Аймақтар • 19 Наурыз, 2021

Ауыл балалары «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысады

1494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстағы дарынды ауыл балалары «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысады, деп хабарлайды Еgemen.kz

Ауыл балалары «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысады

Қазір өңірде 3000-нан аса адам тіркеліп үлгерді. Олимпиада жеңімпаздары еліміздің үздік мектептерінде білім алуға, қашықтан академиялық қолдауға ие болады.

Олимпиада тегін өткізіледі. Мұндағы басты ереже – үміткерлер соңғы екі оқу жылында ауыл мектептерінде білім алуы тиіс. Сондай-ақ, биыл олимпиадаға 2020 жылы қатысқан ауыл мектептерінің 6-сынып оқушыларына да қатысуға рұқсат етіледі.

– Өткен жылы олимпиадаға 5 және 6-сынып оқушыларынан І кезең қорытындысы бойынша 301 бала іріктеліп алынды. ІІ кезең қорытындысымен 5 сыныптан–38 бала, 6 сыныптан–37 бала, барлығы 75 оқушы жеңімпаз атанды. Бүгінгі таңда 23 оқушы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқуын сәтті жалғастыруда. Биыл біз қатысушылардың саны еліміз бойынша 15500-ге дейін өседі деп болжап отырмыз. Жалпы біздің өңірде ауыл оқушыларының олимпиадаға қатысу үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған, деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.

Жоба порталындағы тіркеу нысаны Білім министрлігінің талдау орталығымен бірлесіп жұмыс істейді. Егер өтінішті қалалық жерден келген оқушы берсе, оған автоматты түрде бас тарту туралы смс хабарлама келеді. Жалпы, олимпиаданы өткізу кезінде оқушылардың танымдық және академиялық дағдылары онлайн және офлайн режимінде компьютерлік тестілеу арқылы бағаланады. Тест сұрақтарын мамандандырылған жұмыс тобы халықаралық стандартқа сәйкес әзірледі.

– Олимпиадаға қатысу үшін оқушы 24 ақпаннан - 24 наурызға дейін арнайы сайтқа тіркелуі тиіс. Олимпиада 2 кезең бойынша өтеді. Бірінші кезең логикалық және кеңістіктік ойлау секілді екі бөлімнен тұрады. Тестілеу Елбасы Академиясының платформасында онлайн форматта өткізіледі, деді облыстық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Гүлжахан Ізбасарова.

Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтеді.