Қазақстан • 11 Наурыз, 2021

Мемлекеттік сатып алу – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту факторы

994 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында: «Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай
35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек», деді. Президент сол жолғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оның ахуалы қандай болса – халықтың жағдайы да сондай. Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын», деп Жолдаудағы тапсырмасын пысықтады.

Мемлекеттік сатып алу – шағын және орта  кәсіпкерлікті дамыту факторы

Осы жерде ШОБ-ты қолдаудың әлем­дік тәжрибесіне аз-кем тоқтала кеткім келеді. Шағын және орта бизнесті қол­даудың әлемдік тәжрибесі дегенде, қатып қалған формула жоқ. Бірақ әлемде ШОБ-ты қолдауда біртұтас қалыптасқан ортақ жүлге бар. Ал басқа қолдау шаралары осы жүлгенің аясында әр мемлекет өзінің ерекшелігіне қарай әр түрлі форматта жүзеге асырады. Атап айтқанда, әлемде дамыған елдерде ШОБ-ты қолдаудың бірнеше маңызды аспектісі бар:

Бірінші, ШОБ дамуын қолдайтын базалық жүйені жетілдіру. Базалық жүйе, негізінен, ШОБ-тың құқықтық, адал бәсекелестік, статистикалық бақылау және мәлімет беру, сондай-ақ сенімділік жүйесін жетілдіруді қамтиды. Екінші, ШОБ-ты қаржыландыру жүйесін жетілдіру. Бұл ақшалай несие беру механизмін оңтайландыруды, шағын және микро кәсіпорындарға көп деңгейлі қаржылық қызмет көрсету жүйесін жетілдіруді, шағын және орта кәсіпкерліктің қаржылық дифференциациясы мен ынталандыру механизмін күшейтуді қамтиды. Үшінші, ШОБ-тың қаржылық және салықтық қолдау жүйесін жетілдіру. Бұл қаржылық қолдаудың нақты, дәл және ең тиімді жүйесін жетілдіруді, шағын және орта кәсіпкерліктің салық ауыртпалығын жеңілдетудің ұзақ мерзімді механизмін құруды қамтиды. Төртінші, мемлекеттік сатып алу арқылы ШОБ-ты қолдау механизмін күшейту. Біз осы факторға тоқталып, Қазақстан мен әлемдегі дамыған елдердің мемлекеттік сатып алу арқылы ШОБ-ты қолдаудың озық үлгісін салыстырсақ біраз мәселенің беті ашылады деп ойлаймын. Себебі бұл барыс кәсіпкер ретінде менің өз басымнан өткен жағдай.

Мен – Нұр-Сұлтан қаласында тұратын шағын кәсіпкермін. Бірнеше жылдан бері шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде мемлекеттік тендерлерге үнемі қатысып келеміз. Осы ретте елімізде шағын орта кәсіпорындар «Мемлекеттік сатып алудың» шапағатын көре алмай отырғанын байқадық. Өйткені қазіргі «Мемлекеттік сатып алу» жүйесінде, мемлекет шағын, орта кәсіпорынды қолдап отырған жоқ, керісінше шағын, орта кәсіпкерлік мемлекетті қолдап келеді. Олай дейтініміз, кәсіпкер тендерді ең төмен бағамен жеңіп алып, оның үстіне мемлекеттік сектордан алдын ала бір тиын төлем алмай, қып-қызыл өз ақшасына тауарды жеткізіп немесе қызметті орындап болған соң, белгілі күннің ішінде өліп-талып жүріп ақшасын алады. Мұндай сауда формасында кім кімге қолдау беріп отырғаны ақылды адамға өте түсінікті. Демек біздің қазіргі «Мемлекеттік сатып алу заңындағы төмен бағамен өнім берушіні таңдаудың жүйесі мен алдын ала төлем бермеу жүйесі» ШОБ-қа нақты қолдау көрсеткеннің орнына, керісінше төмендегідей бірнеше проблема туғызып отыр.

Бірінші, тендерге қатысып, жеңімпаз болған өнім берушінің мүддесі аяққа тапталады. Ең алдымен, бұл жүйе өнім берушінің пайда мөлшерлемесін ең төменгі деңгейге түсіреді. Мұндай жағдайда қазіргі ақша курсының өзгерісіне байланысты, өнім берушінің зиян тарту ықтималдылығы өте жоғары. Бұған қоса жеңімпаз болған өнім берушілер, көбінесе, сол саланың маманы емес, тек тендердің алгоритмін жақсы білетін делдал кәсіпорындар. Олар жеңіп алғаннан кейін басқа маманданған өнім берушілердің бағасын сындыру арқылы немесе көшірме тауар беру арқылы тендерді орындайды. Мұндайда белгілі бір саламен маманданған түрде айналысып отырған шағын, орта кәсіпорындар пайдасының аз болуына байланысты ары қарай өсіп-өркендеу мүмкіндігінен айырылады.

Екіншіден, тендер беруші мен тендер жеңімпазы болған кәсіпкердің екі жақтылы жасасқан келісімшартын кепіл ете отырып банктен несие алып, қаржылық мәселесін шешуге мүмкіндігі жоқ. Бұл жағдай маманданған шағын, орта кәсіпорындарға қаржылық қиындықтар әкеледі. Сондықтан көбі тендерге қатысудан бас тартады. Мұндайда қаржылық қуаты бар белгілі бірнеше компаниялардың айы оңынан туады, монополияға жол ашылады.

