Аймақтар • 12 Наурыз, 2021

Алматыда Еуропа классиктерінің сурет көрмесі ашылды

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің жинақтамасынан  (гравюра және офорт) алынған туындылар көрерменді әлемдік мәдениеттің мәйегімен таныстырады. Осы орайда Алматыда «16-17 ғасырлардағы Еуропа графикасы» деп аталған көрме ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Экспозицияға Германия, Франция және Голландия суретшілері Альбрехт Дюрер, Жак Калло, Рембрандт Ван Рейн, Антони Ватерло, Ян Ливенс сынды белгілі қылқалам шеберлерінің 100-ден астам туындысы қойылған. Жаһандық әлемді құру жолындағы бетбұрыс кезеңі деп аталған 16-17 ғасыр әлемдік тарихтың маңызды кезеңі саналады. Дәл сол жылдардан бастап  графиканың офорт деп аталатын түрі баспа графикасының танымдық, ғылыми және діни мазмұндағы суреттерін тарататын ыңғайлы әрі арзан құрал ретінде қолданыла бастады.

Көрмеге француз графика мектебін таныстыратын XVII ғасырдағы көрнекті шебер, өзінің замандас суретшілеріне, олардың арасында әйгілі Рембрандтқа  елеулі ықпал жасаған Жак Каллоның (1592-1635) туындылары қойылды. Каллоның «Соғыстың кіші апаттары» (1632) және «Соғыстың үлкен апаттары» (1634) топтамалары  француз әскерінің оның туған Лотарингиясын басып алған қайғылы көрінісінен туған. Оның композицияларынан зорлық-зомбылық пен соғысқа деген  наразылық үні естіледі.

Экспозицияның негізгі бөлігін туындылары әлемдік бейнелеу өнерінде үздік түпнұсқа болып саналатын көрнекті голланд суретшісі Рембрандт Ван Рейннің (1606-1669) түпнұсқа туындыларынан жасалған офорттары алады. Музейге әйгілі орыс коллекционері әрі суретшісі, Рембрандтың шығармашылығын аса сүюші Н. Мосоловтың (1847-1914) коллекциясынан түскен бұл графикалық туындылар ұлы шебердің жауһарларының ерекшеліктерін жеткізуде орындау шеберлігімен және асқан дәлдігімен дара тұр. Экспонаттардың арасынан Рембрандтың «Киелі отбасы» (1645), «Түнгі бақылау» (1642), «Адасқан ұлдың оралуы», «Даная» сынды белгілі картиналарының офорттарын көруге болады. Осы көрмеге қойылған туындылардың ішінен оның ертеректегі «лейден» кезеңінде орындалған Рембрандтың «Қайыршы» (1630) композициясы ерекше қызықтырады. «Адамның сыртқы келбетін түзетуге қанағаттанбайтын, бірақ оның ішкі жағдайын анықтауға тырысатын» (Е.Левитин) Рембрандттың көлемі шағын офорты оның суреткер ретінде жоғары шеберлігін көрсетеді.

Көрермен үшін ұлы голланд суретшісінің шығармашылығына арналған әр жылдардағы сирек кітап басылымдарын  тамашалаудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр. Экспозицияның аталған бөлімімен – Ә.Қастеев атындағы  Мемлекеттік өнер музейінің кітапхана қорындағы бірегей жиинақтама аясында да танысуға болады.