Экология • 20 Наурыз, 2021

Атадан мал қалғанша, тал қалсын

1192 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көктем – тіршілік атаулыға жан бітіп, табиғаттың жаңғыратын кезеңі. Содан болса керек, көшпенділер жыл бастауын дәл осы кезден санауды жөн деп тапқан. Биылғы Наурыздың ерекшелігі сол, елімізде экологияны қорғауға бағытталған «жасыл» акциялар ұйымдастырылып, тал егу жұмыстары қарқын алады.

Атадан мал қалғанша, тал қалсын

Айналада жасыл белдеу жайқалады

Экология, геология және та­би­­ғи ресурстар министрлігінің ақпа­ратына сүйенсек, Наурыз мей­рамы аясында республика көлемінде Мемлекет бас­шы­сы­ның орман қорын 5 жылда 2 млрд ағашқа дейін көбейту бас­та­масын іске асыру қолға алынады. Алдымен еліміздегі ірі шаһарлар мен елді мекендердің маңайында жасыл бел­деуді қа­лып­тастыру бағытында атқа­­рыл­ған жұмыстарға тоқтала ке­­тейік. Айталық, бас шаһар­дың тө­ңі­регіндегі жасыл аймақты құру жұ­мыс­тары 1997 жылы Қазақ­станның Тұңғыш Пре­зи­ден­ті Нұрсұлтан На­зар­­баев­тың бастамасымен жүзеге асырылған болатын. Елорданың табиғи-климаттық ерекшеліктерін ес­кер­сек, алғашқыда бұл жобаның сәтті орындалатынына көпшілік күмәнмен қараған.

– Бұл жұмысқа алғашқы жылда­ры кіріскенде көп қиыншылық туын­­дады. Неге десеңіз, ағаштар­дың жерсінуі оңай шаруа емес. Оның үстіне өңірдегі табиғи ерек­ше­­ліктерді ескеру қажет. Десе де уа­қыт өте келе бұл шаруаны мең­геріп алдық. Бастапқыда егіл­ген кө­шет­тердің жерсінуі 10-15%-ды құраса, қазір бұл көр­сет­кіш 65-70%-ға жетіп отыр. Бү­гінде бас қаланың жасыл бел­деуінде 87 мың гектардан аса ағаш өсіп тұр. Бұған қоса оның іші аң-құсқа толтырылып, қазір бұл аймақ елордалықтардың сер­уендеп, тынығатын сүйікті орын­да­рының біріне айналды, - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Жоғарыдағы тәжірибенің негі­зін­де бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде де атқарыла бас­тапты. Мәселен, Түр­кістан об­лыстық мәртебеге ие бол­ғалы бері күнгей өңірде жасыл желекпен көм­керу жұмыстары қарқын алды. Атап айтқанда, облыс орталығының ма­ңайында 13 мың гектардан аса алқапқа ағаш егілді. Алдағы уақытта оның көлемін 20 мың гектарға кө­бейту межесі қойылып отыр. Осы ретте көгалдандыру жұмыстарына жер қойнауын пайдаланушылар ­да тар­тылып, бизнес субъектілері әлеу­меттік жауапкершілік аясын­да өңірлердегі экологиялық ах­уалды жақ­сартуға өз үлестерін қосуға кі­ріс­ті, деді вице-министр.

– Заң бойынша жер қойнауын пайдаланушылар орман қорының 1 гектарын алса, тиісінше 2 гектар алқапқа ағаш отырғызуға мін­дет­ті. Осыған байланысты «Қазатом­пром» кәсіпорны Түр­кіс­­танның маңайына 12 мың­дай гектар жерге тал егу міндет­те­ме­сін алып отыр. Сол секілді күні кеше Теміртау қаласында «Арселор Миттал Темиртау» АҚ өкілдерімен жиналыс өткізіліп, қа­ланың айналасында жасыл бел­деу құруға қатысты жобаны дайындауға келісті. Сондай-ақ Атырау өңірінде мұнай өндіруші ком­­пания 300 гектардай жерге кө­шет отыр­ғызып, шаһардың ішін көгал­дан­дыруға атсалысады, – деді Е.Нысанбаев.

Жер көлемі жағынан Қазақ­­стан әлемде 9-ншы орын алғаны­мен еліміздегі орман қорының үлесі небәрі 4%-ды құрайды. Ормандарды молықтырып, өсіру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына 5 жылда отандық орман қорын 2 млрд ағашқа дейін арттыру тапсырмасын қойған болатын. Аталған тапсырманы орын­дау үшін жауапты ведомство өңірлік атқарушы билік өкіл­дері, сол секілді орман шаруа­шы­лық­тарымен бірлесіп, арнайы жоспарды бекітті. Соған сәйкес, 1,5 млрд-тай ағашты егу міндетін жергілікті атқарушы органдары өз жауапкершілігіне алса, Экология министрлігіне қарасты ведомстволар 250 млн-дай дана тал отыр­ғызбақ. Қалған көлемді жо­ға­рыда келтірілгендей, жер қой­науын пайдаланушылар егетін болады.

