Мәжілістің кезекті жалпы отырысында күн тәртібіндегі заң жобаларымен қатар елдегі бюджеттен тыс қорлардың әкімшілік шығынын тексеру мәселесі көтерілді. Депутат Аманжан Жамалов Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында 2020 жылы бюджеттен тыс қорларға қазақстандықтар 1,8 трлн теңге аударғанын айтады.
«Қазір бюджеттен тыс қорлардың шығыны Парламент пен Есеп комитетінің бақылауында емес. Мәселен, 2019 жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығыны 5,8 млрд теңгеден асты. Қызметкерлердің жалақысына 4,4 млрд теңге жұмсалған.Егер аталған құрылымда жұмыс істейтін 850 қызметкерге бөлетін болсақ, әр маман 434 мың теңге жалақы алады деген сөз. Ал бұл елдегі орташа жалақыдан
2 есе көп», деді А.Жамалов.
Депутаттың айтуынша, мұндай мәселе басқа да қорларды айналып өтпеген. Мысалы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 2019 жылдағы әкімшілік шығыны 11,8 млрд теңгені құраған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры болса ол үшін 1,9 млрд теңге қарастырған.
Nur Otan фракциясының депутаттары бюджеттік емес қорлардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін олардың шығыны туралы ақпарат қолжетімді болуы керектігін алға тартады. Сонымен бірге 2023 жылға арналған Жол картасы бойынша, Ұлттық экономика, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктері мен Ұлттық банкке бюджет жоспарлау бойынша есеп жүргізу қажеттілігін ескертті.
Отырыста «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасының қорытындысына қатысты мәселе көтерілді. Бұл жөнінде баяндама жасаған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан 1994 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттама 2018 жылғы 9 қарашада Петропавл қаласында жасалғанын еске салды.
«Хаттаманың мақсаты – екі ел үкіметтері арасындағы жасалған шарттың 4-бабына Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту бойынша өзгеріс енгізу. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға, ол бойынша 2021 жылғы 5 қазанға дейінгі мерзімде қорытындыны әзірлеуге дайын», деді депутат.
Сонымен отырыста Мәжіліс «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.
Одан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Құжатты таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 2019 жылы қол қойылған құжат екі ел азаматтары туралы ақпарат алуға, көші-қон саласындағы қылмыспен күресуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Нұрлан Нығматулин заң жобасын талқылау кезінде осыдан бір апта бұрын Қырғыз Республикасының Президенті елімізге мемлекеттік сапармен келіп, қос мемлекет басшыларының екі елдің аумағы арқылы азаматтар мен көліктердің еркін қозғалысы мен транзиті үшін келісілген шаралар қабылдаудың маңыздылығы туралы айтқанын атап өтіп, «Бұл заң жобасы екі ел үшін де өте маңызды. Себебі біздің мемлекеттеріміздің өзара әріптестігі барлық салада өте тығыз. Мысалы, былтыр Қырғызстаннан біздің елімізге 250 мың азамат келген болса, ал Қырғыз еліне Қазақстаннан 175 мың азамат барған. Мәселені нақтылап айтқанда, елдеріміз арасындағы көші-қон мәселесін дұрыс реттеу үшін осы келісімді ратификациялап отырмыз», деді Мәжіліс Төрағасы.
Палата Спикерінің айтуынша, аталған келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонға қарсы күресте екі ел ынтымақтастығының, көші-қон процестерін реттеудің, қос азаматтық фактілерінің жолын кесудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Палата депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжат нормаларын талқылау барысында депутаттар осы саладағы заңсыз айналым үшін жауапкершілік бөлігінде заңнаманы үйлестіру туралы мәселе көтерді.
Құжатқа қатысты баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов заң қабылданса, Қазақстанда дайындап шығарылған асыл тасты бұйымдарды Одаққа мүше елдерде қайта сынау қажеттілігі болмайтынын хабарлады.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанда бағалы металдар мен тастардың заңсыз айналымы үшін баптар қылмыстық сипаттан арылтылған, ал Ресей мен Беларусь елдерінде осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынына назар аударды.
– Бізде тек қана әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірақ құнды металдарды ұрлау мен олардың заңсыз айналымы төмендемей отыр. Керісінше, олардың саны жылдан-жылға өсіп жатыр, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, мысалы, тек «Қазақ Алтын» кәсіпорнында 2015-2020 жылдар аралығында 32 мыңнан астам заңсыз іздеуші ұсталған. 2019 жылдың ақпан айынан бастап 2020 жылдың қыркүйек айына дейін 5 722 заңсыз іздеуші ұсталып, полицияға тапсырылса, олардың 80%-ы қайтадан қылмыс жасапты. Нұрлан Нығматулин қылмыскерлерге әкімшілік қамау да, айыппұлдар да тосқауыл бола алмай отырғанын айта келіп, заңсыз іздеушілерді тоқтатуда ескі тәсілдің нәтижесіз екенін тәжірибе көрсетіп отырғанына назар аударды. Мысалы, сарапшылардың бағалауы бойынша бізде заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна келеді. Мәжіліс Төрағасы заңсыз әрекеттерге қарсы түрлі шара қабылданып жатқанымен тиісті нәтиже бермей отырғанын айтты. Осыған орай, құзырлы орган өкілдеріне жазаны күшейтуге қатысты нақты ұсыныстар қажеттігін және ол депутаттар тарапынан қолдау табатынын ескертті.
Айта кету керек, келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктерін айқындайды. Сондай-ақ заңды тұлғалардың және дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалардың бағалы металдар және асыл тастарға қатысты операцияларды жүзеге асыру жөніндегі қызметіне байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.
Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары А.Жамалов, А.Милютин, Е.Смайлов, А.Перуашев, А.Жұмабаева, Ж.Ахметбеков, С.Решетников, Е.Смышляева, А.Сембинов, М.Тажмағамбетова, Ш.Осин, А.Қоңыров, Е.Абақанов, З.Камасова, А.Бердалин мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады.