Экономика • 26 Наурыз, 2021

Донор мен дотациялық өңірлер бөлінісі қандай?

1339 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2020 жыл Қазақстандағы донор аймақтардың әлеуе­ті­не үлкен сын болды. Бюд­жеттің доноры бо­лып ірік­теліп шыққан төрт өңір был­тырғы дағ­дарыстан «ен­тігіп» шықты. Бірақ со­ған қарамастан, Нұр-Сұл­тан мен Алматы қала­лары­ның, Аты­рау және Маңғыстау облыс­тары­ның ел бюджетіндегі үлесі 451 млрд теңгеден асты.

Донор мен дотациялық өңірлер бөлінісі қандай?

Республикалық бюджеттің до­нор­лары – қызмет көрсету сала­сы дамыған екі ірі қала және екі мұнайлы өңір. Аймақ­тық бюд­­жеттерден бөлінетін транс­ферт­­тердің мөлшері 200 млрд тең­гені құрайды. Тек қана дота­ция­ға иек артатын өзге өңір­лер­дің не­гізгі кірісі трансферттен жи­­нақ­­талып отыр. 2020-2022 жыл­­­­дар­ға арнал­ған бюджетке зер сал­­сақ, жақын арада жағ­дай өз­гер­­мей­­тін сыңайлы. Сондықтан Үкі­­мет енді бұл қаржыны қай об­­лыс­­тардан алуға болатынын анық­­тауға кірі­сіп кетті. Себебі 2021 жыл­дың бюд­­жетіндегі 200 млрд тең­генің кем­дігі қалған реци­пиент ай­мақ­тардың еншісінде екені белгілі.

Ұлттық экономика министр­лігінің бізге дайындап берген мәліметіне сүйенсек, төрт өңір – Алматы, Нұр-Сұл­тан қалалары мен Атырау және Маң­ғыстау облыстары республи­ка­лық бюд­жеттің донорлары, қалған 13-і − дотациялық өңір.

Жалпы, 2020 жылы өңірлер­ден республикалық бюджет транс­фері 420,1 млрд теңгені құра­­ған. Былтыр республикалық бюд­­жеттен өңірлер бюджетіне суб­вен­циялар 2 104,4 млрд теңге со­масында берілді. 2020 жылы жер­гілікті бюджеттердің кіріс­тері (трансферттерді есепке ал­ма­ғанда) 3 097,9 млрд тең­гені құ­рады. Өңірлердің экономи­ка­лық белсенділігін арттыру мақ­са­тында 2020 жылдан бастап жер­­гілікті бюджет қоржынына ша­ғын және орта бизнестен түсе­тін кор­поративтік табыс салығы тү­сімдері қосылып отырған.

Еске сала кетсек, 2019 жылы игерілген бюджет қорытынды­сы бойынша Қа­зақстанның донор­лық аймақта­рына Алматы, Нұр-Сұл­тан қа­лалары мен Атырау, Маң­ғыс­тау облыстары кірді. Қар­жы министр­лігінің сай­тында жария­ланған ақпаратқа сәйкес 2019 жылы Алматы қаласы рес­публика бюджетіне 115,3 млрд теңге құйған. Одан арғы жылдары да оңтүстік астана донор аймақтар рейтингінде бірнеше рет көш бас­таған. 2020 жылдың соңына дейін Алматының бюджеттегі үлесі 49 пайызға (171,7 млрд теңгеге де­йін) артады деген үміт болған. Бірақ былтыр донор ай­мақтарға, әсі­ресе Нұр-Сұл­тан мен Алматы қа­ла­­ларын­ың бюд­­жетіне салық тө­лей­тін шағын және орта кәсіп­кер­­лік­­тің жұмысы саябыр­лап қал­ды. Дамудың күретамы­ры­на қан жүгіртіп тұрған өңір­­лер баяу­лап қалса, өзге ай­мақ­­тар­дың жағ­дайы тіптен күрделенетінін сезген Үкімет ортақ бюд­­жетке тәуелді реци­пиент ай­м­ақ­­тар­ көбейіп кет­пес үшін алдын ала қам жасап жатыр. Осыған байланысты Стра­те­гия­лық жоспарлау және реформалар агенттігі 6 мемлекеттік органмен бірлесе, елдің өңірлік даму стратегиясын дайындады.