Үшінші, бұл жүйе өнімді қабыл­даушыға да қиындықтар туғызады. Мұндайда өнім қабылдаушы өнім берушіден түпнұсқа тауарды емес, көшірме тауар қабылдауға мәжбүр болады. Өйткені қатысушы делдалдар жеңімпаз болу үшін ең төменгі бағаны көшірме тауардың бағасы бойынша ұсынады немесе өнім қабылдаушымен ым-жымы бір болып, қағаз жүзінде дұрыс, іс жүзінде басқа сапасыз тауарларды жеткізеді. Сонымен өнім қабылдаушы мемлекеттің сапалы тауар алуға бөлінген ақшасына сапасыз тауар алып шығын әкеледі. Бұл – бір. Екіншіден, егер өнім қабылдаушы жеңімпаздан түпнұсқа та­уарды алуды қатаң талап етсе, жеңімпаз оны жеңіп алған ақшасына жеткізе алмайды. Сонымен өнім қабылдаушының өнім берушімен соттасуына тура келеді. Бұл әдетте өнім қабылдаушы тарап көргісі келмейтін ең сорақы жағдай. Сондықтан өнім қабылдаушы проблеманы ол деңгейге жеткізбей, өнім берушіні бопсалап жүріп, алатын парасын алып, сапасыз тауарды қабылдап «құрттың атын жаңылтып малта қояды да», соңын жылы жауып қоя салады. Бұдан жемқорлық туындайды. Ол аздай бұл жүйе қазіргі таңда әлі де баға жағында бәсекелік қабілетке ие болмаған отандық өнімдердің құнын түсіріп, оны сапасыздыққа итермелейді.

Халықаралық тәжірибеде (Еуроодақ елдері және Қытайда) жария келісімшарттардың негізгі бөлігі бағаны емес, экономикалық тиімді қатысушыны өлшем етеді. Жеңімпаз ең төмен баға ұсынған өнім беруші емес, баға мен сапалық сипаттамаларға негізделген скорингтік (балл қою арқылы) бағалау моделіне сәйкес неғұрлым жоғары балл жинаған өнім беруші болып саналады. Өнім берушіні осындай жолмен таңдау – әрі тиімді, әрі әділ жол. Сондықтан қазіргі мемлекеттік сатып алудағы «төмен бағамен өнім берушіні таңдау жүйесінде» туындап отырған проблемаларды шешудің дұрыс жолы да осы. Бұдан басқа, ШОБ-ты мемлекеттік сатып алу арқылы қолдауда ЭЫДҰ елдерінің сатып алу тараптары қатысушылардың мүдде теңгерімін теңестіруде бірқатар арнайы құралдарды пайдаланып отыр. Бұл тәжірибені еліміздің мемлекеттік сатып алу жүйесіне бейімдеп нақты пайдалана алсақ, нұр үстіне нұр болғалы тұр. Мысалы, тендердегі бір хабарландырудың ішіндегі алты лотты бір жеңімпазға ғана түгел беріп жібермей, бір жеңімпазға ең көп болғанда екі лотты жеңіп алуға мүмкіндік беріп, басқа қатысушылардың да шарт-жағдайына қарай отырып, оларға да мемлекеттік сатып алудың пайдасын көргізсек, шағын, орта кәсіпорындар да өсіп-өнер еді. Егер жобаның техникалық талабы жоғары болып, жұмысты бөліп беруге келмейтін болса, онда лотты бір ғана лот етіп, техникалық қуаты күшті бір кәсіпорынға беру керек. Бұл тендердің талабында ашық жазылса, онда бұған ешкімнің наразылығы болмас еді.

Бүгінде дамыған елдердің шағын және орта бизнесінің көлемімен салыстырғанда, біздегі көрсеткішті өте төмен деуге болады. Дамыған елдерде шағын орта бизнестің көлемі мемлекеттің ІЖӨ-нің 70%-ынан астамын, бүкіл мемлекет кәсіпорындар санының 99%-ын ұстайды. 80% халық шағын, орта бизнес­те жұмыс істейді. Ал біздің нысанамыз әзірге – 35%. Егер біз жоғарыда айтылған әлемдегі дамыған елдердің шағын және орта бизнесті дамыту тәжірибелерін өзімізге ұтымды түрде пайдалана білсек, бұл нысанаға жету еш қиын емес.

Мемлекет – елдегі кәсіпорындар үшін әрі әке, әрі ең үлкен клиент. Егер мемлекет шағын, орта кәсіпорындарға қанаты қатайып, бәсекелік қабілетке ие болғанға дейін баласы ретінде қамқорлық жасаса, сонымен бірге кәсіпорындардың ең үлкен клиент ретінде барлық кәсіпорындарға тең мүмкіндік беріп, барлығына өз қызығын көрсетіп, қолдап қуаттаса, онда орта кәсіпорындар қысқа уақытта іріленіп, шағын кәсіпорындар ортаңқол кәсіпорынға тез айналар еді.

 

Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ,

экономист