Спорт • 12 Наурыз, 2021

Жасұлан ҚЫДЫРБАЕВ: Өмірде чемпион болудан да басқа құндылықтар бар

716 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Спорт әлемінде Жасұлан Қыдырбаевтың жұлдызы 2014 жылы жарқырай жанды. Жылқы жылы ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпионатында 22 жастағы қазақтың нар тұлғалы жігіті қарсылас шақ келтірмей, 94 кило салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжалады. Шыны керек, бұған дейін ересектер арасындағы дүбірлі додаларда көзге түспеген Қыдырбаевтан төрткүл дүниенің мықтылары жиналған жарыста ешкім дәл осындай орасан зор нәтиже күтпеген еді. Тіпті атағы алысқа жайылған зілтеміршілердің өздері таңданыстарын жасыра алмай, бастарын шайқап, оның мықтылығын еріксіз мойындады. Осылайша, Ж.Қыдырбаев әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ зілтеміршісі ретінде өз есімін еліміздің спорт тарихына алтын әріптермен жазды.

Жасұлан ҚЫДЫРБАЕВ: Өмірде чемпион болудан да басқа құндылықтар бар

Жасұлан Қыдырбаев 1992 жы­лы Алматы облысының Райым­бек ауданындағы Сарыжаз ауы­лында дүниеге келгенімен, оның балалық шағы Талғар қала­сын­да өтті. Кезінде әкесі Бал­ға­бай мен анасы Айман жұмыс бабымен Алматының дәл ірге­сінде орналасқан осы шағын ғана ша­һарға көшіп барған. Ол кезде бо­лашақ чемпион алты жас­та еді. Сол жерде мектеп та­бал­дырығын ат­тап, балалық албырттықпен сан алуан спорт түрінің басын бір шалды. Әу баста жеңіл атлетикамен айналысты, көп ұзамай велоспортқа ауысты, кейіннен баскетболмен шұғылданды. Бұл үйірмелерде Жасұлан көп тұрақтаған жоқ. Уақыт оза балуандық өнерге аң­сары ауды. Бірде еркін күрес, енді бірде грек-рим күресі үйір­мелерін жағалап, әйтеуір біреуінен нәтиже шығаруға тырысты.

Жетінші сыныпты аяқтағаннан кейін Жасұлан Алматыға келіп, Қаркен Ахметов атындағы спорт­тағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-ин­тер­натқа құжаттарын тапсырды. Ондағы арманы – грек-рим күресінің қыр-сырына қанығып, келешекте Дәулет Тұрлыхановтай атағы жер жарған балуан болу еді. Бірақ ондай бақ Қыдырбаевқа бұйырмады. Аталған оқу орнына түсе алмаған ол тауы шағылып, Талғарға қайта оралды.

«Қай спорт түрінің тізгінін ұстасам екен» деп Жасұланның санасын сансыз сұрақ шарлап жүрген шақта оның жанынан жанашыр ағасы табылды. Спорттың басы-қасында жүрген азаматтар Бекен Бекмұхамбетовті жақсы біледі. Кезінде ол ауыр атлетиканы серік етіп, спорт шебері атанды. Кейіннен жастарды баптады, мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарды, Олимпиадалық даярлау орталығын басқарды. Міне, сол Бекен – біздің кейіпке­ріміздің туған жиені. Ол Жас­ұлан­ның ауыр атлетикамен ай­налысқанын қалады. Ағалық ақылын айтты, жөн сілтеді, ба­ғыт-бағдар берді. Бекеннің уә­жіне құлақ асқан бозбала келесі жылы мектеп-интернатты тағы да жағалады. Бұл жолы бағы жанып, талай дарынды жастарды тәрбиелеп шығарған оқу орнына қабылданды.

