Мыңдаған жылдық тарихы бар, қазіргі уақытта әлемге әйгілі зияткерлік ойындардың ішінде ерекше маңызға ие ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі тоғызқұмалақ та халықаралық деңгейдегі спортқа айналып келеді. Республикамыздың әр түкпірінен табылған, тасқа қашалып таңбаланған тоғызқұмалақ тақтасының бейнелері де ойынның өте ертеде пайда болғанынан хабар береді.
Қазіргі таңда республика бойынша тоғызқұмалақпен шұғылданушылар саны 200 мыңнан асып жығылады. Осы бір төл ойынымыздың дүние жүзіне танылуына талай әлемдік додада атой салған, еліміздегі зияткерлік ойынның үздігі саналатын Әсел Дәлиеваның еңбегі орасан зор. Тоғыз жасында тоғызқұмалақ үйірмесіне барған ол 12 жасында еліміздегі ең жас спорт шебері атағын алды. Ал 16 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған ең жас спортшы деген атаққа ие болды. Спортшының айтуынша, тоғызқұмалақ өзге спорт түрлеріне ұқсамайтын ерекшелігімен баурап алған.
– Тоғызқұмалақ – өте күрделі әрі қызықты спорт. Әуелде үйірмеге анамның айтуымен келсем де, алғашқы сабақтардан кейін бұл менің спорт түрім екеніне толық көзім жетті. Көп ұзамай үйірмеге бірге келген қатарластарыма қарағанда жарыстарда жақсы нәтиже көрсете бастадым. Сөйтіп бірте-бірте зейінім ашылып, осы спорт түрін әрі қарай да үйренуге ынтам ашылып, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атансам деген арман алға жетеледі, – дейді Әсел.
20 жасына дейін жастар арасында республикалық жарыстардың қатарынан алты жыл жеңімпазы болған Әсел Дәлиева кейіннен ересектер дуына қосылып, тоғызқұмалақтан Қазақстанның – 13, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы деген атаққа ие болды.
Кейіпкеріміз бүгінге дейін жеткен жетістігіне үнемі қолдап, жігер беріп отырған отбасының, спортшы ретінде өсуіне көп септігін тигізген әріптестерінің, бағыт-бағдар беруден, үйретуден жалықпаған жаттықтырушыларының үлесі зор деп есептейді.
– Бүгінге дейін қол жеткізген нәтижемнің басты себепкері – менің тәлімгерім, жаттықтырушыларым деп нық сеніммен айта аламын. Мен еліміздегі ең мықты жаттықтырушының бірі – Қазақстанға еңбегі сіңірген жаттықтырушы Еркетай Иманбаевтан тәлім алдым. Ең алғаш тоғызқұмалақты үйреніп, үйірмеге қатысып жүргенімде ұстазым екеуміз күніне 3 сағаттан, ал демалыс күндері 6 сағаттан, тіпті одан да көп уақыт жаттығатынмын. Мен үшін аптаның жеті күні де даярлықпен өтетін. Көп адам менен тоғызқұмалақта жеткен жетістігімнің сырын сұрап жатады. Оның ешқандай да ерекше сыры жоқ. Барлық жеңіс табанды еңбектің арқасында келеді. Сондай-ақ мен – еліміздегі ең үздік мектептің бірі саналатын Қызылорда тоғызқұмалақ мектебінің түлегімін. Ол жақта маған дейін де мықты спортшылардың шыққаны, менен кейін де еліміздегі ең мықты спортшылардың шоғыры өсіп келе жатқаны баршаға мәлім.
Әсел Дәлиеваның пікірінше, тоғызқұмалақ спорты кейінгі 10-15 жылдықта әлемде өте қарқынды деңгейде дамып келеді. Оған осы спорт түрінен өткен төрт әлем чемпионаты, сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бағдарламасына еніп, кейінгі үш ойында спортшылар дәл осы тоғызқұмалақ спортынан сынға түскені дәлел. Тағы бір айта кетерлігі, Көшпенділер ойынына әлем бойынша 36 мемлекеттің спортшылары қазақтың төл спортынан жүлделі орындарды сарапқа салды.