 

Донор аймақтардың әлсіреуіне жол беруге болмайды

Нұр-Сұлтан мен Алматының донор болуына кәсіпкерлер септі­гін тигізіп тұрса, Атырау мен Ақтау эконо­мика­сының күретамырына мұнай «қан жүгіртіп» келді. Са­рапшылар Алматы облысының эко­номикалық өсіміне Қорғас бе­кеті мен Алматы қаласы ық­пал ететінін, Қарағандыға гео­гра­фия­лық жағынан жақын орна­ласқан Нұр-Сұлтан тиімді болып отырғанын айтады. Мұндай мысалдар әлемдік тәжірибеде көп. Айталық, АҚШ экономи­касы Канадаға қуат берді. Қытай эко­но­микасының дамуы Вьет­намды ұй­қыдан оятты. Ал ЕО-дағы ел­дер­дің дамуы­­­­на олардың бір-бірімен көрші қоныс­тануы әсер етті. Демек дамыған елдердің экономикасы − көрші елдерге, ал ШОБ-тың әлеуеті іргелес қалалардың эко­но­микасына дем береді.

 Сарапшылар мемлекеттің табысты дамуы – аймақтық саясат­тың тиімділігіне тәуелді еке­нін айтады. Қазір әлемдік тәжі­ри­­беде, соның ішінде Ресей­де «донор аймақтардың сырқа­ты» деген тіркес пайда болды. Ресей сарапшыларының айтуын­ша, бұл − қауіптің басы. Қа­зір­гі­дей эко­номикалық және панде­мия­лық дағдарыс кезінде донор ай­мақ­тардың әлсіреуіне жол беруге болмайды. АҚШ-та тұ­ра­тын сарапшы Уәлихан Төлешов бізге берген сұхбатында бұл мәселенің күрделі екенін айтып отыр. Себебі қазір көп ел «өле жегенше, бөле же» емес, «өз табысыммен бөлісемін» деген қағидаға бейімделген. Осы ретте У.Төлешов атап өткендей, донор аймақтардың не үшін әлсі­регенін дер кезінде анықтап ал­масақ, олардың өзін өзі қамти алмайтын, тек дотациямен өмір сүретін аймақтарға қосылуы лез­де-ақ. Сондықтан мәселені дереу қолға алып, нақты шешімдер қабыл­дау қажет. Аймақтар да­муы­ның кенжелеп қалуының бір себебі – әкімдерге бастаған ісін соңына жеткізуге мүмкіндік бе­рі­ле бермейді. Екіншіден, бизнес-климаттың тартымдылығы да көп мәселені шешеді. Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтанның бизнес-климатының тартымды болуына мемлекеттік деңгейде мән берілгенімен, өзге аймақтарға дәл сондай көңіл бөліне бермей­ді. Бұл реципиент қалалардың қатарын көбейтуге әкеліп отыр. Ресей тәжірибесіне зер салсақ, 2020 жылдың қортындысы бо­йынша мұнда донорлық аймақтар саны аздап қана қысқарған, бірақ олардың көпшілігі 2020 жылды тапшылықпен аяқтапты. Бұл дегеніңіз олардың алдағы уақытта донор болу мүмкіндігі шектеліп келе жатыр деген сөз. Бюджетке түсетін салық қысқарып, дотация­да отырған аймақтар ал­дын­дағы міндеттемелер ұлғай­ған. ACRA сараптамалық агент­тігі 2021 жылдың алғаш­қы тоқ­санында донор аймақтар­дың саны 2019 жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда үшеуге кемі­генін байқаған. «Бізге де донор аймақтарды, өзін өзі асы­рап отырған өңірлерді зерттей­тін ор­та­лықтар қажет. Бұл мәселе Қазақ­­станда кешенді түрде зерт­­­тел­­мейді, Үкіметтің эко­номи­­ка­­лық блогы тек құрғақ мәлі­мет­­тер­­мен ғана шектеледі. Мыса­лы, өткен жылдың қараша айын­да Шымкент және Ақтөбе қала­лары 2025 жылға қарай донор ай­­мақ­­тардың қатарына қосыла­ты­ны айтылды. Бірақ оған қандай жағ­дайлар негізге алынғаны түсін­дірілмеді», дейді У.Төлешев.

Оның пікірінше, елімізде жер­гілікті өзін өзі басқарудың функ­циясы әлі толық жүзеге асыры­ла қойған жоқ. Мемлекеттік бас­қа­ру жүйесі дамыған унитарлы елдерде кез келген қала өз бюд­же­тін өзі басқарады. Ал елі­міз­де қысқарған бюджеттің әсері елі­міздің барлық аймағында қатар сезі­леді. Қолданыстағы эконо­микалық модель ескірген. Оны қайта жаңарту керек. «Басы ар­тық шығын мен артық штат әрбір қаланың жеке-дара дамуын тежейді. Үкімет өзін өзі бас­қару­дың халықаралық тәртіп­терін енгізуі керек. Елдегі эконо­ми­­калық құрылым да нарық заңы­на қайшы: бюджет төменнен емес, жоғарыдан бекітіледі. Басқа­ша айтқанда, Түркістанның шалғай аудандарының тағдыры орталық­та шешіледі», дейді У.Төлешев.

Ал сарапшы Бейсенбек Зия­беков мемлекеттің аймақтық да­муы стратегиялық маңызы бар ба­ғыт екенін айтады. Мұн­да­ғы болмашы қателіктің өзі мемлекеттің біртұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті дотацияда отырған аймақтарды қатарға қосатын мүмкіндіктерді уыстан шығарып алмау қажет. Осы өңірлерді субсидия арқылы алға жетелейміз деген ой − ақылды шешім емес. Бұл «субсидия арқылы ілдебайлап күн көреміз» деген масылдық пиғылды одан әрі тереңдетіп жібереді. Дұрысы, ең артта қалған аймақты салықтың барлық түрінен босатып, сол арқылы шағын және орта бизнесті көлеңкеден алып шығудың қамын жасау керек. «Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру дең­гейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа бе­реді. Мұның тетіктері Бюджет кодексінде де нақты айтылған. Тым ауыр болса да Үкімет осындай қадамдарға баруы керек. Сонда жергілікті әкімдер ШОБ-тың жұмыс істеуіне мүдделі болады. Біз осындай бастамалар арқылы жағдайы сын көтермейтін аймақтардың мүшкіл халін түзеп ала аламыз», дейді Б.Зиябеков.

Донор қатарына енген 4-5 аймақтан өзгесінің кенжелеп қалуы эконо­микалық саясат үшін де, әлеуметтік ахуал үшін де тиім­ді емес. Тарихи өлшеммен ал­ған­да, кейбір өңірлерде табиғи ре­сурс­тар, инфрақұрылым, өнер­кәсіптік өндіріс, әскери орта­лық­тар бар, басқасында жоқ. Тиі­сінше, кейбір аймақтардың табысы жақсы, ал кейбірінде кіріс аз. Қайсыбір өңірлерде кедейлер көп. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда тұрмысы нашар халық үлесі 2020 жылдың соңғы тоқсанында 4 пайызды құраған. Кедейлік деңгейінің ең жоғары көр­сеткіші Түркістан (9,8 пайыз), Маңғыстау (5,8 пайыз) және Жамбыл (5,2 пайыз) об­лыс­тарында байқалған, ал ең тө­мені Нұр-Сұлтан қаласында (1,1 па­йыз) тіркелген. Бұл да − донор мен дотация өңірлерді айқын­дайтын көрсеткіш. Өйт­кені бюджетке үлес қосатын – жұмыс істейтін экономикалық белсен­ді топтың табыс салығы. Сон­­дық­тан тұр­ғын­дардың айлық табы­сы жо­ғары аймақтар – донор, жал­ақы­сы төмен болса, дота­цияда отырған аймақ деп қарас­тырылады.

1

 

Донорларды өсірудің жолы қандай?

Әрбір облыс өз күнін өзі көруі үшін ши­кізатқа тәуелділіктен құ­ты­­лып, адам капиталын жетіл­діруі керек. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыс­тары арқылы жаңа технология­ларды құрып, тауарлар өндіруді жолға қою керек. Бұл – ІЖӨ үшін сар­қылмайтын ресурс. Республикалық маңы­зы бар қалалардан бастап, облыс­тар мен ау­дан­дарға өңірлік проб­ле­малардың ең тиімді шешімдерін ұсына ала­тын креативті әкімдер­ді сайлау жүйесін енгізу де маңыз­ды. «Бұл мәселені реттеудің жолы жер­гілікті өңірлердің өзін өзі бас­қарудың мүмкіндігіне байланыс­ты. Бірақ 2014-2015 және 2020 жылдардағы қиыншылыққа байланысты бұл жүйені жүзеге асыру мүмкін болмады», дейді экономист Сапарбай Жобаев.

2020 жылдың басынан бас­тап Өңірлерді дамытудың мем­ле­кеттік бағ­дар­ламасының екін­ші бесжылдығы іске қосылды. Алдағы бес жылда урбанизацияға назар аударылады. Төрт ірі агло­мерация – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе шаһар­ларын дамытуға көңіл бөлінеді. Ұлттық экономика министр­лігі­нің 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес қала­лар­дың дамуына ғана емес, сонымен бірге ауыл­дық елді мекендерге де назар аударылады. Сарапшылар осы жұмыстар нәтижелі жүргізілсе, донор аймақтардың қатары да өсе­тінін айтып отыр.

 

АЛМАТЫ