Қазақстан • 21 Наурыз, 2021

Ливаннан қазақстандық бітімгерлер ротасы оралды

22 рет көрсетілді

Төртінші құрама бітімгерлік ротасы Ливан Республикасынан елге оралды. Жақында ғана оларды «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» құрамындағы миссияны орындау үшін қазақстандық бесінші бітімгерлік контингенті алмастырды.

Бүгін Алматы қаласындағы халықаралық әуежайға Қазақстан Қарулы Күштерінің төртінші құрама ротасы мінген борт келіп қонды. Әскери қызметшілер 2020 жылдың тамыз айынан бастап БҰҰ-ның мандатына сәйкес Ливандағы үнді батальонының құрамында міндеттерін атқарып келеді. 

Миссия басшылығы, шетелдік әріптестер мен бақылаушылар ел әскери қызметшілері өздерін жауапкершілігі мол, жоғары білікті маман ретінде танытқандарын бірнеше мәрте атап өткен.  

–    «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясының басшылығы сіздердің кәсіби шеберліктеріңізді жоғары бағалады. Адал қызметтеріңіз бен жоғары жауынгерлік даярлықтың нәтижесінде Отанымыздың ғана емес, сонымен қатар  бүкіл әлемге патриотизм мен әскери қызметті жоғары деңгейде ұйымдастырудың және жауынгерлік әзірліктің үлгісін көрсеттіңіздер.  Әлем аренасында еліміздің беделін нығайту үшін Қазақстанның атынан бітімгерлік миссияға қатысудың маңызы зор. Сіздер осы миссияға ауқымды үлес қостыңыздар, - деді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің басшысы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров.    

Жуырда Ливан Республикасына бесінші бітімгерлік контингенті кетті. Барлық әскери қызметшілер мұқият тексеруден өткен. Бітімгерлердің ыстық климатта, күрделі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайда орындайтын қызметін ескере отырып, олардың денсаулығы мен моральдық-психологиялық тұрақтылығына баса назар аударылады. Іріктеу барысында дене даярлығы, ағылшын тілін меңгеруі, сондай-ақ Қарулы Күштер қатарындағы қызмет тәжірибесі ескеріледі. 

Ливанға сапар алдында контингент бір ай уақыт бойы карантинде болып, ұшарға екі күн қалғанда ПТР тест тапсырды.

Қазақстан контингенті Израил мемлекетінің шекарасындағы Оңтүстік Ливанға қарасты UNIFIL базаларының біріне орналастырылмақ.

Күн сайын қазақстандық әскери қызметшілер үнді бітімгерлерімен бірлесіп 50-ге жуық міндетті орындауы тиіс. Атап айтсақ, жергілікті жерді патрульдеу, бақылау бекеттерін, блок-бекеттерді ұйымдастыру мен миссияның басқа да іс-шараларына қатысу. 

Соңғы жаңалықтар

Асыл ағаның шарапаты

Руханият • Бүгін, 00:08

Құймақұлақ

Руханият • Кеше

Газ бағасы неге қымбат?

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар