Digital • Кеше

Қазақстанның ЖИ енгізу бойынша 50 озық елдің қатарына енуі үлкен жетістік

27 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық валюта қоры ұсынған ЖИ дайындығы индексі бойынша Қазақстан жасанды интеллект енгізуге барынша  дайын елдердің қатарында 48-орынға ие болды. Айта кетерлігі, алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына озық цифрлық инфрақұрылымы, білім саласына инвестиция салу және технологиялық инновациялар арқасында күшті нәтижелерге қол жеткізген Сингапур, Дания және АҚШ секілді көшбасшылар бар, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанның ЖИ енгізу бойынша 50 озық елдің қатарына енуі үлкен жетістік

фото kursiv.media

Орталық Азия мен ЕАЭО елдерінің ішінде Қазақстан 47-орынға ие болған, Ресейден кейін екінші орында тұр. Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдану әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласында белсенді дамып келеді, бұл туралы McKinsey & Company халықаралық агенттігі атап өтті. Мысалдардың бірі ЖИ-ды ауылдық өңірлердегі инфрақұрылымды бағалау және жоспарлау үшін пайдалану болып табылады. Бұл модель Қазақстанға инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтерді жақсарту үшін 3500 перспективті ауылдық елді мекендерді айқындауға көмектесті.

Өңірдегі басқа елдердің ішінде Қазақстан Армениядан (71-орын), Беларусьтен (82-орын), Қырғызстаннан (99-орын) және Тәжікстаннан (123-орын) алда. Өзбекстан Орталық Азия елдерінің тізімін 131-ші орында аяқтап отыр.

Қазақстанда жасанды интеллекттің бірнеше бағыттары қолға алынған, ең сұранысқа ие түрі – биометрия. MarketsandMarkets мәліметтері бойынша, биометрияның жаһандық нарығы 2022 жылы 42,9 миллиард долларды құраған, ал 2027 жылға қарай 82,9 миллиард долларға жетеді деп болжам жасайды. Қазақстанда биометрия технологиясын негізінен банктер, телекоммуникация компаниялары, FMCG ірі желілері пайдаланады.

Цифрлық банкинг, бөлшек сауда және байланыс операторларынан басқа, жасанды интеллект медицинада саласында да белсенді түрде қолданылып келеді. Ең танымал қазақстандық medtech-стартапы Cerebra ишемиялық және геморрагиялық инсульттің автоматтандырылған диагностикасы үшін нейрорадиология саласындағы жасанды интеллектті пайдаланады.

Пандемия кезінде өкпенің патогенді 17 ауруын, соның ішінде пневмония, туберкулез, қатерлі ісік және COVID-19-ды жылдам және дәл анықтау үшін ЖИ негізіндегі PneumoNet платформасы әзірленді. Жүйені Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Forus Data және Crystal Spring кіретін инновациялық консорциум әзірледі. Жобаның донорларының бірі Дүниежүзілік банк болды.

Биыл Үкімет Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады

Экономистердің есептеулеріне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ні 14%-ға арттыруы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пәндерді 2 196 студент оқиды.

Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі мәдени және тілдік мұраны дамыту үшін заманауи үлкен тіл моделін (LLM) құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда бірнеше білім беру ұйымынан – Ақпараттық және есептеу технологиялары институтынан, Сәтбаев университетінен, Назарбаев университетінен, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан және ҚазҰУ-дан консорциум құрылды. Мамандар шамамен 6 млрд сөз қолданысын жинады, жиынтықты шешімдер арқылы суперкомпьютерді қолдана отырып, LLM моделі үйретіліп жатыр.

Жасанды интеллект құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бірқатар өндірістік процестер, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады.

Елімізде жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар.