«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағына киіз үйлер тігіліп, онда қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, жаңадан дүниеге келген нәрестеге ат қою, бесікке салу, байлау, бау тағар, тұсаукесер салттарынан көріністер қойылды. Сонымен қатар, қала кәсіпкерлерінің ұлттық қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті.
Сондай-ақ, «Жастар» аллеясында «Dombra party» акциясының, «Бақытты бала», «Әнші балапан», «Бала даусы» және тағы да басқа байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Ұлыстың ұлы күні арт-көрмелер мен сурет салу байқаулары да ұйымдастырылды.
Наурыз мерекесіне орай, Қ.Рысқұлбеков саябағында құмай тазы, бүркіт, гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату, қой көтеру және өзге де ұлттық спорт түрінен ойындар өтсе, «Баласағұн» орталық концерт залының алдында салт-дәстүрден театрландырылған көрініс қойылды. Ал, мерекелік концерттік бағдарламасының шеңберінде киіз үйдегі қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында келушілерге заманауи форматтағы ұлттық би көрсетілімі мен этникалық стильдегі сән көрсетілімі көрсетілді. Сол сияқты, киіз үйдегі қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды.
Ал, «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің аумағында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы, этникалық топтар өкілдерінің қатысуымен қазақ тарихын, дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын білуге арналған зияткерлік викториналар, байқау жеңімпаздары марапатталды. Бұл күні концерттік бағдарламамен қатар, киіз үйдегі қолөнер көрмесі де өтті.
Осы сынды мерекелік іс-шаралар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің саябағы, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, Жамбыл медициналық жоғары колледжі, №29 орта мектеп, №55 орта мектеп, «Даңқ» аллеясы, «Ұлан» стадионы, Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайы сияқты орындарда да ұйымдастырылды.
Тараз қаласының аумағында орналасқан спорт алаңдарында да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.