Білім • 19 Наурыз, 2021

«Барманқұлов оқулары» аясында өткен студенттік байқау мәресіне жетті

530 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінде өткен «Барманқұлов оқулары» аясында «ХХІ ғасырдың жаңа медиа-ландшафты» байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz

«Барманқұлов оқулары» аясында өткен студенттік байқау мәресіне жетті

Журналистика факультеті ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы телерадио журналистиканың негізін салушы, журналистика ғылыми мектебінің негізін қалаған, ұлттық телерадио хабарларын таратуға үлкен үлес қосқан, қазақстандық журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген ғалым, профессор Марат Барманқұловты еске алуға арналған конференция барысында байқау жеңімпаздары марапатталды.

Биыл 20-шы рет өтіп отырған байқау студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденісін арттыруға, телерадиожурналистика бағытындағы шығармашылық ойлары мен жаңаша идеяларын жүзеге асыруға ықпал етеді. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» тақырыбындағы үздік материал, телесюжет, аудиоролик, баспасөз материалы, ғылыми жұмыс номинациялары бойынша байқау жеңімпаздары қатарында Қырғызстаннан Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің журналистика факультеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің мемлекеттік тілді оқыту кафедрасы, сондай-ақ Тұран университеті, әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті студенттерінің жұмыстары аталды.  Бір ерекшелігі мектеп оқушылары да байқауға қатысып, бақ сынауға мүмкіндік алды. Солардың бірі Қызылорда облысы Шиелі ауданы №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектебіоқушысы Айбек Берікболұлының жұмысын ерекше атап өткен жөн.

Марат Барманқұлов - Қазақстан Журналистика академиясының академигі, көрнекті ғалым, тележурналист, журналистика және бұқаралық коммуникация, мәдениеттану, түркология бойынша көптеген кітаптардың авторы. Сонымен бірге елімізде интернеттің пайда болуы мен оның электронды ақпарат құралдарына, қоғам дамуына әсерін зерттеген алғашқы қазақстандық зерттеуші болып табылады.

Ғалым өмірінің соңғы жылдары Еуразияны, түркологияны зерттеді. Ғалымның еңбектері ғылыми ізденістерінің, өмірдің мәні туралы терең ойларының нәтижесі іспетті.

 Ол республикада журналист кадрларын даярлауға үлкен үлес қосты. М.К.Барманқұловтың мектебінен өткен С.Ахметова, Г.Ж.Ибраева, С.Х.Барлыбаева, Ш.И.Нұрғожина, К.Қабылғазина, Құрсын, А.А.Молдабеков, Ш.Нұржанова, Д.Шорохов, Г.Байкенова және басқалар бүгінде елімізге танымал ғалымдар ғана емес, ғылыми мектептің негізін қалаушылар. Жаңа идеялардың, жобалардың, кітаптардың, конференциялардың генераторы бола білген зерттеуші, тәлімгер, оқытушы, шығармашыл тұлға Марат Барманқұловтың шәкірттері бүгінде ұстаз мұрасын өнеге тұтады.