Негізі алтын унция бойынша өлшенгенмен, қазақстандықтар оны граммен өлшеп үйренген. Мұндай сыйлықтың артықшылығы – сатып алғаннан кейін де құндылығын жоғалтпайды. Басқа сыйлықтардан айырмашылығы, қолма-қол ақша алу үшін оны қайталама нарықта сатудың қажеті жоқ, банкке келіп, нарықтық бағасымен қайта сатуға мүмкіндік бар. Ал кәсіпкерлер үшін инвестициялық сенімді шешім, капиталдың сақталуын кепілдендіретін табыс құралы.
Ұлттық банк төрт жылдан бері әлемдік нарықтағы алтынның құнын есепке ала отырып, күнделікті құймалардың бағасын жариялап келеді. 2021 жылғы қаңтар айында ғана ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерден және жекелеген айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 111,5 келі тұратын 2 мың 414 құйма сатып алғанын Ұлттық банк осыған дейін хабарлаған.
2020 жылы салмағы 890 келі тартатын 21 мың 99 дана құйма сатылыпты.
Бұл 2019 жылмен салыстырғанда өсім 34%-ға көп.
Естеріңізде болса, Ұлттық банк 2017 жылдан бастап тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. Бес жылдың ішінде салмағы 1,68 тонна болатын 44 мың 993 дана алтын құйма сатылды.
Бұл ретте өткізілген алтынның басым көпшілігі нарыққа кері қайтпайды екен: Қазақстандықтар 4 жыл ішінде небары 3,5 келі болатын 133 құйманы банктер мен айырбастау бекеттеріне қайта сатқан. 2021 жылдың басынан бері тек екі адам ғана 50 грамдық 2 құйманы кері өткізді. Демек, күні бүгінге дейін сатып алынған алтын құймаларының қалған бөлігі – халықтың қалтасында жатыр. Дәл қазір эклномикаға алтынның жекенің сандығында емес, айналымда жүргені жақсы.
Ұлттық банктің тұспалдауынша, «қазақстандықтар құймаларды ұзақ мерзімді инвестициялау үшін алып, оны үйінде сақтауға мүдделі», демек хадықтың бір бөлігінде алтын жиған –тергенін құнын жоғалтпай сақтауға мүмкіндік беретін инвестициялық құрал деген түсінік қалыптасып қалған. Бұл нарық заңына кереғар заң болғандықтан, Ұлттық банкті де алаңдата бастапты. 2017 жылға дейін айналымға шыққан алтын құймаларына шекті баға қойған себебі де осы.
Ерболат Досаевтың ұжымы өзінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі «ҚР қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» №49 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірлеп, айырбастау пункттеріне жеке куәлігін ұсынбаған адамға алтын сатуға тыйым салынды. Биылдан бастап Бас банк тарапынан алтын сатуды бақылау күшейтілмек. Айырбастау пункттері бұдан былай әрбір өткізген алтын құймасы туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді тиісті нысан-формаға толтырып, Ұлттық банк шығарған «Аффинирленген құйма алтынмен операцияларды есепке алу электрондық журналында» есепке қоюға тиіс.
Ұлттық банк өкілі Жомарт Қажымұратовтың мәліметінше, Ұлттық банк «арнайы орауы бұзылған, сондай-ақ ескі үлгідегі аффинирленген құйма алтынды кері сатып алуды» бастайды. Егер әлдебір тұлға, бизнесмен 2017 жылға дейін сатылған алтын құймасын алып келсе, айырбас бекеті оны басқа клиентке сата алмайды. Алтын құймасымен бірге оны сатқан адамның дерегі де ҰБ-ға жіберіліп, оның номиналды құнының 10%-ынан аспайтын комиссиялық сыйақыны дербес белгіленеді.
2017 жылдан кейін шығарылған жаңа алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jýsan Bank және ЦентрКредит банкінде, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.