– Белді балуан болу бала ке­зімдегі арманым еді, – деп бастады өз әңгімесін Жасұлан. – Алайда күрес үйірмесіне қабылдамаған соң амалдың жоқтығынан ауыр атлетикаға баруға мәжбүр болдым. Алғашында «Оқу жылы аяқталғанша жүре тұрайын, одан кейін балуандардың қатарына қосыламын ғой» деп ойладым. Бірақ уақыт оза спорттың бұл түріне деген ерекше бір қы­зы­ғу­шылық пайда болды. Ауыр ат­ле­тикаға аңсарым ауды. Оның үстіне, нәтижем де жылдан-жыл­ға жақсара түсті. Бірте-бірте жақ­сылап тұрып жаттықсам, керемет көрсеткіштерге қол жеткізе алатынымды сезіне бастадым. Содан ауыр атлетикада қалдым.

Аталған оқу орнын аяқтаған соң Ж.Қыдырбаев Республикалық спорт колледжінде оқыды. Сол кездері өз қатарластары арасында еліміздің екі дүркін чемпионы атанды. Жастар арасында Азия біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Дарынды зілтемірші елеулі табыстарға қол жеткізгеніне қара­мастан, Алматы қалалық спорт басқармасы тарапынан оған еш көмек көрсетілген жоқ. Тіпті еле­ген де ешкім болмады. Содан Жамбыл облысынан ұсыныс түс­ті. Ол жақта осы саланың ба­сы-қасында жүрген Манарбек Ақ­ай­даров, Ернар Ибрагимов, Мирасхан Қожахметов сынды азаматтар барынша қолдау көрсетті. Айлыққа қойды, жатақхана мә­селесін шешті, қажетті киім-кешек және құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етті. Бір сөзбен айт­сақ, еш алаңсыз даярлануына қо­лайлы жағдайдың барлығы жасалды. Осындай қамқорлықтың арқасында Қыдырбаевтың көр­сеткіші жақсара түсіп, 2011 жылы ол қатарынан екінші мәрте Азия чемпионы атанды.

– Ересектер дуына қосылғанда мен дәл бір қасқырдың апанына түскендей болдым. Өйткені 94 кило салмақ дәрежесінде кілең ығай мен сығай жиналған еді. Шет­елдік спортшыларды айт­па­ғанда, Қазақстанның өзінде мықты бәсекелестік белең алып тұрды. Илья Ильин, Владимир Седов, Алмас Өтешов... қай-қайсын алсаңыз да нағыз «сен тұр, мен атайындар». «Қыдырбаев келді екен» деп олардың ешқайсы оңайлықпен жылы орындарын босата қоймасы анық. Бірақ мен қатты қобалжи қойған жоқпын. Кіммен болса да, аянбай айқасуға даяр болдым. Өйткені жаттығу залында көп тер төгіп, ерінбей еңбектендім. Ал есіл еңбектің еш кетпейтіні белгілі ғой. Ерте ме, кеш пе, бір қайтарымы болуға тиіс. Күш-қуатымның да ешкімнен кем емес екеніне күмән келтірмедім. Содан тәуекелге бел будым да іске кірістім, – деп кейіпкеріміз өткенді еске алды.

2014 жылдың қараша айында Алматыда әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Төрткүл дүние­нің әр қиырынан тау көтерген толағайлар Алатау баурайында бас қосты. 94 кило салмақ дәре­жесінде Қазақстанның намысын екі спортшы қорғады. Олар – әлем чемпионы Владимир Седов пен ересектер дуына енді ғана қосылған Жасұлан Қыдырбаев. Олардан бөлек, шет мемлекеттерден келген бір шоғыр жұлдыздар тағы бар. Бәрінің де атағы алысқа жа­йылған, бәрінің де даңқы төске өрлеген. Міне, жас­тар арасында Азия біріншілігінің екі дүркін чемпионы деген елеусіз ғана атағы бар қазақтың ұлына осындай мықтылармен тіресуге тура келді.

Жұлқа көтеру жаттығуында Владимир Седовқа тең келер ешкім табылмады. Жерлесіміз 188 килолық зілтемірді еркін еңсеріп, Олимпия ойындарының үш дүркін чемпионы грекиялық Акакиос Какиашвилистің талай жылдар бойы мұрты бұзылмай тұрған әлемдік рекордын жаңартты. Лит­ваның мақтанышы Ауримас Дидзбалис екінші орынды иеленді. Оның көрсеткіші – 185 кило. Ал Жасұлан Қыдырбаев 179 килолық нәтижемен үшінші сатыға табан тіреді.

