Саясат • 26 Наурыз, 2021

Жерді пайдалану деректері ашық болуы тиіс

219 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жер реформасы жөніндегі комиссияның алдында үлкен міндет тұр. Жер қатынастары саласын дамыту нәтижесінде кәсібін жермен байланыстырған ауылдағы халықтың әл-ауқатын арттыруға болады. Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында осылай деген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов алқалы топтың алда атқарылуы тиіс нақты міндеттерді айтты.

Жерді пайдалану деректері ашық болуы тиіс

«Бұл отырыстың ұлтымыз үшін қасиетті саналатын күндер­мен тұспа-тұс келуі тегін емес. Хал­қымыз үшін жер – қастерлі ұғым. «Жер – ырыстың кіндігі, еңбек – ырыстың қазығы, бірлік – ырыс­тың тізгіні» деп бабалары­мыз бекер айтпаған. 2016 жылы ауыл шаруашылығы жер­лерін қазақстандықтарға жеке мен­шікке, шетелдіктерге, шете­лдік заңды тұлғаларға және шетел­дік үлесі бар қазақстандық заң­ды тұлғаларға жалға беруге мо­ра­торий енгізілген еді. 25 ақ­пан­да өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шет­ел­діктерге және шетелдік ком­панияларға, азаматтығы жоқ адам­дарға, халықаралық ғылыми ұйым­дарға, сондай-ақ қан­дас­тар­ға беруге толықтай ты­йым салу туралы саяси шешім жа­рия­­­лады. Осыған байланыс­ты заң жо­басы 12 наурызда Пар­ла­мент­ке енгізілді. Мемлекет бас­шы­­сы­ның тапсырмасына сәйкес жер заң­намаларын жетіл­діру мақсатында Премьер-Министр­дің өкімімен Жер реформасы жөнін­дегі комиссия құрылды», деді Е.Тоғжанов.

Вице-премьердің айтуынша, комиссия құрамына ауыл ша­руашылығы саласындағы қауым­дастықтар мен бірлестік­тер­дің өкіл­дері, агробизнес сала­сын­дағы азаматтар, сонымен бірге Па­р­ламенттің қос палатасының де­­путаттары, жергілікті атқарушы ор­­ган өкілдері, Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінің мүшелері, «Ата­мекен» ҰКП өкілдері, қоғам қай­­рат­­­к­ерлері, саясаткерлер және жур­­­налистер еніп отыр. Оның құ­ра­мы 80 адамнан тұрады, 60%-ы – аза­маттық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар.

«Комиссияның алдында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселесіне байланысты ұсы­ныс­т­арды әзірлеу міндеті тұр. Сол себепті оның жұмысын мем­лекет, әсіресе кәсібі жермен тікелей бай­ланысты ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін өндіруші­лер кү­тіп отырғанын ескеріп, ақыл­да­сып, нақты шешім қабылдайты­ны­мыз күмәнсіз», деді Үкімет бас­шысының орынбасары.

Жиында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жайылым, сонд­ай-ақ ша­бындыққа қатысты заңна­ма­ға кәсіби талдау жасауды ұсынды.

«Осы отырысқа келген адам­ның көпшілігі бірінші Жер комис­сиясының жұмысына қатыс­қан. Сол комиссияның артық­шы­лығы мен кемшілігін көріп, тәжі­рибе жинақтадық. Сондықтан ең бірінші ұсыныс – сол Жер комиссиясының негізгі хаттамасында көрсетілген бағыттарға байланысты Ауыл шаруашылы­ғы министрлігі есеп дайындаса, артық болмайды. Неге десеңіз, тиісті шешімдер қабылданды немесе мынандай ұсыныстар неге қабылданбай қалғаны жөнін­де есеп болуы керек. Себебі атқа­рыл­ған жұмыстың нәтижесі болуы қажет», деді А.Сарым.

Депутат ақпарат пен кадастр мәселесіне де тоқталды.

«Бұл маңызды мәселе. Себе­бі сенімсіз жер мәселесінде еш­қан­дай өзгеріс жасалмайтынын анық байқап отырмыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жер­лері, жайы­лым және шабындық жер­лерге қатысты заңдар мен қабыл­данған баптар неге жұмыс істемей жатқанына байланыс­ты кәсіби талдау әзірлеген дұ­рыс. Қажет жағ­дайда өңірлерге шығып, ел аралап, артықшылығы мен кем­шілігін көзімізбен көріп, осы туралы кешенді жаңа заң жобасын дайындайтын мүмкіндік болуы керек», деді Мәжіліс депутаты.

Сол секілді алғашқы отырыста Жер кадастры ашық болуы керек­тігі туралы айтылып, 10 сотық жер телімін беру мәселесі көтерілді. Премьер-Министрдің орынбасары аталған мәселе жан-жақты қаралатынын, сондай-ақ 10 сотық жер телімін бөлуге қатысты ең алдымен тиісті жұмыс атқарылуы керек екенін жеткізді. Демек жер телімі берілсе, сәйкесінше инфрақұрылымның салынуына да ерекше назар аударылуы тиіс.

«Инфрақұрылымды жүргізу үшін орта есеппен 4 трлн-нан артық қаражат керек. Сондықтан осының барлығын есептеп алған жөн. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес»,  деді Е.Тоғжанов.

Ал Сенат депутаты Ақыл­бек Күрішбаевтың сөзіне сүйенсек, рес­публикадағы ауыл шаруашы­лы­ғы мақсатындағы жер­лер тек мем­лекеттің құзы­рында болуы керек.

«Бұл біздің геосаяси жағдайы­мызға байланысты. Ауыл шаруа­шы­лығы жерлерінің көлемі жағы­нан еліміз әлемде алтыншы орын алады, ал егістік алқаптары бо­йынша жан басына шаққанда Аустралиядан кейін екінші орындамыз (яғни бір адамға шамамен 1,3 га егістік жер келеді). Яғни бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің жер ресурстарымыз жекеменшікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Мәселен, нарық­тық экономикасы дамы­ған Израильде барлық ауылшаруа­шылық жерлері мемлекеттің құзырында», деді А.Күрішбаев.

Сенатор отандық агроөнер­кәсіп­тік кешенді дамыту үшін ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жерлер қолжетімді болуы тиіс деген ойда. Бұл үшін тиісті жер көлемін мемлекет реттеп, бөліп отыруы қажет деді депутат.

«Қазір Қазақстан экономикасы жерасты пайдалы қазбалары арқы­лы дамып жатыр. Бірақ ол бір кездері аяқталады, яғни жаң­ғыр­тылмайтын табиғи ресурс. Сондықтан мемлекетіміздің бола­шағы ауыл шаруашылығының дамуы­на байланысты. Болашақ ұрпағы­мызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қолжетімді болуы керек. Яғни аграрлық бизнесті дамыту үшін жерді жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алатындай жағдай жасаған абзал. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялар тарту жағынан біз әлемнің жетекші аграрлық елдерінен артта қалып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Аустралияда бір гектар егістікке шаққанда 422 долларды құрайды, Канадада – 80 доллар. Ал Қазақстанда бір долларға да жетпейді, яғни 100-400 есе аз», деді А.Күрішбаев.