Аймақтар • 12 Наурыз, 2021

Ғарыш тақырыбына арналған бейнероликтер байқауы басталды

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ғарышкерлер күні қарсаңында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Есіл ауданының әкімдігі мен «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК бірлесіп оқушылар арасында ғарыш тақырыбына бейнероликтер байқауын бастайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ғарыш тақырыбына арналған бейнероликтер байқауы басталды

Байқау жеңімпаздарына «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының ғимаратында экскурсия жүргізіліп, ғарышкер Талғат Мұсабаевпен жеке кездесу өтеді.

Байқау 15 наурызда басталып, 1 сәуірге дейін жалғасады. Қатысу үшін жұмысты ықшам дискіге (CD) жүктеп, өз мәліметтеріңізбен бірге Қабанбай батыр даңғылы, 33 (1 қабат, ресепшн) мекенжайындағы ұйымдастырушыларға тапсыру қажет.

Қатысушылар материалдың жанрын анықтайды (сұхбат, репортаж, бейнеклип). Бұл жағдайда өткізілген жұмыстың ұзақтығы 2 минуттан аспауы керек, рұқсат етілген форматы – avi немесе mpeg. Фотосуреттерді де пайдалануға болады. Бейнероликтердің мазмұны ҚР заңнамасына қайшы келмеуі тиіс. Конкурсқа басқа адамдардың қадір-қасиетіне және сезіміне нұқсан келетін, тақырыпқа сәйкес келмейтін жарнамалық сипаттағы жұмыстар қабылданбайды. Конкурсқа қатысатын жұмыстың (онда пайдаланылған материалдардың) авторлық құқықтарының сақталуына оны жіберген автор жауапты болады. Сондай-ақ конкурсқа қатысатын өзге қатысушылардың авторлық құқықтарын бұзуға тыйым салынады. Әр роликке бір өтінім беріледі, бірақ өтінімдер саны шектелмейді.

Өз жұмысын конкурсқа жібере отырып, автор автоматты түрде ұйымдастырушыларға ұсынылған материалдарды пайдалануға (Интернет желісінде, телебағдарламаларда орналастыру, шығармашылық жобаларға қатысу, одан әрі тираждау және т.б.) құқық береді.

Айта кету керек, байқауға жіберілген бейнероликтер рецензияланбайды және қайтарылмайды.

Жұмыстарды бағалау үшін сараптама жүргізетін комиссия құрылады.