«Барыс» хоккейшілерінің өз жанкүйерлерін бұдан да жоғары нәтижемен қуантуға толық мүмкіндіктері бар еді. Алайда соңғы бәсекелерде жерлестерімізге шыдамдылық пен спортшыға тән жігерлі мінездің жетіспей қалғанын байқадық. Себебі кей ойындарда есепте алда тұрғанымен, матч соңында қолда тұрған жеңісті уыстарында ұстай алмады. Әйтпесе, осыдан дәл бір жыл бұрын біздің жігіттер плей-офф кезеңінде «Металлург» командасымен жолығып, бес кездесуде 4:1 нәтижесімен айласын асырып кеткен болатын. Дей тұрғанмен елордалық команда биыл өз алдына қойған мақсатты 100 пайыз орындады деуге болады. Өйткені маусым алдында «Барыстың» бас менеджері Вячеслав Белан AllHockey.ru басылымына берген сұхбатында «Клубтың басты мақсаты – Гагарин кубогының плей-офф кезеңіне дейін жету», деген болатын.
Әрине, былтырғы нәтижені жақсарта алмаса да, алға қойған межеге жетіп жығылғанының өзі жетістік. Оның үстіне «Барыс» әлемдік пандемияға байланысты жаңа маусымға жарытып дайындала алған да жоқ. Тіпті, жаз мезгілінде биылғы додаға қатысу-қатыспауының өзі үлкен мәселе болды. Елдегі эпидемиялық ахуал хоккейшілерге тұрақты біріншілік алдында оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік берген жоқ. Тек маусымға бір ай қалған кезде ғана, яғни тамыз айында толыққанды жаттығуға кірісті. Сонымен қатар «Барыс» жылда тұрақты біріншілік алдында шайбалы хоккейден дәстүрлі Президент кубогы жарысына қатысып, дайындығын бір пысықтап алатын. Тағы сол коронавирусқа байланысты бұл жарыс былтыр мүлде ұйымдастырылмады.
Пандемияға байланысты клубтың биылғы қаржылық жағдайы да өткен жылмен салыстырғанда аса мәз болған жоқ. Нәтижесінде өткен маусымда «Барысты» өрге сүйреген ойыншылардың бір шоғыры, атап айтқанда бас бапкер Андрей Скабелка, қақпашы Эдди Паскуале, тасқамал қорғаушы Атте Охтамаа, «Барыстың» ең үздік шабуылшысы атанған Корбэн Найт пен тағы бір тәжірибелі шабуылшы Ииро Пакаринен командадан кетті. Бәлкім, аталған хоккейшілер биыл да елорда клубында өнер көрсеткенде «Барыс» біраз жерге жетер ме еді, кім білсін?! Оның үстіне команданы жаттықтыру ҚХЛ-да тәжірибесі жоқ Юрий Михайлиске сеніп тапсырылғанын да ұтымды шешім дей алмасақ керек. Әрине, бұл жерде команда басшылығының көрпесіне қарай көсілгені анық.
Сөйтіп маусымаралық үзілісте «Барыс» тізгінін ұстаған 51 жастағы отандасымыз Юрий Михайлис жазғы трансферде жоғарыдағы ойыншылардың орнын басады деген үмітпен шеттен бірнеше хоккейші алдыртты. Мәселен, жазда командаға финляндиялық қақпашы Йони Ортио, швециялық шабуылшы Якоб Лилья, канадалық шабуылшы Мэтт Фрэттин мен қорғаушы Диллон Хетерингтон қосылса, маусым ортасында «Барыс» құрамын финляндиялық қорғаушы Алекс Линтуниеми және канадалық шабуылшы Филип Вароне толықтырды. Бұл ойыншылардың командаға қаншалықты көмегі тигеніне бағаны жанкүйерлер бере жатар.
Маусым алдындағы бір сұхбатында Юрий Михайлис биыл жастарға сенім артатынын айтқан болатын. Бірақ бас бапкер «Барыстың» қосалқы құрамы саналатын «Номад» және жастар ойнайтын «Снежные Барсы» құрамында өнер көрсеткен қорғаушы Самат Данияр мен Тамирлан Гайтамиров, шабуылшылардан Захар Пархоменко мен Максим Мусоровқа «Барыстың» сапында шеберліктерін шыңдауға толыққанды мүмкіндік берген жоқ. Бұл хоккейшілер болашақ Қазақстан құрамасының ойыншылары екенін естен шығармаған жөн еді.
«Барыстың» осы маусымдағы статистикасына аз-кем көз жүгіртсек. Тұрақты біріншілікте 60 ойын өткізген «Барыс» оның 31-інде жеңіс тойын тойласа, 29 кездесуде жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. 69 ұпаймен «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде 6-орын алған жерлестеріміз Гагарин кубогы жолындағы плей-офф кезеңіне шықты. Қазақстан командасы осы аралықта қарсыластарының қақпасына 147 шайба соғып, өз қақпасына 157 шайба өткізіп алған. Әрине, салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бұл жақсы нәтиже емес. Шайба соғу көрсеткіші бойынша орташа есеппен әр ойынға 2,5 шайбадан ғана келеді.
«Барыста» жыл сайын өзгеріс болып жатса да тек 27 жастағы қорғаушы Даррен Дицтің нәтижесі ғана өзгермейді. Бір сөзбен айтқанда, Диц – «Барыстың» көрінбейтін көшбасшысы. Қазақстан азаматтығын алған канадалық хоккейшінің көрсеткіші шабуылдағы әріптестерінен де жоғары тұр. Тіпті көптеген шабуылшы Диц секілді көрсеткішімен мақтана алмайды. Ол 53 ойында қарсыластар қақпасына 17 шайба соғып, 20 рет әріптестерінің көзге түсуіне жағдай жасаған. Пайдалылық коэффициенті жағынан Диц – тек «Барыстағы» ғана емес, лигадағы үздіктердің бірі.
Сонымен қатар «Барыста» әр жылдары үздік үштік жасақталатын. Мәселен, 2008-2010 жылдары Константин Глазачев, Йозеф Штумпел, Максим Спридоновтың ойынына жанкүйерлер қол соғатын. Осы үшеуінің арқасында «Барыс» алғаш рет Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне шықты. 2011 жылдан 2017 жылға дейін Брэндон Боченски, Дастин Бойд, Найджел Доус «Барысты» алға сүйреді. Бұлар да көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Боченскидің бір өзі тарих. Мысалы, 2011/2012 жылғы маусымда ұпай жинау жағынан жеке рекордын жаңартты. Кейіннен өз рекордынан 2015/2016 жылғы маусымда (61 ұпай) асып түсті.
Былтыр Корбэн Найт (20+21), Роман Старченко (18+17) және Никита Михайлис (17+15) үштігі ойнады. Ал осы маусымда алғы шептегі Линус Виделль (9+27), Якоб Лилья (20+15) және Никита Михайлис (19+15) үштігі жанкүйерлер көңілінен шықты.