Жалпы елімізде жазғы спорт түрлерінен әлем чемпионаты жиі өтіп жатады, ал қысқы спорт түрлерінен тек Әлем кубогы жарысы ұйымдастырылғаны болмаса, әлемдік дода тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін 2019 жылы Алатау баурайында могулдан алғаш рет Әлем кубогы жарысы өтсе, 2020 жылы Алматыда фристайл-акробатикадан Әлем кубогы кезеңі ұйымдастырылды. Турнир Oi-Qaragai Lesnaya Skazka курортында өтіп, спортшылар медаль мен рейтингтік ұпай үшін барын салды. Аталған бәсекеде могулдан Юлия Галышева топ жарса, акробатикадан Жанбота Алдабергенова үздіктер қатарына енген болатын. Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясы Қазақстан әлемдік бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтіп, жоғары баға берген еді.
Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының осындай сеніміне ие болған Қазақстанға аталған федерация фристайл-могул және фристайл-акробатикадан биылғы әлем чемпионатын өткізуді сеніп тапсырды. Тағы бір айта кетерлігі, бұл – жай ғана кезекті әлем біріншілігі емес, 2022 жылы Бейжіңде өтетін Олимпия ойындарына ұпай беретін маңызды жарыстың бірі.
Жарыстың ашылу салтанатында Халықаралық шаңғы федерациясының директоры (FIS) Андреа Риналди: «Пандемия кезінде, осындай қиын сәтте әлем чемпионатын өткізу туралы ұсыныспен сіздерге жүгінгенімде, оң жауап аламын деп үміттенгенімді атап өткім келеді. Қиын кезеңде жылдам шешім шығарып, осындай ерекше жағдайда үлкен дәрежеде дайындалғандарыңызды жоғары бағалаймын», деген болатын.
Фристайл-могул бойынша ұйымдастырылған жарыстың алғашқы күнінде талай әлемдік додада атой салып жүрген екі бірдей отандасымыз – Юлия Галышева мен Павел Колмаков тұғырдың биік сатысынан көрінді. 2019 жылы АҚШ-тың Парк-Сити қаласында ұйымдастырылған кезекті әлем чемпионатында топ жарған Юлия Галышева өз жерімізде өткен додада күміс жүлде олжалады. Финалдық бәсекеде отандасымыз Олимпиада чемпионы, Әлем кубогы кезеңдерінің көшбасшысы франциялық Перрин Лаффонға есе жіберіп, 79.52 ұпаймен екінші орынды қанағат тұтты. Лаффон финалда 82.11 ұпай алды. Үштікті 79.41 ұпайға қол жеткізген ресейлік Анастасия Смирнова түйіндеді.
Жарыстан кейін журналистерге берген сұхбатында Юлия Галышева жеңіс тұғырына көтерілетініне сенімді болғанын, алайда болмашы ғана қателігінің кесірінен алтыннан айырылып қалғанын айтты.
Ел қоржынына екінші медальды 2015 жылы Испанияда өткен қысқы Универсиада да топ жарған отандасымыз Павел Колмаков салды. Финалдық сайыста 82.23 ұпай еншілеген ол мансабында алғаш рет әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл сында канадалық Микаэль Кингсбери әлем чемпионы атанса, күміс медальды франциялық Бенджамен Кавет иеленді.
Екінші жарыс күніне жоспарланған параллельді могулдан әйелдер арасындағы дода да біздің спортшылар үшін жемісті аяқталды. Былтыр Швейцарияда өткен параллельді могулдан Еуропа кубогында жасындай жарқылдап, алтын жүлде жеңіп алған 15 жастағы жерлесіміз Анастасия Городко бұл жолы алғаш рет үздік үштікке енді. Кіші финалда Городко канадалық Софья Гэгнонмен жарысып, қарсыласынан оқ бойы озық болды. Алтын жүлдені ресейлік Анастасия Смирнова, күмісті оның отандасы Анастасия Лазаренко иеленді. Осылайша, Анастасия Городко фристайл-могулдан Қазақстан командасының үшінші медалін жеңіп алды.
Бүгін фристайл-акробатика бойынша әлем біріншілігінің соңғы күні өтеді. Бұл сында ел намысын жуырда ғана АҚШ-тағы North American Cup турнирінде топ жарған Шерзод Хаширбаевтан бөлек, Роман Иванов, Ильдар Батрудинов, Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Аяна Жолдас қорғайды.