Мәселен, кейінгі жылдары облыс 1 мың тоннадан астам таза ет өнімін сыртқы нарыққа жөнелткен. Тұтынушылардың топ басында іргедегі Қытай елінің нарығы тұр екен. Яғни ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақта жер еміп, егін салумен қатар, мал бағып ырысқа кенелудің мүмкіндігі жоғары. Әсіресе тұрғындардың 80 пайызы ауылдық өңірді мекен ететін өңір үшін бұл басты ұстаным болуы тиіс. Мұның негізі де бар. Нәтижесінде облыстың аграрлық саладағы табысы жыл сайын өсіп келеді. Мысалға, өткен жылдары аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімінің ақшалай көлемі 852 млрд теңгеге жетіп, нақты нәтижесі 3,4 пайызға көбейген.
Демек, ендігі жерде Жетісуда өндірілген етке деген сұраныс көбеймесе, азаймайтыны анық. Тек қарқынды жұмыс қажет. Дерек бойынша, бүгінде Алматы облысында жалпы қуаты 91 мың тонналық 5 ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр екен. Оның ішінде жылына 8 мың тонна ет өңдейтін «Империя Фуд» компаниясы мен әрқайсысының қуаты 16 мың тонна өнім шығаруға жететін «ЛунюаньЖетісу» және «Қайыңды» зауыттарының алғашқы кезеңі іске қосылған. Ал жұмыс маусымында 21 мың тонна ет дайындайтын Inalca және 30 мың тонна өнім қуатымен жұмыс істейтін «Бауманн» компаниясының зауыттары да өңірге инвестиция тартып, өндіріске қажетті жұмыс күшіне сұраныс туғызып отыр.
Жалпы, Алматы облысындағы ет өңдеу өндірісі дегенде трансұлттық компаниялардың қатысуымен қолға алынған бірқатар кәсіпорынды айтуымыз керек. Атап айтқанда, жоғарыда айтқан «Бауманн» неміс компаниясының «Жетісу қой» жобасы жылына 30 мың тонна ұсақ мал етін қалдықсыз өңдеуге кіріссе, америкалық «Тайсон Фудс» компаниясы ірі қара етін өңдейтін зауыттың іргетасын қалап жатыр. Бұл зауыт алдағы уақытта жылына 500 мың бас ірі қараға дейін сойып, етін өңдейтін өндіріс болмақ.
Әрине мұндай қуатты кешендердің жұмысы тоқтаусыз жүруі үшін шикізат көзі де мол болуы тиіс. Демек, жетісулық шаруалар үшін мал басын көбейтіп, одан пайда табуға мүмкіндік туып келеді. Мұның да негізі қалануда. Қазір аймақта жүзге жуық мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Оның үстіне, шарушылықтар таза етті бағыттағы мал өсіруді жолға қойып отыр. Мұның бірнеше игілігі бар көрінеді, біріншіден, шетелден асылтұқымды мал сатып алуға Үкімет жеңілдетілген несие береді, екіншіден, асылтұқымды малдың төлі мен алынған ет өнімі тағы да субсидияланады, үшіншіден, асылтұқымды мал етінің салмағы жоғары. Мәселен, кейінгі жылдары Жетісуда ағылшын елінде өсірілетін «Абердин ангус» тұқымды ірі қара саны көбейіп келеді. «Абердин ангус» сиырларының тірі салмағы 500-700 кило тартады екен. Ал 15-16 ай бағымда болған жас мал 700 килодан 1000 килоға дейін таза ет береді.
Бұл бағыттағы жұмыс облыстың Кеген ауданында да жанданып жатыр. Мысалға, өңірдегі «Жаңа Ақтасты» және «КазМясо» серіктестіктері тек етті молынан беретін ірі қара өсірумен айналысып келеді. «Жаңа Ақтасты» серіктестігінің мал бордақылау алаңдарында 6 мың бас асылтұқымды ірі қара жемделеді. Шаруашылық істі ілгерілету үшін 1,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция да тартқан көрінеді. Ал «Казмясо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Аустралия мемлекетінен 1,4 млрд теңгеге 1 500 бас асылтұқымды «Абердин ангус» сиырын сатып әкелген.
– Бүгінде малдың өзін ақылмен бағу керек. Әсіресе ірі қара санын қисапсыз көбейте берудің маңызы аз. Неғұрлым асылтұқымды ет пен сүтті молынан беретін мал басын көбейткен абзал. Біз мұны жақсы түсіндік. Мемлекет те нақты қолдау жасап отыр. Мал бордақылау алаңдарындағы жұмыс көбейіп, ауыл адамдарын еңбекпен қамтып отырмыз. Қазір біздің серіктестікте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұйырса, мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандыру ісін де жалғастыра береміз, – дейді «Казмясо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Төлеген Бозжанов.
Жалпы, Кеген ауданының өрісі малға толып, елдің тынысы кеңейіп келе жатқаны сүйіндіреді. Мәселен, өткен бірер жылда аудандағы ірі қара малы 50 894 басқа, жылқы саны 28 468 басқа және қой мен ешкі үлесі 199 869 басқа жетіпті. Яғни мал басы өскен жерде одан алынатын өнім көлемі де көбейе бермек. Оның бір көрінісін былтыр кегендік малшылардың бір ғана Алматы қаласынының тұтынушыларына 15 800 тонна ет жөнелткенінен аңғаруға болады...
Алматы облысы