Аймақтар • 17 Наурыз, 2021

Заречныйдағы баспана дауы тұрғындардың пайдасына шешілді

165 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылындағы төрт қабатты жалдамалы үйде тұрып жатқан 19 отбасын прокурорлық тексеріс заңсыз қоныстанушы деп танып, тұрғындар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қоныстанған баспаналарынан айырылып қала жаздады. Осылайша, 2 жарым жыл бұрын Конституция күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың өз қолынан пәтер кілттерін алып баспана бақытына бөленген бюджеттік мекеме қызметшілері екі күн бойы дүрліккен.

Заречныйдағы баспана дауы тұрғындардың пайдасына шешілді

2018 жылы Северный шағын ауданындағы 5/10-үйге  қоныстанған қатардағы мұғалім, тәрбиеші, дәрігер, мемлекеттік қызмет мамандарына таяуда аудандық тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі келіп, бір айдың ішінде пәтерлеріңізді босатыңыздар деген ескерту хат үлестіріп кеткен. Пәтер жалдау келісім-шартын бұзу туралы ескертуде: «Қостанай ауданы прокуратурасының 2021 жылдың 19 қаңтарындағы №2-0914-21-00070 ұсынысына сәйкес, Қостанай ауданының тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімі» ММ сіздерге 30 күнтізбелік күннің ішінде  2018 жылдың 5 қыркүйегіндегі №36 жалға алу шартының бұзылатынын ескертеді. Сіздерден 30 күнтізбелік күннің ішінде өткізу-қабылдау актісі бойынша пәтерлеріңізді өткізіп беруді сұраймыз», деп жазылып, аудандық бөлімнің басшысы К.Құрманғалиевтің қолы қойылып, мөрі басылған.

- Бұл үйді біз 2018-жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен алдық. Пәтер кілттерін облыс әкімі өз қолымен табыс еткен. Өзім бюджеттік мекемеде жұмыс істеймін. Мамандығым - мұғалім. Бұл үйді мен бюджеттік мекеме қызметкері ретінде алған едім. 14-сәуірде ТКШ бөлімінің қызметкерлері келіп, 30 күннің ішінде пәтерді босатыңдар деп кетті. Біз 2018 жылға дейін баспана кезегінде тұрдық, енді бұл пәтерден айырылсақ, қайда барамыз? Бұл – жалдамалы үй. 3 жылға таяу тұрып жатырмыз. Енді келіп ТКШ мамандары: «Бұл пәтерлер сіздерге қателесіп берілген» - деп отыр. Біздің кінәміз не? Бәріміз баспана кезегінде тұрған жандармыз. Қазір бұл үйден шығарып жіберсе, бұрынғы пәтер алу үшін тіркелген кезегіміз де өтіп кетті. Мұнда тұратындардың көбінің шиеттей бала-шағасы бар, қайда барарымызды білмей бәріміздің басымыз қатып отыр, - деді №1-пәтердің тұрғыны Гүлмира Ғабдуллина.

Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін Орынкүл Қашқынбаева осы үйдің үшінші қабатындағы 28-пәтерде тұрады.

- Бәріміз бір айлыққа қарап отырған адамбыз ғой. Тұрғындардың

барлығының да банктен алған несие қарызы бар. Бұл үйден шығарып жіберсе, пәтер жалдайтын жағдайымыз жоқ. Түс көріп жатқан шығармыз деп әлі сенбей жүрміз. Әкімдік  жайымызды түсініп, пәтерді жалға алу келісім-шартына өзгеріс енгізіп, ай сайын ипотека төлейтін етіп жағдай туғызса жақсы болар еді, - деді О. Қашқынбаева. 

5/10-үй әуел баста жетімдер мен мүмкіндігі шектеулілерге, көп балалы аналарға арналып тұрғызылыпты. Ал жергілікті әкімдік пәтер босатуды талап еткен 19 отбасы бұл санатқа жатпайтын азаматтық және мемлекеттік қызметшілер. Прокурорлық тексеріс осы жерден қате тапқан сыңайлы.

16-наурыз күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов 19 отбасымен кездесіп, жылу маусымы аяқталғанша ешкім жылы орнынан шығарылмайтынын, бұл мәселе әлі де  қарастырылатынын айтып уәде берген.  Артынша, Қостанай ауданы әкімінің баспасөз қызметі «16 наурыз күні Заречный ауылындағы Северный 5/10-үйдің тұрғындарымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов пен аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов кездесу өткізген. «Кездесу барысында тұрғындарға барлық жағдай түсіндірілді. Бұл мәселе жылу маусымы аяқталған соң, әр тұрғынның жағдайына қарай жеке-жеке азаматтық құқық шеңберінде қарастырылады» -деген мәлімет таратты.

17-наурыз күні таңертең аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов Северный 5/10-үйдегі 19 отбасымен қайта кездесіп, тұрғындардың  біржола өз пәтерлерінде қалатынын айтқан. Бұл қуанышты хабарды бізге осы үйдегі 6-пәтердің тұрғыны Тимофей Кобец жеткізді.

«Мәселе шешілді. Бүгін аудан әкімі Жансұлтан Тәукеновтың өзі келіп бәрімізді қуантып кетті. Әкім прокуратураға арнайы хат жазып, нәтижесінде құқық қорғау органдарының қатысуымен жиналыс өтіпті. Жиналыс барысында тұрғындар Северный шағын ауданындағы 5/10-үйге заңды түрде қоныстанған. Мұнда тұрып жатқан мұғалімдер, тәрбиеші, дәрігер мамандар мен мемлекеттік қызметшілер ұзақ уақыт баспана кезегінде тұрды. Олар өз пәтерлерінде қалуға толық құқылы. Сондықтан аталмыш үйдегі 19 отбасы ешқашан пәтерлерінен шығарылмайды деген шешім қабылданыпты. Біз аудан әкімінен отырыс хаттамасымен өзі жазған арнайы хаттың көшірмесін сұрап едік, Жансұлтан Қоңыртайұлы кешке дейін әкеліп, қолымызға тапсыратынын айтты. Енді бәріміз өз пәтерімізде қалатын болдық. Мәселені ушықтырмай, дер уақытында шешіп берген аудан басшылығына алғысымыз шексіз», деді Тимофей Кобец.

        

Қостанай облысы

Заречный ауылы