Пікір • 15 Наурыз, 2021

Тағдырлы мәселе түбегейлі шешіледі

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында өзінің Президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Парламент Мәжілісіне жолдағандығын мәлімдеген болатын. Осыған орай, белгілі қоғам қайраткерлерінің «Egemen Qazaqstan» газетіне жолдаған пікірлерін жариялауды жөн көрдік.

Тағдырлы мәселе түбегейлі шешіледі

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жерді шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу туралы заң жобасын Мәжіліске жолдауы – принципті, саяси ірі экономикалық жағынан толық қолдайтын шешім.

Өйткені, жер дауы 2016 жылы басталғалы бері бұл мəселе қоғамда қызу талқыланып келе жатыр. Сол жылы-ақ мораторий жариялаумен шектелмей, осындай нақты шешім шығаруға болатын еді. Бірақ ол кезде жерді қосымша экономикалық қаржы көзі ретінде қарастырғандардың бəсі басым еді. Жерді мұнай сияқты сатып, пайда табамыз деген ұстанымның жақтастары да көп болғаны анық.

2016 жылдан бері бұл мəселе бо­йынша түрлі ұсыныстар да айтылды. Ұзақ мерзімге жалға беру жайы да жиі көтеріліп жүрді. Кезінде шетелдіктерге жерді ұзақ мерзімге жалға беруге қатысты бастамаларды жақтағандар да болғаны белгілі. Мұның артында ықпалды бір күштердің, мүдделі топтардың болғаны анық.

Алайда уақыт өте келе, бұл түйіннің біржола əрі түбегейлі шешілгені – өте құптарлық іс. Өйткені, жерді шетелдіктерге жалға беру – кез келген мемлекет пен кез келген халық үшін ең маңызды əрі тағдырлы мəселе екені даусыз. Жерге қатысты осы түйткіл көтерілгелі бері біздің қоғамда үлкен саяси сілкініс болды. Кештетіп болса да осы мәселеге біржолата нүкте қойылғаны қуантады.

Айналып келгенде, жер – экономи­калық актив қана емес, мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының негізі. Жер мəселесі үлкен саяси жəне тарихи мəнге ие. Бұл мəселеге ерекше мəн беріп, ел Президентінің осындай нақты шешім шығаруы, түптеп келгенде, елдің амандығы мен мемлекетіміздің тəуелсіздігінің кепілі болып саналады. Себебі, жердің тек Қазақ елінің қарауында, осы мемлекеттің меншігі мен бақылауында болуының маңызы зор.

Ендігі мəселе – осы жерлерді толық əрі əділ пайдалануға қатысты. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығы жерлерін ауыл-аймақта тұратын ел-жұрт қаншалықты пайдаланып жүр?», «Қарапайым халыққа осы жерлерді пайдалану үшін заң тұрғысынан қандай мүмкіндіктер берілген?» деген өзекті сұрақтар жер комиссиясында алдағы уақытта талқыланады деп жоспарланған. Жер нақты жұ­мыс істейтін диқандарға, шаруа қожа­лық­тары мен шаруаларға берілуі керек.

Жер мəселесі – өте нəзік, сезімтал проблема. Ал жерінің тұтастығы мен елінің болашағын ойлайтын кез келген мемлекет жердің иесі кім, жерді өңдейтін кім, жерді жалға беретін кім деген тағдырлы сұрақтарға немқұрайлы қарамайды. Себебі, жер – Тəуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп тұрған киелі дүние.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

қоғам қайраткері