Елбасы осы қадамы арқылы да өзінің өзге жұрттарға өнеге көрсете алатын, ұлты үшін, елінің болашағы үшін тағдырлы қадамдарға бара алатын сұңғыла басшы, сарабдал саясаткер екенін тағы бір рет дәлелдеді. Көреген басшы өз таңдауын жасарда жаңылмапты. Оның көрегендігі де осында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси сабақтастықты сақтай отырып, Елбасы арқалап келген мемлекет басқару жүгін әрі қарай нық сеніммен алып кетті. Бұған содан бергі екі жылдың бедеріндегі Президенттің қызметі куә.
Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, саяси-экономикалық үдерістерге зер салсақ, мемлекетті кем дегенде төрт жыл басқарған адамның ғана еңбегін объективті бағалауға болады. Жаһандық статистикада қамтылған 204 мемлекеттің басқару моделіне жүргізілген талдау осыны көрсетіп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде қызметке кіріскеніне екі жыл ғана уақыт өтті. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл баға беруге жеткілікті кезең емес. Дегенмен осы елдің азаматы ретінде Президенттің атқарған жұмыстарын бағалауға негіз бар. Осы екі жылда бұрын болмаған ішкі және сыртқы сынақтар мен тәуекелдер орын алды. Тіпті экономикалық және ұлттық қауіпсіздікке ықпал ететін түрлі ішкі және сыртқы факторлар пайда болды. Сондықтан екіжылдық мерзім де оңай болған жоқ. Бірақ кедергілерге қарамастан, елімізді кездескен қиындықтардан аман-есен алып өтіп, алға жетелеп, кәсіби маман, білікті басшы екенін дәлелдеді.
Жалпы, Президенттің жұмысын үш өлшем бойынша бағалаған дұрыс. Біріншісі – саяси еркіндік, екіншісі – экономикалық еркіндік, үшіншісі – азаматтық қоғам еркіндігі.
Саяси еркіндік туралы сөз қозғар болсақ, Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңес аясында еліміздегі саяси еркіндікті нығайтуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Мәселен, саяси партияларды тіркеу кезіндегі кедергілер азайды, Парламент Мәжілісінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота берілді. Парламенттік оппозиция институтын енгізу және ауыл әкімдерін саялау туралы бастаманы да осы қатарға жатқызуға болады.
Экономикалық еркіндік бағытындағы іргелі жұмыстың бірі – Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің құрылуы. Бұл бағытта да қыруар шаруа тындырылуда. Президенттің тікелей тапсырмасымен қолға алынған жерге, Салық кодексіне қатысты енгізілген өзгерістер – осыған дәлел. Шетелден жұмыс күшін тартуға байланысты түбегейлі шешім қабылданғанын да атап өту керек.
Азаматтық қоғам еркіндігі тұрғысынан да біраз жұмыс атқарылды. Соның негізгілерінің бірі – митинг туралы заңнаманың жеңілдетілуі.
Екі жылда ұлттық қуатты нығайтуға бағытталған іс-шараларға да куә болдық. Оның үш өлшемі бар. Біріншісі – халықаралық қатынастарға үлес қосу қабілеті, екіншісі – дағдарысты ахуал немесе күрделі жағдай туғанда елдің өмір сүру қабілеті, үшіншісі – қолда бар күш-қуатын, ресурсын пайдалана отырып, басқа елдерге ықпал ету қабілеті. Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен осы қабілеттің үшеуі де сыр берген жоқ.
Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,
Экономикалық саясат институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі