Салтанатты іс-шара барысында Елшілер Ергенеқоннан басталатын байырғы түркілерден келе жатқан төс соғу дәстүрімен қолдарына болат балға алып, шойын төсті соғып, Ұлыстың Ұлы күнін қарсы алу рәсімін атқарды.
Академия басшысы Дархан Қыдырәлі ұйымның атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндап, биылғы жоспарлардың жүзеге асу барысымен таныстырды.
Келелі кездесуде қонақтар Наурызға мейрамына ізгі тілектерін айтып, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде еркін форматта пікір алмасты.
Салтанатты қабылдауда құттықтау сөз сөйлеген Әзербайжан Елшісі Рашад Маммадов Қарабақтағы Отан соғысы кезінде Түркі академиясы тарапынан көрсетілген зор қолдауға ризашылығын білдірді.
Моңғолия Елшісі Лувсангиийн Баттулга мырза биылғы жылдың аяғына дейін Түркі академиясына бақылаушы мемлекет мәртебесін алуға ниетті екенін, сондай-ақ бұл бағытта жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде Мажарстан Елшісі Михай Галошфай Академияның ғылыми жобаларға белсенді атсалып келе жатқанын атап өтті.
Кездесу соңында мәртебелі меймандарға тарту жасалып, Академия шығарған бағалы еңбектер сыйға берілді.