Парламент • 15 Наурыз, 2021

Полицияның сервистік моделін енгізу – сенаторлар назарында

18 рет көрсетілді

Сенатта өткен кезекті «Үкімет сағатының» тақырыбы «Полицияның сервистік моделін заңнамалық қамтамасыз ету және Ішкі істер министрлігін бейінді емес функциялардан босату» тақырыбына арналды.

Кездесуді ашқан Палата Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында поли­цейлердің жұмыс қағидаларын өзгерту міндетін алға қойғанын атап өтті.

«Құқық қорғау жүйесін дамыту әрқашан мемлекетіміздің құқықтық саясатының күн тәртібіндегі маңызды тақырып болғанын атап өткен жөн. Тәуелсіздік алған кезден бастап, Конституциямызда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары бас­ты құндылық болып белгіленгеннен кейін барлық заңнамалық қайта құру азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға, сот төрелігіне тең қол жеткізуге, қылмыстық саясатты ізгі­лен­діруге, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге баса назар аудара отырып жүр­гізіле бастады», деді Н.Әбдіров.

Отырыс барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев министрлікте жүргізіліп жатқан реформа барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында полиция қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттер жүйелі түрде шешімін табуда. Осыған орай, арнайы Жол картасы әзірленген. Ең алдымен, Ішкі істер органдарының штаты 11 пайызға қысқарған. Нәтижесінде, 1 483 басқарушы лауазым жойылған. Баяндамадан белгілі болғандай, Global Peace Index халықаралық ұйымының рейтингі бойынша Қазақстан қауіпсіздік жағынан 163 мемлекет арасында 70-орында. Ал ТМД елдері ішінде 1-орынға ие.

«2020 жылы еліміздің Ұлттық статис­тика бюросы жүргізген сауалнама бойынша, азаматтардың 37%-ы полицияға толық, 38%-ы жартылай сенеді», деді министр.

Отырыста Ішкі істер құрылымдарына кадр даярлау мәселесі де басты назарда екені мәлім болды. Ведомство басшысы бұған дейін кадр даярлаған 12 оқу орнының 6-уы қалғанын хабарлады. Бүгінде Алматы, Қарағанды, Қос­танай академиялары мен Ақтөбе қаласындағы заң институты, Шымкент пен Павлодар ша­һар­­­ларындағы оқу орталықтары маман даярлайды.

Президенттің қызметкерлер жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жөніндегі тапсырмасы да назардан тыс қалмаған. Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, 2021-2023 жылдар аралығында полиция мен Ұлттық ұлан әскери қызмет­ші­лерінің жалақысы өседі.

«Бірінші кезекте аз қамтылған сержанттар, кинологтар, учаскелік полиция көмекшілері, күзет және басқа қызметкерлердің жалақысы 15%-дан 58%-ға дейін көтеріледі. Себебі олар­дың жалақысы өте төмен. Қалған қызмет­керлердің жалақысы осы кезеңде 30%-ға өседі.

Тұрғын үй үшін өтемақы алатын бөліністер саны 27%-дан 78%-ға дейін өсті, енді 23 мың қызметкер өтемақы алады», деді министр.

«Біздің алдымызда халық сеніміне ие әрі технологиялық түрдегі заманауи ішкі істер органдары жүйесін құру маңызды міндеті тұр. Оның ішінде полицияның «қадамдық қол­жетімділігі» қамтамасыз етілетін және учас­келік инспекторларға басты рөл берілетін жергі­лікті полиция қызметін сервистік жұмыс моде­ліне ауыстыру да бар», деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

«Мемлекет басшысы ішкі істер органда­рын қажет емес функциялардан босатуды тап­сырды. Бірқатар объектіні күзету функ­ция­сы бәсекелес ортаға берілді. Өткен жылы 72 нысан берілді. Олардың қатарында қала­лық әкімдіктер, медициналық және басқа да ны­­сан­дар бар. Осы жылы тағы 581 нысанды бе­ру жоспарланды. Нәтижесінде, 3 мың полиция­ның штаттық бірлігі босатылады», деді ми­нистр.

Одан кейін көші-қон қызметінің кейбір функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілетіні мәлім болды. «Бүгінде көші-қон полициясы 60 қызметті жүзеге асырады. Оның көбі полициямен байла­нысты емес. Мысалы, босқындармен жұмыс, оларға әлеуметтік көмек көрсету, еңбек им­мигранттарына жеке тұлғаларға жалда­нып жұмыс істеуге рұқсат беру.  Көп жағ­дайда рұқсат беру функциясы жергілікті әкім­дік құзырында. Ал заңсыз көші-қонмен күрес, құжаттандыру, визалық жұмыс, реадмиссия және азаматтық беру функциялары ішкі істер органдарында қалады», деді Е.Тұр­ғымбаев.

Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын Денсаулық сақтау министр­лігіне беру де сөз болды. Министр бұл мәселе бойынша ұсыныс дайын екенін, осы жылы тиісті заңнама әзірленетінін жеткізді.

«Полиция қызметінің құқық бұзушы­лықтардың алдын алуды, қоғамдық тәртіпті сақтауды, халыққа уақтылы көмек көрсетуді көздейтін функцияларын заңнамалық деңгейде нақты анықтау аса маңызды», деп атап өтті сенатор Нұрлан Бекназаров өз сөзінде.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков осы «Үкімет сағатының» алдында Сенатта бірқатар іс-шара атқарылғанын атап өтті: ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту, оның ішінде учаскелік полиция инспекторлары жұмысының сервистік моделін енгізу, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі, есірткінің заңсыз айналымына қар­сы іс-қимыл, елдің шекара маңындағы өңірлерінде мал ұрлығының алдын алу мәсе­ле­лері талқыланған.

Сенаторлар жүргізіліп жатқан реформа барысында қолданыстағы құқықтық нормаларды уақтылы әрі мұқият талдау қажет екенін және заңнамалық түзетулерді қабылдаудың орынды екенін атап өтті. Талқылау нәтижелері бойынша сенаторлар Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды қабылдады.

Нұрлан Әбдіров іс-шара соңында кез келген өзгеріс пен реформа жағдайды мұқият талдауды және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, басқа елдердегі оң тәжірибені енгізуді талап ететінін атап өтті. Ішкі істер органдары жеке құрамының жаңа сипатта – сервистік модельде жұмыс істеу үшін олардың кәсіби даярлығына, қайта даярлықтан өтуіне ерекше назар аудару қажет.

Іс-шараға Бас прокуратураның, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңірлік полиция департаменттерінің басшылары бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.

 

Соңғы жаңалықтар

Ақыл алыбы

Руханият • Кеше

Шығыстанудың биік шынары

Әйел әлемі • Кеше

Бейқамдық белең алып тұр

Коронавирус • Кеше

Үлкен қалада адасу

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар