Аймақтар • 17 Наурыз, 2021

Гарвард университеті қазақстандық Дильназ Камалованы оқуға шақырады

1671 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Дильназ Камалова Гарвард Университетінде білім алуға ресми шақырту алды, деп хабарлайды Egemen.kz

Гарвард университеті қазақстандық Дильназ Камалованы оқуға шақырады

Қазіргі таңда Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 3 түлегі әлемдегі үздік ЖОО-лардың бірі – Гарвард университетінде білім алуда. Осыған дейін, 2019 жылы  Ақназар Қажымұрат пен Селимжан Чалышкан, 2020 жылы Сұлтанәлі Нұрманұлы аталмыш білім ордасына грантқа түскен еді.

17 жастағы Дильназ Камалова оқуда озат, өмірде белсенді. Оның ««Медикаментоздық қашықтан бақылауға арналған ақылды қорапша» жобасы патент жеңіп алды. Смарт дәрі қобдишасы  дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдауды ұмытып кететін жандарға арналады. Осылайша дәріні қандай дозада, қашан ішу керегін үнемі ескертіп тұрады.

– Бұл қорапшаның атауы Sequence (ағыл. «жүйе»). Бұл қорапша созылмалы ауруға шалдыққан науқасқа дәруменін уақытылы қабылдауға көмек көрсетеді. Бұл құрылғымен  бірге жүретін мобильді қосымша бар. Науқастың туған-туысқандары осы мобильді қосымша арқылы ескерту қояды. Уақыт келген кезде науқас визуалды және аудио сигнал ретінде осы ескертулерді қорапшадан көріп, дәруменді қабылдаған сәтте немесе қабылдауды ұмытқан сәтте, қате дозаны қабылдаған кезде, туысқанына мобильді қосымша арқылы ескертулер жібереді,- дейді жоба авторы.

Қазір қобдишада 5 секция бар. Яғни бес түрлі дәрі сақтауға болады. Дильназдың айтуынша, бұл құрылғы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Оған қоса, жақынына жанашыр болғысы келетін жандарға таптырмас құрал. Түрлі ауруға шалдыққан науқастар, не болмаса егде жасқа келіп, ұмытшақтыққа душар болғандар енді осы құрылғының көмегімен денсаулығын бақылауда ұстай алады.

– Алдымен мен осы жобаны досыммен бастадым. Қазір оны өздігімше дамытудамын. Басында біз бұл қорапшаны альцгеймер ауруына шалдыққан адамдарға деп ойладық. Себебі олар дәрумен қабылдауды ұмытып қалуы мүмкін. Алайда уақыт өте біз тек альцгеймер ауруы ғана емес, созылмалы аурулар, диабет, астма секілді ауруға шалдыққандардың да қабылдайтын дәрумен саны өте көп және ұмытып кетуі мүмкін деген ойды қорыттық,- дейді Дильназ.

Ақылды дәрі қобдишасының тағы бір ерекшелігі, оны қол сөмкесіне салып, өзіңмен бірге алып жүру өте ыңғайлы. Ал қорапшаның корпусын Дильназ 3D принтері арқылы басып шығарған. Жоба барысында оқушыға Алматы физика-математика бағытындағы НЗМ технотория-лаборатория меңгерушісі Бекзат Инкаров көп көмектескен.

– Мен қазір 12 сыныпта оқитындықтан, жобаға көп көңіл бөле алмай жүрмін. Бірақ жоғары оқу орнына түскеннен кейін, «ақылды дәрі қобдишаның» мобильді қосымшасын әрі қарай дамытамын деген ойдамын,- дейді Дильназ.

Дильназ Камалованың «Ақылды қобдиша» жобасы Google Science Fair жарысында «Үздік 20 идея» қатарына енді. Осылайша Дильназ Калифорниядағы Google-дың штаб-пәтерінде болып қайтты. Алдағы уақытта 17 жастағы өнертапқыш Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, Алматыдағы ағзасында АИТВ бар науқастарды емдейтін ауруханада қобдишаны іс жүзінде пайдаланып көруді жоспарлап отыр. Ал әзірше жас өнертапқыш жоғары оқу орнына түсуге дайындық үстінде.

Айта кету керек, Гарвард университетінде мамандықты 2-ші курста таңдау мүмкіндігі берілген. Дильназ mechanical engineering/computer science мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр. Қаржылық көмек, шәкіртақы жөніндегі толық ақпаратты Гарвард Университеті сәуір айында жолдайды.