Тарих • 18 Наурыз, 2021

Зұлмат зілі

674 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұратана ұлттарды басып-жаншыған саясат патша құлаған соң тоқталдыға саналып, дала жұрты XX ғасырдың алғашқы кезеңінде еркін демалғандай еді. Өз мұңын өзі жоқтап, мәдениетін көтеріп, ел болуға тырысып жатқан. Алайда көп ұзамай жағдай басқаша рең беріп, нағыз нәубет басталды да кетті.

Зұлмат зілі

 

Якуп ӨМЕРОҒЛУ

 

– Бұл әңгімені қалай да жазуым керек! – деп, кресломнан тұрдым да залдың орта тұсына қарай адымдай бастадым.

– Болмайды, – деді, – әңгіме мұның жүгін көтере алмайды.

– Қалайша болмайды?! Адамдар мұншама ауыр қасіретті білмей жүре беруі керек пе? Бұл зауалдың ұмытылуы – залымдарды қолдаумен пара-пар емес пе?!

Әгәрәки, ол жазушы болған болса «жазамын деп оқталған тақырыбымды қызғанды-ау» деген күмән жанымды жегідей кемірер еді.

Жайғасқан креслосының алдыңғы қырына қарай сәл ығысты да басын көтерді.

– Жазылуы тиіс әлбетте, бірақ ғалымдар жазу керек. Әңгіме мен романдарға арқау болса, оқырман қасіреттің ауқымын тұтастай меңгере алмай түсінбей қалады.

– Неге түсінбейді екен?!

– Қайсыбірінің шын, қайсыбірінің қиялдан туындаған дүние екенін шатастырып, ақиқаттан ауытқып кетеді. Сұрақтары жауапсыз қалып қояды. Сондықтан, бұл мәселемен ғалымдар айналысуы керек, оқырманға ғылыми жұмыстар ұсынылуы керек.

Сөзінің жаны бар сияқты. Расынан да, зұлмат зілі мен қасіреттің ауыртпалығы, жантүршігерлігі соншалық, әңгіме түрінде жазылған болса, оқырман мұны жазушының қайткен күнде де оқырманды өзіне баулу үшін ойдан құрастырған сандырағы, тіпті, жазушының шикілігі деп те қабылдауы бек мүмкін-ді. Сонда өнердің, әдебиеттің қуатын қайтпекпіз?

Орныма қайта жайғастым. Адамдардың тартқан тәлкегі мен аянышты тағдыры жан дүниемді шыжғырып барады. Жазбайынша тыншыр емеспін. Басымды көтеріп оған қарап едім, бұл сұрапыл зауал оның да жүрегінің күл-талқанын шығарғанын анық көріп, сезіндім.

– Бірақ ғалымдар «Қазақстанда үш миллион адам аштықтан қырылды» деумен трагедияның ауқымын толық қамтыдық деп ойлайтын секілді. Өлгендердің саны неғұрлым көп болса, соғұрлым әсерлі болады деп ойласа керек. Үш миллион адам! Бұл тұрмақ, бір адамның, қала берді, кез келген тіршілік иесін «өздігінен аштан өлді!» деудің өзі қисынға келмейді ғой! Аштықтан өлгені несі? Үш миллион тірі жан ғой бұл?! Аман қалғандар да бар!.. Аман қалса да өмір бойы осы қасіреттің зілі мен тауқыметін тартуға мәжбүр болғандар... Яғни сол зұлматты басынан өткерген, тірі куәгерлер! Қасіреттің бұл зілін қалай арқалап жүрді екен?! Өлмеу үшін, тірі қалу үшін қандай жанкештілікке, нендей құрбандыққа барды екен? Аман қалғандардың кейінгі өмірі қалай болды екен?

Креслоның алдыңғы шетіне ығысып отырып, өзін қанша байсалды ұстағысы келсе де жүйкесі бой бермеді. Орнынан жұлқына тұрды да, залдың қақ ортасына жеткенде қалт тоқтап Сталинге, Сталинмен қоса түгел жандайшаптарының түменіне лағынет жаудырды. «Бір емес, бес емес, үш миллион адамды түгелдей жойып жіберу» дегенді қалай қабылдауға болады?

Сосын кілт тоқтап, даусын бәсеңдетіп:

– Әңгіме емес, роман жазылса ғой... Әлі жазыла қоймаған болар? – деп сұрады.

Әсілі, бұл сұрақтың жауабын өзі де жақсы білетін.

– Роман жазу былай тұрсын, өлгендерді жоқтаудың өзі қылмыс болатын. Тыйым салынды! Тек сталиндік жүйе күйрегеннен кейін ғана айтыла бастады.

Көздерін терезе жаққа бұрды. Сырттағы беймәлім нүктеге біраз қарап тұрды да, терең күрсінді. Ойындағысын ұғынып, сезініп тұрмын: «Отбасыңыздан, туыстарыңыздан, халқыңыздан үш миллион адам көз алдыңызда аштықтан қырылып қалады... Сіз, шексіз зұлымдықтың зардабын тартасыз... Солай бола тұра, сізге өлген адамдардың артынан жылауға, жоқтауға тыйым салынып тастайды»!? Ойлағандары осы болатын.

Орнымнан түрегеліп қасына бардым.

– Бұл тақырыпта Смағұл Елубайдың «Арасат Майданы» деп аталатын романы бар. Романнан кейін ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш орнатты, – дедім.

Маған қарап бұрылды да бетіме тік қарап:

– «Қазақ, көргенің азап» дейтін сөз бар ғой, солай емес пе?

– Иә, – дедім, басымды изеп.

Сосын, бұл тіркесті бірнеше рет қайталап шықты: «Қазақ, көргенің азап»! Әр айтқан сайын «қасірет», «мейірім», «күйреу», «сабыр» секілді сезімдер бір-бірімен мидай араласып, тұтасып онсыз да булығып тұған алқымын одан сайын керней түсті.

– Азап! Тіптен азаптан да бетер! – дедім, – Ана бір баласының өмірін сақтап қалу үшін екіншісінен баз кешіп, оны қасқырға жығып кетуге мәжбүр болуы – азаптан да бетер емей немене?! Ананың бұнан кейінгі өмірі не болды екен? Өмірі – өмір болды ма екен? Мұндай азапқа жан шыдар ма?

Ертеректе естіген сол бір қайғылы оқиғаны қайта тыңдағысы келгендей бұрыла қарады.

– Бәріміз танитын атақты профессордың анасы осындай құбандыққа барыпты, – дедім.

Есіне түсірген болатын. Бірақ мен сонда да қайталап баяндап бердім.

– Сталиндік режім халықтың бар байлығын кәмпескелеген жылдар... Қазақ халқының төл кәсібі мал шаруышылығы емес пе? «Сіз байсыз» деп, қолдағы бар малын тартып алады. Қалғандарына жүн салығын салады. Халық амалсыз көнеді. Жүні қырқылған мал қысқа шыдай алмай, кеселге шалдығып түгел қырылып қалады. Халықтың жейтұғын азығы қалмайды. Профессордың анасы кішісін қойнына, үлкенін жетекке алып, қақаған аязда туыстарына жаяу жолға шығады. Әкелері болса өлген... Ең үлкені бесте, кенжесі алты айға енді толған. Бірнеше күннен бері нәр тартпаған. Балалар жылап келеді. Ана да аш. Баласын емізеді, бірақ, аш анада сүт қайдан болсын?

Жандарын шүберекке түйіп, титығып туыстарының ауылын бетке алып келеді. Уақыт болса – қыс. Даланы тегіс қар басқан. Аяз жанды қарып барады. Даланың қасқыры да аш. Баланың жылаған дауысын естігендіктен бе, әлде, адамның жылы иісі еліткендіктен бе, белгісіз, әйтеуір, аш қасқырлар ана мен баланың жолын кесіп, қоршап алады.

Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған байғұс ана осылайша өмірінің ең үлкен сынағына тап болады.

Жапан далада аш қасқырдың үйірімен бетпе-бет келген бейшара ананың қолынан не келер?!

Қолындағы алты айлық шақалақ сәбиін үйірдің алдына тастайды сонда. Аш қасқырлар алты айлық сәбиіне тап беріп, жұлмалай бастағанда сорлы ана екінші баласын етегіне тығып қаша жөнеледі...

Бұл қасіреттің мазмұнын еш бір сөздің толық аша алмайтындығын, мағынасын дәл жеткізуге құдіретінің жетпейтіндігін білемін. Әйтсе де, ана мен баланың басындағы бұл қасіретті міндетті түрде оқырман оқуы керек деген ойдамын.

Даусымды әдеп шегінен асырмай, әйтсе де, қатқыл үнмен өз ойымды жайып салдым тағы да:

– Енді, бұл қасірет айтылмай, тасада қалып қоя берсін бе? Бұл жанайқай ғылыми мәтіндегі «үш миллион адам аштықтан өлді» деген сөздің құрсауында жұтылып кете берсін бе?!

Кеудемізді әлдебір ыза мен ауыр өксік кернеп, бөлмені үнсіздік басты.

Ендігі, орнымыздан тапжылмай, әлдебір тұңғиыққа көз жіберіп, тереңнен тыныстап отырмыз.

Кенет булыққан бар ашуын, кернеген бар ызасын, өзегін өртеген өшін бойына жинады да бір ғана сөзді екі рет қайталады, қадап-қадап:

– Жаз! Жаз!

Зауал қасіретін жазбаққа бел буған мен, бұдан былайғыда, бұл аманатты орындай алар ма едім?

 

Аударған

Нұрғали ЖҮСІПБАЙ