Өнер • 17 Наурыз, 2021

Мәңгілік дауысы

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей «Алмалы палитра» суретшілер қауымдастығымен бірлесіп «Мәңгілік дауысы» атты көркемөнер туындыларының халықаралық көрмесін ашты. Өнер жәрмеңкесіне отандық 40 суретшінің, сонымен бірге Ресей, Чехия, Болгария, Германия қылқалам шеберлерінің үздік туындылары топтастырылып отыр.

Мәңгілік дауысы

Көрме қабырғасына ілінген сексен картинада сексен түрлі пайым бар. Бейнелеу өнерінің барлық жанрларын қамтыған пейзаждар, натюрморттар, сю­жет­тік композициялар зер­делі көрерменді ой тереңіне жете­лейді. Ең бастысы, әр туындыгер көрмеге қазақ халқының тарихы мен дәстүрлі мәдениетінен сыр шертетін шығармаларымен келген. Заманауи суретшілер көркемөнер саласына киелі тұрмыс-салт элементтерін, тарих пен ежелгі ғұрып-нанымдарды, петроглифтерді, нышан-бел­гілерді, ата-әжелер образдарын, тарихи дәуірлердегі халық ба­тырларының асқақ бейнесін тү­сіндірме сюжеттермен бере білген. Шетелдік суретшілердің қа­зақ жеріне деген шығарма­шылық көзқарастары да сан қи­лы көрініс табады. Олар та­қырыпты көбіне-көп трансцендентальды әлем, сұлулық және табиғат үйлесімі арқылы ашуға тырысқан.

1

– Өнер ұлтқа бөлінбейді. Ол – адамзатқа ортақ құндылық. Қазақ даласының көркем табиғатына, көшпелілер мәдениетінің бай дә­с­түріне қызыға қараймыз. Мұн­да шығармашылық адамына айрықша шабыт сыйлайтын дүниелер өте көп. Тау мен дала да, өзен мен көл де бар. Бұл сұ­лулықты алдымен көңілге көші­ріп алып, кенепке түсіргенде тіп­тен құлпыра түседі, – дейді Че­хиялық танымал суретші Андрей Латынин.

1

Орталық мемлекеттік музей директорының орынбаса­ры Ғалия Теміртон ел Тәуелсіз­ді­гінің дөңгелек датасына орай биыл көптеген көрме жос­пар­­ланып отырғанын, бұл тұр­ғы­да мәдениеттерді байланыс­тыру мақсатында Қазақстан та­қырыбын қылқаламға ар­қау еткен суретшілердің ір­гелі жұ­мыстарын жергілікті кө­рер­менге таныстыруға зор көңіл бө­­­лінетінін айтады. Көрме кура­торлары Қазақстанның өнер қай­раткері Марлан Нысанбаев пен Лидия Дроздова да бұл пі­кір­ді қостады. Өйткені әлемнің ға­жайып мұрасына баланатын елі­міздің сұлу жерлері суретке сұ­ранып тұрады. Бұл өз ке­зе­гінде қазақ даласының тұмса таби­ғатын әлемге танытуға да сеп болмақ.

1

Көрменің символы – мәңгілік – уақыт, табиғат және адамның ажырамас бірлігі, адамның рухани қуатын арттыру, тоқтаусыз даму, шығармашылық және жа­сампаздық идеялар. Алма­ты­лық­тар мен қала қонақтары айтулы өнер туындыларын наурыз айы­ның соңына дейін тамашалай алады.

 

АЛМАТЫ