-2007 жылдары Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бастамасымен Ташкент, Душанбе қалаларында қазақстандық шеберлердің бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер туындыларынан көрмелер ұйымдастырылды. Мысырдың Александрия кітапханасында Қазақстанның тарихи және қазіргі заман жазба мұралары насихатталды. Германиядағы «Алтын таңбалы скифтердің патшалық қорғандары» атты көрмеде қазақтың ерте заманғы алтындары көрсетілді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІ съезінің ашылуына орай «Сақ қорғандарының жауһарлары», «Сирек басылымдар кітапханасы», «Қазақстан музейлерінің қорынан бейнелеу өнері жауһарлары», «Қазақстанның археологиялық және жаңғыртылған ескерткіштері» көрмелері ұйымдастырылды. Мұнын бәрі атқарылған ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Мәдениетіміздің өрістеуіне негіз болған айтулы жоба әлі де өз жемісін беріп келеді.
Әлем біздің мәдени жауһарларымызға осылайша қанықты. Тарихи танымымызға бойлап, ежелден дәстүрлі мәдениетіміздің бар екендігіне көз жеткіздік. Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің рухани жаңғыруына жасалған үлкен жоралғы болды.