Аймақтар • 11 Наурыз, 2021

Жетім курсанттың жазығы не?

1875 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әр қазақстандықтың патриот болуы елдің, мемлекеттің нығаюына бастайды. Жас ұрпақтың бойында ұлтжанды, отаншылдық сезімді тәрбиелеу аттан салып, жалаулатқан айқаймен емес, күнделікті адамгершілікке суарылған кішкентай істерден басталады.

Жетім курсанттың жазығы не?

Ішкі істер саласында 34 жыл қызмет істегенде, соның ішінде 2014-2019 жылдар аралығында Ішкі істер министрлігінің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын басқарған кезімде жастардың құқығын, әсіресе әлеуметтік құқығын қорғау тәрбие басы екеніне көзім жеткен. Мен академияға оқуға түскен жігіттер мен қыздарға «Полицейлік мамандықты не үшін таңдадым?» деген тақырыпқа эссе жаздырып алатынмын. Жеке архивімде Қостанай академиясының түлегі Татьяна Водолазкинаның оқуға түскенде жазған жазбасы сақталыпты. «Мен Қостанай Балалар үйінде тәрбиелендім. Мені асыраған мемлекетіме ризамын, тамақ-киім – бәрі мен үшін тегін болды. Өскенде тәртіп сақшысы болып, адамдардың құқын қорғауды бала кезден армандадым. Академияда білім алу –
мен сияқты жетімдер үшін тиімді деп ойлаймын. Өйткені мұны бітіргенше мен 4 жыл тағы да мемлекет қамқорлығында боламын, сосын қызметке орналасамын. Өзіме қамқор болған мемлекеттің болашағына қызмет етіп, Отанымның мақтанышына айналсам деп армандаймын» деп жазады Татьяна. Мұны жазғанда әке-шешенің мейіріміне зар боп өсіп, мемлекетті паналаған жетім қыз өзінің құқығы әлі толық жүзеге аспайтынынан хабарсыз болатын...

Татьяна – тұлдыр жетім. Қостанай академиясына түскендегі жинаған балл көрсеткішінің жоғарылығын ескеріп, оны Ішкі істер министрлігі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы келісім негізінде Ресейдің ІІМ Краснодар университетіне оқуға жіберді. Қазір Т.Водолазкина ресейлік оқу орнының үшінші курсында оқып жүр. Осы жетім қыздың өз мемлекетіміз тарапынан да, шартқа сәйкес Ресей жағынан да бір тиын да әлеуметтік көмек алмағанын айтпақпын. Өйткені еліміздегі әлеуетті құрылымдар оқу орындарында білім алып жүрген жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын жас тек Татьяна емес. Өзім Қостанай академиясына басшылық еткен жылдары сол білім ордасында 14 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан шыққан курсанттар оқыды. Мен әрқайсысы бір-бір қилы тағдыр иесі курсанттардың жағдайын білген соң, 2017 жылы қараша айында олардың әлеуметтік құқығын қорғау мәселесін және оны заңдастыру ісін қамтамасыз ету жөнінде Ішкі істер министрлігіне хат жазып, онда «ҚР ішкі істер органдары қызметкерлеріне ақшалай ризықты, жәрдемақыларды және өзге де төлемақыларды төлеу қағидаларын бекіту туралы» ІІМ 2014 жылдың 14 қарашасындағы №808 бұйрығына өзгеріс енгізуді ұсынған едім. Сол хаттан кейін тиісті орындарға тағы бес-алты хат жаздым, алайда, оларға жауап берілгенімен, ұсынысым қолдаусыз қалды.

Менің алғашқы хатыма Ішкі істер министрлігі Кадрлармен жұмыс департаментінен келген жауапта жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан шыққан курсанттарды Үкіметтің 2012 жылғы 12 наурыздағы «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» № 320 қаулысымен бекітілген нормаға сәйкес тамақпен, киіммен, аяқ киіммен және жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз ету министрліктің бюджетінде қаралмағандығы айтылған. Сонымен қатар департамент басшылығы бұл санаттағы азаматтардың әлеуметтік шығыны білім беру саласындағы мемлекеттік оқу орындарының сұранысы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде ескерілуі керек деп ысыра салды.

