Аймақтар • 18 Наурыз, 2021

Қостанай университетінде жаңа журналдың тұсауы кесілді

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Univer Life» атты жаңа журналдың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Еgemen.kz

Қостанай университетінде жаңа журналдың тұсауы кесілді

Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова, университет ректорының м.а. Алма Досжанова, жергілікті кәсіпкер Қайрат Маишев, білім ордасының ғалымдары, журналистика кафедрасының студенттері мен магистранттары қатысты.

Аталмыш журнал қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрады және әлеуметтік желіде электронды нұсқасы жарияланады. Университет басшысы жиналғандарды құттықтап, журнал редакциясы мен авторларының жұмысына сәттілік тіледі.

«Жаңа журналдың мазмұны әрі қызықты болуы ең алдымен өзімізге байланысты. Алдағы уақытта журналдың әрбір саны шыққан сайын сіздер ұсынған тақырыптар бойынша әлеуметтік желідегі өз парақшамда ой-пікірімді білдіріп отырамын. Университет былтыр педагогика университетімен қосылғанын жақсы білесіздер. Қазір бізде 7 мыңнан астам студент білім алады, оқытушылар мен қызметкерлеріміздің саны бір жарым мыңнан асып жығылады. Жаңа журнал шығару туралы бастама осыдан бір жыл бұрын көтерілген. Бүгін сәті түсіп, сіздерді басылымның алғашқы санымен таныстырып отырмыз. Біз 25 жыл бойы журналист мамандарды дайындап келеміз. Бүгінде біздің түлектеріміз еліміздің көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті қызмет етіп жүр» деді А.Досжанова.

Ахаң университетінде алғаш журналистика кафедрасы ашылған соң, бір жылдан кейін, нақтырақ айтсақ, 1997 жылы  болашақ журналистердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру мақсатында «Білім жарысы» газеті шыға бастады. Одан кейін 2003 жылы белгілі журналист Байтұрсын Ілияс ағамыз республикалық «Қостанай – жас өркен» журналын шығарды.

«Бүгін, міне, сол басылымдардың қатарына жаңа форматтағы, қазіргі заманға лайықты «Univer Life»  журналы қосылды. Бұл басылымның шығуына негізінен журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттері, ғалымдары атсалысады. Біз тек қана университет жаңалықтарын ғана емес жалпы өңір тынысын қамтуды көздеп отырмыз» деді журналистика кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шөрентаев.

Студенттердің жаңа басылымы жылына төрт рет шығып тұрады және оқырмандарға тегін таратылады. Журналда университет тынысы ғана емес, сонымен қатар отандық ғылымдағы жаңалықтар мен түлектерге жұмыс беретін кәсіпорындар, облыстағы сұранысқа ие мамандықтар туралы мазмұнды материалдар жарық көретін болады.