Руханият • 20 Наурыз, 2021

Ясауидің нағашысының асатаяғы

559 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициялық жобасы аясында Қожа Ахмет Ясауидің нағашысы Тағайын ата қолданған асатаяқ пен қолжазба табылды. Бұл мұраларды Тағайын ата кесенесінде ата-бабаларынан бері шырақшы қызметін атқарып жүрген әулет сақтап келген.

Ясауидің нағашысының асатаяғы

Жуырда Өзбекстан Республикасының Наманган қаласындағы Ясауи бабамыздың ұрпағының қолынан Насабнама қолжазбасы­ның бір үлгісі мен мөрі табылған болатын. Енді нағашы жұртынан қалған асатаяқ табылып отыр. «Қасиетті де киелі әулие Та­ғайын ата­мыздың қабірін күтіп, сақтап, ба­сы­на Құран оқып келушілерге қызмет ету бақыты оның жан жолдасы болған бабамызға бұйырған екен. Яғни ең бірінші шырақшы болған – Боғи шайық бабамыз. Бұл қызмет атадан балаға жалғасып келеді. Дін жолында тазалық пен адалдықты берік ұстаған бабаларымыз ұзақ өмір сүрген. Өздеріңіз білесіздер, Қожа Ахмет Ясауидің шешесі Қарашаш анамыздың шыққан тегі діни ілімді, батыр, қасиетті жандар болған. Қарашаш анамыздың бауыры Тағайын ата осы асатаяқты қолынан тастамаған. Қасиетті жанның қолданған затын шырақшы бабаларымыз да көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатыр. Асатаяқ 800 жыл өтсе де әлі күнге дейін шіріп, бұзылмай берік қасиетін сақтап тұр. Ал мына қолжазбада не жайлы жазылғаны беймәлім. Көне жазу және шеңбер, үшбұрыш, төртбұрыш етіп салынған белгілер ішінде түсініксіз жазулар. Бұл кітаптың құпиясын менен бұрынғы аталарым да шеше алмады», дейді биыл 82-ге келген Шарипулла Хайдарұлы жәдігердің тарихы туралы.

Тарихи деректерде Тағайын атаның шын есімі – Нуриддин екені айтылады. Оның батырлығы мен білімдарлығы, ерекше қасиетіне бас иген халық Қожа Ахмет Ясауи­дің шешесі Қарашаш ананың құрметіне орай «Тағайын ата» деп атаған. Тағайша бибі – Қара­шаш ананың шын есімі. Бұл пікірді, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ясауитанушы Зікірия Жандарбек те қолдайды. «Ахмет Ясауидің анасы Тағайша бибінің лақап аты – Қарашаш ана. Кейбір кісілер Қарашаш ананың есімі Айша болған деп те жаңылысып жатады. Айша Мұсақожақызы – Ясауидің әйелі.  Мұсақожа – Ибрахим шайықтың шәкірті және Түркістанға жіберген өкілі. Қожа Ахмет Ясауи сол кісінің қарамағына қызметке келіп, қызы Айшаға үйленеді. Бұл деректер Насабнама қолжазбаларынан алынған. Насабнама қолжазбалары – Ясауи жолының тарихы», дейді тарихшы Зікірия Жандарбек. Шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің жазбасынан Қожа Ахмет Ясауидің әкесін Ибрахим шайық, анасын Тогайбича деп көрсеткенін кездестіруге болады. Бұл туралы мәліметтер ғалым М.Мирхалдаровтың «Сайрам тарихы» туралы кітабында да бар. Сондай-ақ белгілі ғалым Мұхтар Қожа мен Ю.А.Елгиннің еңбек­терінде де Тағайша бибі жайлы деректер көрсетілген. Тағайын ата (Нуриддин шайық) мен Тағайша бибінің туыстық байланысы туралы көптеген аңыз-әңгіме бар. Бір деректерде Нуриддин шайық елдің тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтаған батыр, мейірімді әрі қасиетті жан болғандығы айтылады. Сон­дықтан да қазіргі күнге дейін оның мазарына түнеп, Құран бағыштап, Алладан бала тілеген ерлі-зайыптылар көп келеді екен.

Асатаяқ пен қалың қолжазбадағы жазу­лардың мән-мағынасын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің мамандары алдағы уақытта анықтайтын болады.

 

Түркістан облысы