Жауап осылай екен деп, біз де қарап отырмадық, «жетімнің ризығы – жұрттан» деген қағиданы ұстанып, әрі қарай іздендік. Еліміздің Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетовке жазған хатымыз Білім және ғылым министрлігіне қарау үшін жіберілген екен. Осыған орай, өткен жылы маусымда вице-министр Б.Асылова: «Жалпы талдау көрсеткендей, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан шыққан ҚР ІІМ оқу орындарының курсанттарына көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау білім беру ұйымдарының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан шыққан студенттеріне көрсетілетін әлеуметтік көмекпен бірдей. Осыған байланысты министрлік қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді орынсыз деп санайды» деп жауап берді.

Біздің шарқ ұрып көтеріп жүрген мәселемізді Б.Асылова ханымның өзі дұрыс түсінбегендей әсерде қалдық. Әңгіме Ішкі істер министрлігінің оқу орындарында оқитын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы курсанттарға берілуге тиісті әлеуметтік көмектің мөлшерінде, түрінде емес, еліміздің заңында айтылған, Үкімет қаулысында белгіленген мәселенің шешімін таппағандығында, яғни осы әлеуметтік көмекті алуға тиісті курсанттардың одан құрқол қалып отырғандығында емес пе еді?

Екінші хатымызға жауапты 2020 жылғы 7 шілдеде ІІМ Қаржымен қамтамасыз ету департаментінің бастығы Р. Тұрсынбаев жазыпты. Ол хатта «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысында көзделген киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз ету нормалары қайта қарауды қажет ететінін айта келіп, сатып алынатын киім мен аяқ киімнің орнына өтемақы беру орынды екенін айтады. Ішіңді жылытатын осы жауабының соңын автор «алайда, аталған қаулыда өтемақының мөлшері мен оны айқындау тәртібі белгіленбеген» деп, мәселені тығырыққа тіреп қояды.

Біз үшінші хатымызға жауапты Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің өзінен алдық. Министр мырзаның жауабы министрліктен осыдан бұрын алған жауабымыздан алыс кетпеген. «ҚР Ішкі істер министрлігі оқу орындарының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан шыққан курсанттары мен оқу орындарында оқитын студенттерге мемлекеттік әлеуметтік қолдау бірдей, олардың ешқайсысының да құқықтары бұзылмайды» деген уәж айтады ол. Онсыз да тағдырдан теперіш көрген жетімнің нәпақасы дұрыс болсын деген оймен министрліктерге жолдаған келесі хатымызға жауапты 2020 жылдың 10-шы шілдесінде тағы да министр А.Аймағамбетов беріп, онда Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 14 қарашадағы № 808 бұйрығын Үкіметтің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысына сәйкес келтіру үшін Ішкі істер министрлігіне жүгінуге құқылы екенімізге кеңес бергендей болыпты. Яғни Білім және ғылым министрі Ішкі істер министрлігі өз ауласындағы істі шарбақтан шығармай, өзі шешсін деген пиғылын білдірді. Білім және ғылым министрлігінің жанында Балалардың құқын қорғау жөніндегі комитет бар емес пе? Жетім балалар ІІМ оқу орындарына 17 жасында оқуға түседі. Мұны сол комитет неге қарамайды, ескермейді?

Жағдайымыз жығылып, күреске тоймағанның халіндей болған біз келесі бесінші хатымызға тиісті жауапты Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтан алдық. Министр хатында Ішкі істер министрлігі қазіргі уақыт жағдайын ескере отырып, Білім және ғылым министрлігінің атына Үкіметтің
2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысына әлеуетті құрылымдардың оқу орындарында білім алып жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан шыққан курсанттарға берілетін киім, аяқ киім, жұмсақ мүкәммал мен жабдықтардың орнына ақшалай өтемақының белгілі бір мөлшерін белгілеуге қатысты өзгерістер енгізу туралы республикалық бюджет комиссиясына ұсыныс жолданғандығын мәлім етіпті.

