Елорда • 26 Наурыз, 2021

Төл технологияның зертханасы ашылды

640 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда елордада Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназияда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының зертханасы ашылды. Теориялық түп негізі Алаш арыстарының ой-тұжырымдарынан тарайтын төл технологияның авторы – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова, деп хабарлайды Egemen.kz

Төл технологияның зертханасы ашылды

Ашылу рәсіміне Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының қызметкері Шолпан Шүйіншина, ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің өкілі Ерқожа Тілепбердиев, тіл жанашыры, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Амангелдіқызы, Білім беруді жаңғырту орталығының мамандары мен осы технология бойынша жұмыс істеп жүрген елордалық мектептің мұғалімдері, оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып келе жатқан «Профессор сабағы» жобасы аясында іске қосылған зертхана алдағы уақытта «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын меңгеріп шығатын мұғалімдер мен оқушылар санын арттырмақ. Заманауи білім беру жүйесімен үйлестірілген зертхана тәлімгерлері «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тәжірибелік алаңын елорда көлемінде ғана емес, ел бойынша кеңейтуді көздеп отыр.

Алаш арыстарының білім беру жүйесіндегі педагогикалық тағылымды тұжырымдарымен тамырлас технология мұғалімдер мен оқушыға кез келген пәнді, атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын және орыс тілдері, математика, жаратылыстану, биология, география, химия, физика пәндерін жеңіл игеруге жол ашады.

Қазақ тілінің қасиетін түсіндіру арқылы өзге пәндердің қыр-сырын тез меңгеруге, функционалдық сауатты арттыруға аянбай еңбек етіп келе жатқан төл технология авторы, профессор Нұрша Алжанбайқызы «Сатылай кешенді оқытуды» 1994-1995 оқу жылынан бастап жүргізіліп келеді.

Нұр-Сұлтан аумағында соңғы 8 жыл көлемінде жүргізіліп, аясы кеңейіп келе жатқан төл технологияның алғашқы жеңісі мен жетістіктері де аз емес. Балабақша тәрбиеленушілерінің мектепке дайындығы мен оқушылардың білім сапасын арттыруды көздейтін технология бойынша қазіргі таңда бір ғана елорданың өзінде 2 мыңнан астам білім алушы, 150-ге жуық тәрбие­ленуші сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындауда. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тәжірибелік алаң жұмыстарына ел көлемінде 7 балабақша тәрбиешісі мен жүзден астам мұғалім белсенді қатысып жүр.

1

2013 жылдан бастап тәжірибелік алаңдар №59 «Аққанат», №71 «Мөлдір» балабақшалары, №66 мектеп-лицейінде, №4, 52, 74 мектеп-гимназияларында, №8 бұрынғы жалпы білім беретін орта мектептерде жүзеге асырылып келеді. Ал жалпы технологияны республика бойынша Батыс Қазақстан облысында 2 мектеп, Алматы облысында 5 мектеп 10 пән бойынша енгізіліп, сәтті жүргізіліп жүр.

Өскелең ұрпақтың ұлттық танымын қалыптастыруды алдыңғы қатарға қойған осы технология арқылы ел көлемінде бірнеше мұғалім «Үздік педагог» атағына ие болса, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының бірнеше мұғалімі бар.

«Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы Нұрша Оразахынова зертхананы құрудағы басты мақсатын «Қазақ тілінде ойын толық жеткізе алатын, ұлттық құндылықтарды бағалай білетін, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең меңгерген, ұлттық санасы қалыптасқан, рухы биік көптілді, білімді тұлға қалыптастыру» деп түсіндіріп өтті.

Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұлтты сүю, қазақтың өзгеше мінезін сақтап қалу туған ана тілін қалай оқытуға байланысты. Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деген жақсы сөзі бар. Біздің дәріптеп жүрген технологиямыз осы тұжырымдаманы негізге алып, шамшырақ етіп ұстанып келеді. Басты көздегеніміз де осы – ана тіліміздің жалауын жықпай-ақ екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау, таңдау пәні арқылы оқушылардың білімін тереңдетіп, дүниетанымын кеңейту», дейді технология авторы.

«Қазір жасыратыны жоқ, балалардың сөйлеу дағдысы төмендеп барады. Балалар қазақ тілінің дыбыстарын дұрыс айта алмайды. Оның себептері де әртүрлі. Осы олқылықтың орнын толтырар амал-тәсіл мен бағыт-бағдардың барлығын Алаш арыстары баяғыда-ақ айтып, тайға таңба басқандай көрсетіп кеткен. Алаш арыстары өз еңбектерінде білім саласындағы бүгінгі түйінді мәселелердің шешімін көрсетіп қана қоймай, оны қолдану әдістерін де жазып кеткен. Олар білімнің 90 пайызы мектепте берілуі керек дейді. Біз ұсынып отырған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы ұлттық білімнің мықты функционалды іргетасын қалап берген осы бағытпен үндес, тамырлас», деген Нұрша Аджанбайқызы пәндік материалдар оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, ғылыми негізде меңгертуді мақсат етіп алынғанын да атап өтті. Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми кешенін негізге алған бұл технологияның басты ерекшелігі де осында – оқу материалын меңгерудің жүйелілігі мен бірізділігінде.

Ел Үкіметінің «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі» қаулысына сәйкес, «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясын басшылыққа ала отырып іске қосылған аталған зертхана қалалық №52, 86 мектептерде қазақ тілінен үлгерімі төмен оқушыларға аптасына 2 рет тегін дәріс береді.