 

«Таза табиғат» тазалыққа шақырады

Әз Наурыз қарсаңында республика аумағында «Таза табиғат» экологиялық жобасы іске асырылатынын айта кеткен орынды. Ауқымды жобаның шеңберінде Алматы, Маң­ғыстау, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда об­лыс­­тарымен бірге Алматы мен Шымкент қалаларында Мем­лекет басшысының орман қо­рын­­да 2 млрд ағаш отырғызу бас­­тамасы әрі 15 млн түп көшетті елді мекендерде егу жобасы бас­тал­мақ. 24 сәуірде бұл жұмыс қал­ған өңірлерде жалғасын тауып, «Мекенім – жасыл елім» және «Бұл менің ағашым» акцияларына ұласатын болады.

– Сәуір айына белгілеген себебіміз еліміздің орталық, шы­ғыс және солтүстік өңірлерінде ауа райы осы кезеңде жылынып, тал отырғызуға ыңғайлы болады деп үміттеніп отырмыз. «Мекенім – жасыл елім» акция­сын ұйымдастырудағы негізгі мақ­сатымыз – халықты кө­гал­дан­дыру жұмысына тар­ту арқылы қор­шаған ортаны сақтауға дағ­ды­лан­дыру. Мек­теп­терде мұндай акциялар «Бұл менің ағашым» деген атаумен өткі­зіледі. Бұл жо­балардың тәрбие­лік мәні зор. Тәрбие – тал бесік­тен басталатынын ескерсек, бір ағаш еккен бала ешқашан бір бұтақ­ты да сындырмайды деп санай­мын. Сондықтан да осы қолға алынған жұмыстар адамдардың санасын оятып, экологиялық мәде­ниеттің қалыптасуына әсер етеді деген сеніміміз мол, – дейді Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нистрінің орынбасары.

Бұдан бөлек, «Таза табиғат» жобасы арқылы су айдындары мен өзен, көлдердің жағалауын заңсыз балық ауларынан, сондай-ақ басқа да қалдықтардан тазартуды көздейтін «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту», «Таза су айдындары» секілді акциялар өткі­зіледі деп жоспарлануда. Жыл­дағы игі дәстүрге сәйкес, ұлт­тық парктер мен ерекше қор­ғаудағы табиғи аумақтарды көркейтуге бағыт­талған «Парк­тер шеруі» және «Бірге таза Қазақ­стан» акциялары биыл да жал­ғасатын болады.

– Осы орайда ескерте ке­те­йін, 2 млрд ағаш мемле­кет­тік ор­ман қо­рында арнайы ма­ман­дан­дырылған шаруа­шы­лық­тар­дың көмегімен отыр­ғы­зы­ла­ды. Бүгінде мемлекеттік орман қо­рын­да 5 млн 200 мың гектар жер­дей алқапта орман дақылдар қоры қарастырылған. Бұл нені білдіреді? Аталған аумақ ағашты қолдан егуге қолайлы жер саналады. Әлбетте, көшеттер жергі­­лікті өңірлердің та­би­ғи-кли­мат­тық ерекшеліктеріне байланыс­ты отырғызылады. Мәселен, сол­түс­тік өңірлерде қарағай, шыр­ша, қайың, қараған және қылқан жапырақты ағаш түрлері егілсе, еліміздің оңтүстігінде Тянь-Шань шыр­шасы, қайың және терек сынды ағаш түрлері өсірілетін болады. Тұтастай алғанда, әр өңірдің өзіне тән, жерсінген жасыл желек отыр­ғы­зы­лады. Егілетін өсімдік түрлері екі жылдық биіктігі 10-15 см-ді құрайтын да­­қылдар еке­нін айта кету керек. Ке­зінде ел­ор­­даның төңірегіндегі жасыл белдеуге де осындай 10-15 см-лік көшеттер егілген еді. Қазір оның қалай жайқалып өсіп тұр­ға­ны бар­­шаға мәлім, – дейді Е.Нысанбаев.

Естеріңізге сала кетейік, елі­міз­дің ор­ман қорындағы жасыл же­лекті 2 млрд ағашқа дейін кө­бей­ту тапсырмасы 2025 жылға дейін белгіленген.