Министрдің осы мәлімдемесіне сенімімнен гөрі оның арты сиырқұйымшақтанып кетеді-ау деген күдігім басым. Себебі біз айтып отырған мақсатқа қосымша қаржы республикалық бюджеттен табыла қояр ма екен?

Осы уақытқа дейін Ішкі істер министрлігінің оқу орындарында курсанттарға берілетін нысанды киім мен жұмсақ мүкәммалдарды әлеуметтік көмекке жатқызып келеді. Бұл жоғарыдағы министрліктер берген сырғытпа жауаптарда да көрініс береді. Нысанды киімнің сыртында тұлдыр жетімнің басқа да қажеттілігі бар емес пе? Өйткені нысанды киім ІІМ оқу орындарындағы курсанттардың барлығына тиесілі, ал әлеуметтік көмекте жетім баланың күнкөрісіне қажетті заттар мен киімге назар аударылады. Еліміздің Ішкі істер министрлігі өзі оқуға жіберіп отырған РФ ІІМ Краснодар университетінің 3-курс студенті Т.Водолазкинаның 2020 жылғы 22 маусымда берген анықтамасында, оған Қазақстан Республикасы білім алу кезеңінде жетім балаларға арналған шығыстарды толық қамтамасыз етпейтінін көруге болады. Ол мұндай құқыққа Ресей Федерациясынан да ие болмаған. Жетім қыз қазір коронавирус нәубетіне байланысты карантин кезінде оқуына бара алмай, Қостанайда пәтер жалдап тұрып жатыр. «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» шартта курсанттың тамағы мен тұратын орнының ақысын, оқу мен оларды ұстау ақысын қабылдаушы тарап, яғни Ресей өз мойнына алатыны айтылғанымен, оның ешқайсысы орындалмаған, яғни жетім курсанттың құқығы екі жақтан да бұзылғанын байқаймыз.

Жетім баланың әлеуметтік құқығының бұзылуы туралы азаматтық іс Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық сотында өткен жылы қаралып, жыл соңында аяқталған болатын. Бірақ сот Т.Водолазкинаның Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы талап-арызын сот отырысына қатысқан прокурордың «талап-арыздағы 2018-2020 жылдар аралығында ақшалай өтемақы ішінара қанағаттандырылуға жатады және өндірілсін» деп қорытынды беруіне қарамастан, қанағаттандырмады.

Сонымен, министрліктерге жетімнің құқығын қорғап хат жазудан біз де шаршамадық, сырғытып жауап жазудан олар да жалықпады. Бірақ жетімнің конституциялық құқығы іс жүзіне асқан жоқ. Әділдік іздеп жүгінген сот та жетімнің дауысын естімеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады. Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді» деп атап көрсетті. Министрліктердің біздің көтерген мәселеге жете мән бермей, қақпақылға салуы Президент айтып отырған құлықсыздық пен бейқамдықты айғақтамай ма?

Айтпақшы, еліміз Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысында жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек оқу орындарының меншік формасына қарамастан, барлығына бірдей берілуі керектігі айтылған. Ал Татьяна Водолазкинаның «Астана» университетінде оқитын сіңлісі Екатерина Водолазкина әпкесі талап еткен әлеуметтік жеңілдіктердің барлығын алады. Екеуі де тұл жетім апалы-сіңлілердің айырмашылығы – Татьянаның Ішкі істер министрлігінің оқу орнында курсант, ал сіңлісінің азаматтық жоғары оқу орнының студенті екенінде ғана. Мұны қалай түсінуге болады?

 

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,

запастағы полиция генерал-майоры

 

ҚАРАҒАНДЫ