Қазақстан • 12 Наурыз, 2021

Коронавируспен күрес барысында мемлекет қамқорлығы айқын көрінді

597 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жер-жаһанда коронавирус пандемиясы «үстемдік құрған», ел басына күн туған осынау шырғалаң шақ бірлігіміз бен елдігіміз сыналған кезең болды. Адамзатқа зор зардабын тигізген бұл ортақ «жаумен» бүкіл әлем болып бірігіп күресіп жатқанымызға бір жыл толды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында атап өтіп, пандемия басталғалы бері Қазақстан әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткергенін, мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Өршіген індетті береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында еңсердік. Дегенмен дауасыз дерттің қатері әлі де сейіле қойған жоқ. Ал бұл бәлекеттен біржола құтылудың бірден-бір амалы вакциналау болып тұр. Осыған мән берген Мемлекет басшысы барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырды.

Коронавируспен күрес барысында мемлекет қамқорлығы айқын көрінді

Мемлекет қолдауы – тұрақтылық тірегі

Дүние жүзін дүрбелеңге салған ін­детпен әр мемлекет өзінің әл-дәр­менін­ше күресіп бағуда. Әрине, алды­мен азаматтардың амандығы – бас­ты орында. Дегенмен оқшауланған халық­тың жұмысы тұралап, нәпақасынан айырылғаны да ескеріліп, мемлекет тара­пынан ұдайы әлеуметтік қолдау көрсетіліп отыр. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған пәрменді шаралары күрделі кезеңнің күрмеулі мәселелерін шешуге септесті.

Расында, індет келіп, қаншама ісіміз іркіліп, жүрісімізден жаңылып, зор шығынға ұшырадық. Халықтың саулығымен қатар, оқшауланған олардың күнкөрісін қамтамасыз ету мәселесін де әсте естен шығаруға болмайды. Бұл әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалудың аса маңызды екенін аңғартады. Осы орайда індет салдарынан туындаған дағдарысқа қарсы жедел шаралардың бірі ретінде уақытша табыссыз қалған азаматтарға бір реттік көмек берілді. Қысылтаяң кезеңде мұндай жәрдем көршілес елдерде, тіпті көптеген ірі мемлекеттерде берілген жоқ.

Пандемия уақытында күнкөрісін қамтамасыз етіп отырған табысын жоғалтқан азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге көлемінде біржолғы төлем тағайындалды. Мем­лекеттік қолдаудың аталған түріне төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеу шаралары кезінде күнделікті нәпақасынан айырылған жұрт ие болды. Олардың ішінде жалақысы сақтал­майтын демалыста жүрген қызмет­керлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, нысаналы жұмыстарды орындау (қызмет көрсету) сияқты азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер бар.

Жағдай ушығып, төтенше жағдай режімі созылған өткен жылдың 11 мамырына дейін 322 млрд теңге сомасында 4,6 млн адамға, ал карантиндік шектеу шаралары қолданылған кезде 153,2 млрд теңге сомасында 2,4 млн адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Жалпы былтыр жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алушылардың саны 99,1 мың адамды құрады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылы 184,7 мың отбасындағы 936,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Бұл мақсатқа бюджеттен 75,3 млрд теңге бөлінді.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады. Бұған қоса АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. 2020 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 218,2 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама алды.

119,7 мың отбасындағы 614,3 мыңнан астам қазақстандыққа 2020 жылғы IV тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мемлекеттік инстанцияға жүгінбей-ақ автоматты түрде ұзартыл­ды. АӘК алушыларға бұдан бұрын II және III тоқсанда Төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеу шаралары­ның қолданылуына байланысты көмек тағайындау ұзартылған болатын. Соны­мен қатар аталған практика 2021 жылғы 1 тоқсанда барлық АӘК алушы­ларға қолданылды, бұл шаралар халық арасында вирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік берді.

Індеттің таралуы өршіген тұста шектеу шаралары күшейіп, жұрттың азық-түлік алуға баруы да қиындап қалды. Оның үстіне жұмыссыз қалған халықтың қалтасының түбі көрініп, азық-түлік алуға шамасы келмеген жағдайлар болғаны рас. Бұл ретте мемлекет тарапынан Төтенше жағдай және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік-тұр­­мыс­тық жиынтықтар сатып алуға тө­лем­­дер түрінде қосымша қолдау алды. Сондай-ақ Елбасы, Nur Otan партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­­ма­сымен еліміздің тұс-тұсында көп­те­ген үйге көмек ретінде азық-түлік тол­­ты­рылған себеттер үлестіріліп, 550 мың­­нан аса отбасы «Біргеміз!» қорының қол­­дауы­мен біржолғы қаржылай көмекке ие болды.

Індет қос бүйірден қысқан қысыл­таяң ке­зең­де еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық тұрақтылығын қамтамасыз ету­дің бірден-бір амалы – жұмыс орында­рын және халықтың табысын сақ­тап қалу. Осы тұрғыда халықты жұмыс­пен қам­ту бо­йынша біраз шаруа ата­қа­рыл­ды. Дағ­дарысқа қарсы шара ретін­де жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы әзір­ле­ніп, та­быс­ты іске асырылуда. Был­тыр нәти­желі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың «Еңбек» мемле­кет­тік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асы­ру­дың арқасында 1,2 млн жұмыс ор­нын құру және сақтап қалу және жұмыс­сыз­дықтың өсуіне жол бермеу мүмкін болды.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы (ЖҚЖК) шеңберінде 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Онда 130 мың теңгелік орташа жалақымен 239 мың адам жұмыспен қамтылған.

2020 жылдың қорытындысы бо­йынша өңірлерде 6,7 мың жоба бойынша жұмыс басталды, 239 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 120 мың­нан астамы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылды. Бағдар­ламаға қатысушылардың жартысы – ауыл тұрғындары, 39%-ы – жастар және 7%-ы – табысы аз азаматтар. Қабылданған шаралар жұмыссыздықты 5%, жастар жұмыссыздығын 3,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. ЖҚЖК аясында жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі – Түркістан (25,3 мың), Шығыс Қазақстан (21 мың), Жамбыл (20 мың) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (21,4 мың). ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болмақ.

Індетпен күресте бірлігіміз сыналып, жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Мемлекет басшысы айтқандай, ауыз­бірлік, сабырлылық, жанашырлық – дәл осы қасиеттер бізге тарихтағы ең қиын сынақтарды еңсеруге септігін тигізді. Қиын-қыстау кезеңде айналасындағы ағайынға қолынан келген көмегін аямай, қолғабыс еткен қамқор азаматтар – дәстүрлі құндылығымыздан ажырамаған халық екеніміздің айғағы. Көпшілікке шарапаты тиіп, елдің алғысын арқалаған денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру саласындағы отандастарымыздан бастап, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысқан еріктілер, қаржылай көмек берген кәсіпкерлер індет кезінде ізгіліктің үлгісін көрсетті.

Мұндай азаматтардың еңбегі еленіп, Президент арнаулы «Халық алғысы» медалін тағайындады. Осы медальмен марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулы­ғына мұқият болуы керек. Бұл – қазіргі заманның талабы. Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында. Бұл, ең алдымен, қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын: «Сақ жүрсең, сау жүресің», «Сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз», деді.

 

Қарекет түбі – берекет

Президенттің бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» болып жарияланғаны есімізде. Бірақ сол кезде ешкім де адамзат басына қандай күн туатынын, сол қиындықты еңсеру жолында қаншама тер төгіліп, қаншама жұмыс атқарылатынын білген жоқ еді. Пандемия қаншама елді қаусатып кетсе де біздің мемлекет жағдайды біршама тұрақтандыруға, вирустың залалын барынша азайтуға күш салды.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңей­тілген отырысында былтыр жаһандық ахуал өте күрделі болғанын еске сала келіп, пандемияның салдарынан дүние жүзінің ішкі жалпы өнімі 5,2 пайызға азай­ғанын атап өтті. «Оның әсері Қазақ­станға да тиді. Экономикамыз 2,6 пайызға төмендеді. Дегенмен біз инфляцияны өзіміз жоспарлаған 7,5 пайыз деңгейінде сақтап қалдық. Кейбір салаларда едәуір өсім бар.Үкімет дағдарыс кезінде тыңғы­лықты жұмыс істеді деп айтуға болады», деген еді.

Иә, індеттің аяқ асты келуі көптеген саланы есеңгіретіп жіберді. Үкімет қысқа мерзімде жедел шараларды қолға алуға мәж­бүр болды. Халықтың қалыпты тір­ші­лігіне де өзгерістер енді. Біраз шаруа тұра­лап қалды. Қысқасы, бұл елге үлкен сабақ болды. Халық қандай тығырықтан да бірлік пен жанашырлық қана алып шы­ға­тынын ұғынды. Көлденеңнен кел­ген кесел алдында медицинамыз абды­рап қалса да, елді қиындықтан алып шық­қан − жанашыр жандар мен бас көтерер аза­маттардың көмегі еді. Ең басты­сы, ел бірлік пен береке болса, қандай да қиын­­дықты еңсеруге болатынын ұғын­ды. Күрделі кезеңде халық шама-шар­қын­­ша бір-бірін қолдауға тырысты. Ерік­­­ті­лер мен белсенділер індет өршіген тұс­та қайырымдылық акцияларын ұйым­дастырып, ауырған, жабыққан, қиын­­дыққа тап болған жандарға көптеп көмек­тес­кенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Наурыз айында ел аумағында ал­ғаш коронавирус тіркеліп, төтенше жағ­дай жарияланған кезде Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылып, оған кәсіп­керлер, бизнес өкілдері тарапынан ірі со­мада жарналар құйыла бастаған еді. Ел­басының тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясы бастапқыда каран­тин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алма­ты қалаларындағы жалғызілікті қарт­тарға, мүгедектерге және тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға атаулы кө­мек ретінде 150 млн теңге бөлді. Коро­на­в­ирус індетінің таралуына қарсы күреске Елба­сының шешімімен Тұңғыш Президент қоры тағы да 200 млн теңге бағыттады.