– Бірде ресейлік басылымдардан Ирина Роднинаның сұхбатын оқыдым, – деп жалғастырды әңгімесін Жасұлан. – Мәнерлеп сырғанаудың жұптық сайысында Олимпия ойындарының үш дүркін чемпионы деген атағы бар әйгілі спортшының «Жаттығу кезінде немесе жарыс барысында болсын өзіңді еркін сезін. Еш қобалжыма, асықпа, аптықпа. «Бүгін мені ешкім тоқтата алмайды» деп өз-өзіңді іштей қайра. Өзіңе тым сенімді екеніңді қарсыластарың да сезінсін. Сонда олардың жүйкесі сыр беріп, сенен қаймыға бастайды. Ал қобалжып тұрған адамның міндетті түрде қателікке ұрынатыны анық. Мұны «психологиялық шабуыл» дейді. Осындай қитұрқы әрекеттер көп жағдайда өз жемісін береді», деп айтқаны бар. Алматыда мен дәл осы тактиканы ұстандым. Жаттығудың екінші түрінде өзгелер батпан те­мірді алма-кезек көтеріп жатқанда мен біразға дейін әліптің артын бақтым. Орта­ға шы­ғуға асықпадым. Спорт­шы­лардың тең жартысы жарысты аяқ­тағаннан кейін барып қана ал­ғашқы салмаққа тапсырыс бердім.

Алғашқы сайыста басты қар­сыластарынан көп қалып қойған қандасымыз серпе көтеруде барын салды. Бастапқыда 215 килолық зілтемірді көтерсе, екінші рет 221 килоны еңсерді. Қытайлық Лю Хаоның да нәтижесі дәл сондай еді. Алайда ол жұлқа кө­теруде қандасымыздан біраз қалып қойған. Владимир Седов 219 және белоруссиялық Вадим Стрельцов 216 килолық межеге келіп тоқтады. Литвалық Ауримас Дидзбалис 214 киломен шектелді. Сонымен, Қыдырбаевтың тағы бір мүмкіндігі қалды. Егер ол тағы екі-үш кило салмақты еңсерсе, күміс медальға қол созатын еді. Бірақ «Не бел кетеді, не белбеу үзіледі» деген қағиданы қаперіне түйген қазақтың қайсар ұлы тәуекелге бел буды. Ол Седовтан сегіз кило артық салмаққа тапсырыс берді. Жасыратыны жоқ, ол кезде қазақстандық спортшының зіл батпан темірді көтере алатынына ешкім сенбеді. Тіпті телеарналардың бірінен ті­келей репортаж жүргізіп отырған орыс комментаторының «Это из области фантастики!» деп келемеждеп сөйлегені де есімізде. Онысы бекер екен. Маң-маң басып ортаға шыққан Жасұлан 229 килолық зілтемірді аспанға бір-ақ атты. Сол кезде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған сан мың адамның айғайы залды дүр сілкіндірді. Қуаныштарын жасыра алмаған жанкүйерлер бір-бірін құшағына қысты. Ал көгілдір экранға көз тіккен миллиондаған көрерменнің қандай күй кешкенін айтудың өзі қиын... Нәтижесінде, қандасымыз қоссайыстың қоры­тындысы бойынша 408 килолық көрсеткішпен бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша, Жасұлан Қы­дырбаевтың есімі қазақ ауыр атлет­тері арасынан шыққан тұң­ғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.

Әлем чемпионы атанғаннан кейін Жасұланның беделі күрт артты. Жамбыл облысының атқа­мінер азаматтары «темір тұлпар» сыйлады. Ел-елде, жер-жерде барынша сый-құрмет көрсетілді. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар ақ ба­тасын берсе, аға-інілері алғысын жаудырды. Ең бастысы, Алаш жұрты алақанына салып аялап, зор қошемет көрсетсе де, Жасұлан даңдайсып кеткен жоқ. Иманы берік азамат сабырлы қалпынан еш айнымады. Балғабайдың ұлы қазақтың қарапайым баласы болып қала берді.

