Шынында да, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес құнның өсімі анықтаған кезде биржа комиссиялары, делдалдар немесе депозитарий сияқты шығыстарды шегеру және шеккен залалды кейінге шегеру де қарастырылмаған. Жеке тұлғалардың шетелдік қор биржаларында тұрған акцияларды сатудан түскен табысын алуға байланысты шығыстарды шегеру мәселесі қарастырылып жатыр ма?
Ведомствоның түсіндіруінше, қазіргі уақытта, Ұлттық экономика министрлігінің алаңында салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде салық заңнамасына бірқатар түзету енгізу қарастырылуда. Жеке тұлғалардың кірістің осы түрін алуына байланысты шығыстарды шегеру мәселесі де қарастырылып жатыр. Аталған талқылауға жеке адамдар да қатыса алады. Ол үшін сіз Ұлттық экономика министрлігіне әлемдік тәжірибенің заңнамалық тұрғыдан реттелетін нормаларын ескере отырып, құнның өсуін анықтау туралы көзқарасыңызды жібере аласыз.
Неліктен шеккен залалды кейінге шегеру қарастырылмаған?
Келтірілген шығындар туралы айта кету керек, шеккен залал ұғымы «классикалық» түрде де, Салық кодексінің 299-бабына сәйкес те, шығындардың кірістен асып түсуін білдіреді. Бұл кірістер, ең алдымен, өндірістік қызмет нәтижесінде пайда болады.
Бағалы қағаздарды сатудан түскен кірістер «пассивті» кіріске жатады. Ал жеке тұлғалар мұндай операциялардан түскен кірістер мен шығындарына есеп жүргізбейді. Сәйкесінше, мұндай операциялардан шеккен залалдар болашақта есепке алынбайды.