Суретте: «Қыз Жібек» көркем фильмінде «Гәккуді» кадр сыртында орындаған әнші Мүнира Ижанова бас рөлдерді сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың ортасында.
Бұлбұлдың үніндей сыңғырлаған даусы бар әншінің аты-жөні – Мүнира Ижанова. Кіндік қаны Абай мен Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтей қайталанбас заңғарлар қанаттанған Семей өңірінде тамды. Осындағы Суықтөбе ауылында балалығы өткен ол ағасы Ғаріпжан Матайбаевты өзіне ұстаз тұтты. Қазақтың дәстүрлі әндерін орындаған, кейіннен насихаттаудан жалықпаған ағасының даусы ерек еді. Ағасы ән салғанда қазақ өнерін Париж төрінде танытқан бірегей әнші Әміре Қашаубаевты тыңдағандай күй кешетін.
Ұлттық өнер десе ішер асын жерге қоятын ағасына еліктеген Мүнира да бес жасынан ән айтуға талпынды. Алдымен ауылдастарының алдында сызылтып ән шырқады. Кекілі желбіреген балғын өнерпаздың алғашқы қадамына ризашылықпен қол соққан ауылдастары оны «әнші қыз» деп атады. Бұл оған қанат бітіріп, әншілікке түпкілікті бет бұруға әсер етті. Сөйтіп он сегіз жасында Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің табалдырығын имене аттады. Училищеде оқыған өткен төрт жылын текке өткізбей, жеке ән орындауға машықтанды.
– Қазақ әндерінің иірімі терең ғой. Шынымды айтсам, қазақ әндеріне ғашық болдым. Ұйықтап жатсам да ән шырқап тұрғандай күйге енемін. Сондықтан білімімді жетілдіру үшін 1964 жылы консерваторияға оқуға түсуді ойладым, – дейді Мүнира Ижанова. – Алайда бұл арманым орындалған жоқ. Оған құрбым екеуміздің Алматының көшелерін аралап жүріп, қызығушылықпен жеген балмұздақтың кесірі тиді. Бір түнде тамағыма тас тұрғандай, ісініп кетті. Дәрігерлер ән айтуға тыйым салды. Сол себептен, консерваторияға оқуға түсе алмадым.
Жүрегі нәзік болса да қайсарлығы бар қыз «Алматыда жоғары білім аламын» деген мақсатынан бас тартпай, Қыздар педагогикалық институтында жеке ән орындаудың тылсымына бойлады. Бұған қоса, дирижерліктің құпиясын меңгерді. Институтта оқи жүріп, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында жұмыс істеді. Филармонияда академиялық капелла хорының солисі ретінде ән шырқады.
Түрлі байқауларда бақ сынады. Соның бірі – жоғары оқу орындары студенттерінің өнер байқауы. Мүнира Ижанова бұл байқауға 1965 жылы қатысып, «Ақ шағала» әнін орындады. Сол байқауда студенттердің өнерін сырттай бақылауға композитор Нұрғиса Тілендиев те қатысыпты. Ел ішінде елеусіз жүрген өнерлі жастардың танылғанын қалайтын композитор сыңғырлаған даусы бар қызды ұмытпаған секілді.
– Алматы – өнердің ордасы. Сол кезде өнерге бет бұрған жанның бәрі әсем қалада қалғанды жөн көретін еді. Менде де астанада қалсам-ау деген ой болды. Қолыма диплом алар сәтте ұстаздарым оқытушы болуға ұсыныс айтып, институттағы жұмысым басталды. Бұрынғыдай емес, бос уақыт бола бермейді. Сондай күндердің бірінде институтқа композитор Нұрғиса Тілендиев пен «Қыз Жібектің» режиссері Сұлтан Қожықовтың келгенін естідік, дейді сол күндерді ой елегінен өткізген Мүнира Ижанова. – Қазақтың бірегей тұлғаларымен кездесудің өзі ғанибет қой. Олар менің даусымды тыңдауға келіпті. «Ақ шағала» әнін орындаған сен емес пе едің? Басқа қандай әндерді орындап жүрсің?» деді Нұрғиса ағай. Өзі рояльмен «Жан жарым», «Жан сәулем», «Ақ шағала», «Жүрегім менің» секілді 15-ке жуық шығарманың сазын ойнады. Мен сол әндерді орындап бердім. Кейін «Қазақфильм» киностудиясына шақырды. Студияға кірген кезде Бибігүл Төлегенова «Гәккуді» шырқап тұрды. Оны Нұрғиса Тілендиев домбырамен сүйемелдеп отырды.
Мүнираны көрген композитор «Осы әнді орындай аласың ба?» депті. Қазақ өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген Нұрғиса Тілендиев сол сәтте қазақтың тағы бір қызының өнердегі жолын ашқысы келген шығар. Композитор мен режиссер «Қыз Жібектегі» «Гәккуді» орындауға Мүнира Ижанованы таңдауға шешім қабылдапты. Көңілін толқытқан сүйінші жаңалықты Нұрғиса Тілендиевтің өзі жеткізіпті.
– Бұл 1969 жыл еді. «Қыз Жібек» киносы сәтті түсірілді. Кешкі мезгілде дауыс жазуға шақырады. Сондай күндердің бірінде ерекше құрмет тұтатын ағайдың бірі «Жібекжан, айналайын, оркестрдің алдыңғы қатарында отырған жігіт сені ұнатып жүр» деді. Сырттай көріп жүрген жігіт. Ол – осы фильмнің музыкалық аспаптар оркестрінде приманы тартатын атыраулық Досқали деген азамат, – дейді өмірден өткен жарына деген сағынышын көз жасымен білдірген Мүнира. – Мен қайда барсам, сол жерде Досқали жүреді. Соған әлі күнге таңғаламын. Сөйтіп бұрын гастрольдік сапармен жиі табаным тиген Атырауға отбасымызбен көшіп келдік.
Бұған себеп – енесінің ұлы мен келінінің Атырауға көшіп келуін қалауы. Мұндай ұсынысқа Мүнира да қарсылық білдірмеген. Сөйтіп 1975 жылдан бері Атыраудың белді тұрғынына айналды. Қазір Мүнира ұлы Досымжаннан көрген немересімен бірге өткен әр күнін бақытқа балап отыр.
Атырау облысы