2015 жылғы әлем чемпионаты АҚШ-тың Хьюстон қаласында ұйымдастырылды. Бұл жарыста 94 кило салмақ дәрежесінде Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев сынды қазақтың қос қыраны өнер көрсетті. Техас штатында орналасқан аталған шаһарға біраз қазақ қоныстанған екен. Жарыстың басынан аяғына дейін сол азаматтар спортшыларымызға барынша қолдау көрсетті. Зәулім спорт кешенінің әр бұрышында қазақтың Көк байрағының жел­бірегені біздің жігіттерді жел­піндіре, жігерлендіре түсті. Жа­рыстың қорытындысы бойынша жоғарыда есімдері аталған қос бірдей саңлағымыз да жеңіс тұғырында марқайып тұрды. Алыстағы Америкада Алмас кү­міспен күптелсе, Жасұлан қола медальді мойнына ілді. Ал бас жүлде белоруссиялық Вадим Стрельцовтың еншісінде кетті.

Әлем чемпионы, дүниежүзілік доданың қола жүлдегері деген дардай атағы бар Жасұланның ендігі мақсаты 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанатын Олимпия ойындарында өнер көрсету еді. Ол ғаламдық додада Қазақ елінің әнұранын шырқатып, Көк туын көкте жел­біретуді аңсады. Бірақ ондай бақ Қыдырбаевқа бұйырмады. Дәл сол тұста Қазақстанның бір топ ауыр атлетіне «допинг қолданды» деген айып тағылып, олар түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетілді. Солар­дың арасында Жасұлан да бар болатын. Ол өзінің сүйікті ісінен сегіз жылға алыстатылды.

– Бұл жайсыз жаңалық бізге аспаннан жай түскендей әсер етті, – деп әлем чемпионы бір күрсінді де әңгімесін одан әрі сабақтай түсті. – Рұқсат етілмеген дәрі-дәрмекті ешқайсымыз да қолданған емеспіз. Өзіміздің таза екенімізді дәлелдеу үшін Халықаралық соттың да көмегіне жүгіндік. Өкінішке қа­рай, бұл әрекетімізден еш нә­тиже шықпады. Осылайша, Олим­пиадада атой салсақ деген асқақ арманымызбен қош айтысуға тура келді. Әрине, алғашында мен де қатты қиналдым. Талай жылғы еңбегімнің еш кеткеніне күйіндім. Бірақ «Уақыт бәріне емші» деген аталы сөз бекер айтылмаған ғой. Жылдар жылжыған сайын өкі­ніш ұмытылып, өмірге деген көзқарасымыз өзгерді. Бұл жалғанда чемпион болудан бас­қа да құндылықтар бар ғой. Аллаға шүкір, денім сау, он екі мүшем дін-аман. Отбасым бар, бала-шағам өсіп келеді. Туған-туыстарым, етжақындарым жанымда. Өзім жаспын, күш-қуатым бойымда. Жоғары оқу орнында білім алдық, өмірде көргеніміз, білген-түйгеніміз бар. Осының барлығын ой елегінен өткізе отырып, басқа салада да еңбек етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесімді қосуға бекіндім. Осылайша, зайыбым Меруерт екеуміз жаңа өмірге қадам бастық.

Ауыр атлетикамен қош ай­тысқаннан кейін Жасұлан талай кәсіптің тұтқасын ұстады. Алғашында зайыбы екеуі сауда-саттықпен айналысып, отбасылық шағын кәсіптерін өрге домалатты. Кезінде өзі білім алған Қаркен Ах­метов атындағы спорттағы да­рынды балаларға арналған мектеп-интернатта директордың орынбасары болды. Басқа салаларда да бағын сынап көрді. Ақыры айналып келіп, өзінің сүйікті ісіне қайта оралды. Бұл күндері әлем чемпио­ны Жасұлан Қыдырбаев Алматы қаласындағы спорт клубтарының бірінде жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүр.