Экономика • 19 Наурыз, 2021

Әкімшілік модельден – сервистік модельге

581 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Бұл құжат мемлекеттік басқару жүйесінің пайымы мен даму қағидаттарын белгілеп, 2030 жылға дейінгі оның негізгі бағыттарын жетілдіру тәсілдерін айқындайды, деп хабарлайды Еgemen.kz

Әкімшілік модельден – сервистік модельге

Тұжырымдаманың мақсаты – азаматтар мен олардың әл-ауқаты басты құндылық болатын мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағытталған» моделіне көшу. Қазіргі таңда мемлекеттік басқару саласын реформалау жұмыстарымен айналысып жатқан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов құжатты егжей-тегжей түсіндіріп, оның негізгі жаңалықтарымен бөлісті. 

– Тұжырымдама мемлекеттік аппаратты мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағдарланған» моделіне, яғни, бюрократиялық модельден проактивті қызметке көшуіне бағыттайды, деді агенттік төрағасы Қайрат Келімбетов. 

Мемлекеттік саясаттарды қалыптастыру мен іске асыру кезінде мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік басқарудың бес негізгі қағидатын басшылыққа алатын болады. Мемлекет «халық үніне құлақ асатын», тиімді, қоғам алдында есеп беретін, кәсіби және прагматикалық болуы қажет.

Осы қағидаттарға сүйену үшін мемлекеттік аппарат тоғыз негізгі міндетті орындамақ. Атап айтқанда, олар – клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, сондай-ақ реформалар жүргізу тәсілдерін жетілдіру, оңтайлы және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, азаматтардың қажеттіліктеріне негізделген проактивті мемлекеттік қызметтерге көшу, адами ресурстардың сапасын жақсарту және мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, тиімді, оңтайлы және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау, мемлекеттің сервистік моделін құру үшін сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін трансформациялау.

Тарқатып айтар болсақ, мемлекеттік қызметтер Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы аясында цифрлық форматқа көшуді жалғастырады. Мемлекеттік аппараттың қызметі проактивті болып, халықтың мұқтаждықтарына сай қайта форматталады. Әлеуметтік сала ұйымдарына қоғамдық мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін «қоғамдық маңызы бар қызмет» ұғымын енгізу жоспарлануда.

Қызметтер барынша қысқа мерзімде эксаумақтық (тұратын жеріне байланбай), проактивтілік және композиттік қағидалары бойынша көрсетілетін болады. Бұл ретте композиттік қызметтер алушыларға бір өтініш негізінде ұсынылады.

Қазақстандықтар қандай да бір сұрау салусыз мемлекеттік қызметті алу қажеттілігі немесе мүмкіндігі туралы автоматты түрде хабарлама алмақ. Кей жағдайларда қызметтер проактивті түрде көрсетіледі.

Сонымен қатар, Мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделінде елдегі құқық үстемдігі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үндейтін сот және құқық қорғау жүйелеріне ерекше назар аударылатын болады. Қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған сот әкімшілігін жүргізудің қағидалық жаңа амалдары қалыптастырылмақ.

Толыққанды тәуелсіз сот билігі адам мен қоғам тарапынан құқықтар мен мүдделерді іске асыруды сапалы қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі атқарушы биліктің мінез-құлқы мен қызметінің моделін қайта құрылатын болады. Инвесторлар тарапынан мемлекетке сенімді арттыру мен оларды қорғау жөніндегі жұмыстары одан ары жалғастырылмақ. Осы тұрғыда АХҚО Сотының коммерциялық келісімшарттар бойынша шарттық талаптарды қарау мүмкіндігі пайдаланылады. 

Қазақстанның сот корпусы биліктің басқа тармақтарының қатысуынсыз жаңартылады және қалыптасады. Судьяларды іріктеу барысы БАҚ-та қатар жарияланады.

Құқық қорғау органдарының жұмысын күшейту үшін қызметке кіру және қызмет бабында ілгерілету кезінде меритократия қағидасын қамтамасыз ете отырып, кадрларды іріктеу сапасы артады.

Агенттік төрағасының айтуынша, тұжырымдаманың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін әр бағыт бойынша бірқатар нақты бастамалар қарастырылған. Құжаттың сапалы орындалуы мемлекеттік басқарудың тиімділігін, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен есептілігін арттыруға, мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты жақсартуға, халықтың мемлекет институттарына деген сенімін нығайтуға ықпал етуі тиіс.