Қордың қаражаты есебінен аз қам­тыл­­ған көп балалы отбасыларға, I топ­­тағы мүгедектерге, мүгедек бала күті­­мімен отырған адамдарға, Екінші дү­ние­жүзілік соғысының ардагер­леріне, жетім балаларға, ең төменгі зей­нет­­ақы ала­тындарға 50 мың теңгеден кө­мек берілді. «Birgemiz» қоғам­дық қоры­ның ресми сайтындағы мәлімет­ке сүйенсек, бүгінге дейін қорға 33,9 млрд теңге жиналған. Жиналған қаржы­ның арқасында 655 251 адамға көмек көр­сетілген, 2 112 меди­ци­налық қызметкерге сыйақы берілген және 5 млн дана маска сатып алынған.

Пандемия кезінде әсіресе, кәсіпкерлік саласы ерекше шығын көрді. Карантин шектеулерінен 1 млн-ға жуық компания зардап шеккен, шағын және орта бизнестің 430 мыңнан аса субъектісі қызметін тоқтата тұруға мәжбүр болған. Орта және шағын кәсіпкерлікке қол ұшын беру үшін Үкімет те қарап қалмай, қам жасады. «Бәйтерек» холдингі және оның еншілес ұйымдарын, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын кәсіпкерлерге көмек көрсетуге жұмылдырды. Айталық, былтыр Қазақстанда төтенше жағдай режімі енгізілгеннен бастап, 2020 жылдың соңына дейін «Атамекенге» 144 мыңнан астам кәсіпкер жүгінген екен. Ұлттық палата бірқатар сауалдама жүргізген, соның қорытындысында кәсіпкерлердің 60% -ы шарттық міндеттемелерін бұзуға мәжбүр болғанын анықтаған. «Атамекен» ҰКП-ның еншілес ұйымы − Қазақстанның сыртқы сауда палатасы осы кезеңде 6 мыңнан астам форс-мажор туралы куәлік берген. Осы ретте ұлттық палата кәсіпкерлікті қолдау жөнінде көптеген ұсыныстар енгізіп, ол қолдау тапқан. Атап айтқанда, ШОБ несиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және қайта қаржыландыру, салық төлеуді шегеру, еңбекті төлеу қорының салықтары мен төлемдерінен босату, ТЖ кезеңінде салықтық тексерулерді және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру, жұмыссыз қалған қазақстандықтар үшін 42,5 мың теңге әлеуметтік төлемдер беру, кәсіпкерлерді жеке табыс салығы және әлеуметтік салықтардан, жарналардан босату, әлеуметтік маңызы бар тұрмыстық тауарлардың 19 түрі үшін қосымша құн салығы жарнасын 12% -дан 8%-ға дейін төмендету сынды жеңілдіктер бизнес саласына әжептәуір көмек болғаны анық. «Төтенше жағдайды енгізген соң біз бизнесті қолдау бойынша бірқатар бастама көтердік. Үкіметтің қолдауымен анағұрлым өзекті мәселелер жедел шешілді. Шамамен 700 мың салық төлеуші 1 трлн теңгеге жуық сомада салық жеңілдігі шараларымен қамтылды. Шағын және орта бизнестің 18 мыңнан астам субъектісіне 222,4 млрд теңге сомасына несие төлемдерін кейінге шегеру мерзімі берілді», деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бизнесті қорғау жөніндегі V форумда.

Сондай-ақ шағын және орта бизнес­ті жеңілдікпен несиелеу бағдарлама­сы бойынша жылдық 8%-бен 387 млрд теңгеге 3 мыңнан аса несие берілген. Ел аумағында 46 мыңнан астам жалға алушыға қолдау көрсетілген. 2 мыңнан астам кәсіпкерге 951 млн теңгеден астам қаржыға коммуналдық қызметтерді төлеуді кейінге шегеру жеңілдігі жасалған.

Еліміз карантин шектеулерін жеңіл­детті. Бірақ бұл пандемия құрсауы­нан біржола құтылдық деген сөз емес. Сондықтан Үкіметтің бизнесмендерді қолдау шаралары әрі қарай да жалғасын таппақ. Бұйырса, 2021 жыл – орта және шағын кәсіпкерліктің жандану жылы болғалы тұр.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»