Тарқатып айтар болсақ, тоғызқұмалақтан ең алғашқы әлем чемпионаты 2010 жылғы 1-7 қараша аралығында елордада өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған әлемдік додаға дүние жүзінің 19 мемлекетінен келген 43 спортшы, оның ішінде 25 ер, 18 әйел адам бақ сынады. Араға екі жыл салып Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан екінші әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл бәсекеге 10 мемлекеттен (Германия, АҚШ, Ресей, Швейцария, Түркия, Украина, Латвия, Қырғызстан, Чехия және Қазақстан) 47 спортшы қатысты.
Үшінші әлем чемпионаты 2015 жылдың 12-18 сәуір аралығында Алматы қаласында өтті. Алатау баурайындағы жаһандық додада 23 елдің (Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Германия, Чехия, Қытай, Түрікменстан, Молдова, Гана, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Колумбия, АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Швейцария, Тәжікстан, Ұлыбритания, Түркия, Грузия, Италия, Үндістан және Қазақстанның (классика – 28 ер, 18 әйел; рапид – 26 ер, 15 әйел; блиц – 24 ер, 15 әйел) спортшылары өнер көрсетті.
Әзірше тоғызқұмалақтан соңғы әлем чемпионаты 2017 жылы астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылды. Бұл біріншілікке 25 елден келген 70 ойыншы бас жүлде үшін жарыс жолына шыққан болатын.
Әсел Дәлиева осындай байрақты бәсекелердің арқасында басқа елдердің қазақтың ұлттық ойынына деген ықыласы арта түскенін айтады.
– Көрші Қырғыз Республикасы мен Моңғолия спортшылары бүгінге дейін біздің басты қарсыластарымыз болып келсе, қазіргі таңда Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Германия, Испания, Түркия, Чехия, Ресей, Украина, Қытай сияқты мемлекеттердің тоғызқұмалақты серік еткен спортшыларының да деңгейі өсіп келеді. Сонымен қатар тоғызқұмалақ спорты Латвия және Литвада арнайы интеллектуалды ойындардың қатарына қосылып, төл спортымыз бұл елдерде де қарқынды даму үстінде.
Халықаралық деңгейде өсіп, дамып келе жатқан тоғызқұмалақтың басты межесі – төрт жылдықтың басты додасы – Олимпия ойындарының бағдарламасына ену. Бірақ бұл өте қиын жол дейді Әсел Дәлиева.
– Тоғызқұмалақты Олимпия ойындары қатарына қосу өте қиын. Өйткені бұл спорт бокс, футбол, күрес түрлері сияқты ә дегеннен жанкүйерлерді өзіне баурап кете алмайды. Тоғызқұмалақ – кемінде екі сағат, ұзағымен төрт сағатқа дейін созылатын шыдамдылар бәсекесі. Ал мұнша уақыт жанкүйерді аренада тырп еткізбей ұстап отыру мүмкін емес. Өздеріңіз білетіндей, Олимпиадаға, оның сыртында жарнама беруші ірі компанияларға жанкүйерлер көп қызығатын, тартысты спорт түрлері ұнайды, – дейді Әсел.
Қалай болғанда да, қазақтың ұлттық спортының ұлылығын ұғынып, тоғызқұмалақты интеллектуалды спорт түрі санатында оған қызығушылық танытқандар саны төрткүл дүниеде уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқаны қуантады. Тоғызқұмалақтың нағыз зерделілер ойынына айналатын күні де алыс емес болар. Ең бастысы, кезінде бабалардың серігіне айналған ұлттық ойын халықаралық деңгейде қанатын кеңге жайып, көшпенді халықтың әлеуетін әлемге таныта бастады.