Оқиға • 19 Наурыз, 2021

Баспана дауы тұрғындардың пайдасына шешілді

237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылындағы төрт қабатты жалдамалы үйде тұрып жатқан 19 отбасын прокурорлық тексеріс заңсыз қоныстанушы деп танып, тұрғындар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қоныстанған баспаналарынан айырылып қала жаздады. Осылайша, 2 жарым жыл бұрын Конституция күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өз қолынан пәтер кілттерін алып, баспана бақытына бөленген бюджеттік мекеме қызметшілері екі күн бойы дүрліккен.

Баспана дауы тұрғындардың пайдасына шешілді

2018 жылы Северный көше­сіндегі №5/10 үйге қоныс­танған қатардағы мұғалім, тәрбиеші, дәрігер, мемлекеттік қызмет мамандарына таяуда аудандық тұрмыстық-коммуналдық шаруа­шылық бөлімінің өкілі келіп, «бір айдың ішінде пәтерлеріңізді боса­тыңыздар» деген ескерту хат үлестіріп кеткен. Пәтер жал­дау келісімшартын бұзу туралы ескертуде: «Қостанай ауда­ны прокуратурасының 2021 жылдың 19 қаңтарындағы №2-0914-21-00070 ұсынысына сәй­­кес, Қос­танай ауданының тұр­мыс­тық-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі сіздерге 30 күнтізбелік күн ішінде 2018 жылдың 5 қыркүйегіндегі №36 жалға алу шартының бұзылатынын ескертеді. Сіздерден 30 күнтізбелік күннің ішінде өткізу-қабылдау актісі бойынша пәтерлеріңізді өткізіп беруді сұраймыз» деп жазылып, аудандық бөлімнің басшысы К.Құрманғалиевтің қолы қойылып, мөрі басылған.

– Бұл үйді біз 2018 жылы «Нұр­лы жер» бағдарламасымен ал­дық. Пәтер кілттерін облыс әкімі өз қолымен табыс еткен. Өзім бюджеттік мекемеде жұмыс істеймін. Мамандығым мұғалім. Бұл үйді мен бюджеттік мекеме қызметкері ретінде алған едім. 14 сәуірде ТКШ бөлімінің қыз­меткерлері келіп, 30 күннің ішінде пәтерді босатыңдар деп кетті. Біз 2018 жылға дейін баспана кезегінде тұрдық, енді бұл пәтер­ден айырылсақ, қайда барамыз? Бұл – жалдамалы үй. 3 жылға жуық уақыт тұрып жатырмыз. Енді келіп ТКШ мамандары: «Бұл пәтерлер сіздерге қателесіп берілген», деп отыр. Біздің кінәміз не? Бәріміз бас­пана кезегінде тұрған жандармыз. Қазір бұл үйден шығарып жіберсе, бұрынғы пәтер алу үшін тіркелген кезегіміз де өтіп кетті. Мұнда тұра­тындардың көбінің шиеттей бала-шағасы бар, қайда барарымызды білмей бәріміздің басымыз қатып отыр, – деді №1 пәтердің тұрғыны Гүлмира Ғабдуллина.

Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін Орынкүл Қашқынбаева осы үйдің үшінші қабатындағы №28 пәтерде тұрады.

– Бәріміз бір айлыққа қарап отырған адамбыз ғой. Тұрғындар­дың барлығының да банктен алған несиесі бар. Бұл үйден шығарып жіберсе, пәтер жалдай­тын жағдайымыз жоқ. Түс көріп жатқан шығармыз деп әлі сенбей жүрміз. Әкімдік жайымызды түсініп, пәтерді жалға алу келісім­шартына өзгеріс енгізіп, ай са­йын ипотека төлейтіндей жағдай туғыз­са жақсы болар еді, – деді О.Қашқынбаева.

№5/10 үй әуел баста жетімдер мен мүмкіндігі шектеулілерге, көп балалы аналарға арналып тұрғызылыпты. Ал жергілікті әкімдік пәтер босатуды талап еткен 19 отбасы – бұл санатқа жатпайтын азаматтық және мемлекеттік қыз­метшілер. Прокурорлық тек­се­ріс осы жерден қате тапқан сы­ңайлы.

16 наурыз күні облыс әкімі­нің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов 19 отбасымен кездесіп, жылу маусымы аяқтал­ғанша ешкім жылы орнынан шыға­рылмайтынын, бұл мәселе әлі де қарастырылатынын айтып уәде берген. Артынша, Қос­та­най ауданы әкімінің баспа­сөз қызметі «16 наурыз күні Зареч­ный ауылының Север­ный көшесіндегі №5/10 үй­дің тұр­ғындарымен облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Ғауез Нұр­мұхам­бетов пен аудан әкі­мі Жан­сұлтан Тәукенов кездесу өткізген. «Кездесу барысында тұр­ғындарға барлық жағдай түсін­дірілді. Бұл мәселе жылу мау­сымы аяқталған соң, әр тұрғын­ның жағ­дайына қарай жеке-жеке азамат­тық құқық шеңберінде қарас­тырылады» деген мәлімет тарат­ты.

17 наурыз күні таңертең аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов №5/10 үйдегі 19 отбасымен қайта кездесіп, тұрғын­дардың біржола өз пәтер­лерін­де қалаты­нын айт­қан. Бұл қуа­нышты хабарды бізге осы үйдегі №6 пәтердің тұрғыны Тимофей Кобец жеткізді.

– Мәселе шешілді. Бүгін аудан­ әкімі Жансұлтан Тәукеновтің өзі келіп бәрімізді қуантып кетті. Әкім прокуратураға арнайы хат жазып, нәтижесінде құқық қорғау органдарының қатысуымен жиналыс өтіпті. Жиналыс барысында тұрғындар №5/10 үйге заңды түрде қоныстанған. Мұнда тұрып жатқан мұғалімдер, тәрбиеші, дәрігер мамандар мен мемлекеттік қызметшілер ұзақ уақыт бас­пана кезегінде тұрды. Олар өз пәтерлерінде қалуға толық құқылы. Сондықтан аталған үйдегі 19 отбасы ешқашан пәтерлерінен шығарылмайды деген шешім қабылданыпты. Біз аудан әкімінен отырыс хаттамасы мен өзі жазған арнайы хаттың көшірмесін сұрап едік, Жансұлтан Қоңыртайұлы кешке дейін әкеліп, қолымызға тапсыратынын айтты. Енді бәріміз өз пәтерімізде қалатын болдық. Мәселені ушықтырмай, дер уақытында шешіп берген аудан басшылығына алғысымыз шексіз, – деді Т.Кобец.

 

Қостанай облысы,

Заречный ауылы