Сұхбат • 29 Наурыз, 2021

Мейрам Қайсанов: Көрерменмен сахна арқылы сырласқан ұнайды

648 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Актерде де актер бар, азаматы бір басқа. Сахнада жүріп түрлі қаһарман бейнесін кемеліне келтіре кейіптейтін әртістердің, мойындау керек, шынайы өмірде де дәл сондай азаматтық танытып, өр мінез көрсете алатыны некен-саяқ. Сол аздың қатарында елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов бар. Көзі қарақты көрермен қауым Мейрам Қайсановты сахнадағы түрлі амплуадағы тамаша рөлдері арқылы жақсы танығанымен, сонау 1986 жылдың желтоқсанында ұлтжанды жастармен бірге алаңға шығып, ұлтымыздың өміріндегі ұлы оқиға – киелі тәуелсіздігіміздің хабаршысындай болған тарихи сәттің басы-қасында болғандығынан хабардары некен-саяқ. Бізді актердің құпияға толы жұмбақ жаны қызықтырды. Көпшілік өнер адамына тән жарқ-жұрқтан жырақ жүретін, сахнада тек бейне тудыруды ғана білетін текті өнердің өкілін әңгімеге тартып, сахнагердің жансарайына үңіліп көрген едік.

Мейрам Қайсанов: Көрерменмен сахна арқылы сырласқан ұнайды

– Мейрам Иебекұлы, сізді сахнадағы рөлдеріңіз арқылы жақсы танығанымызбен, көп­шілік алдына шығып сұхбат беріп, адам ретін­дегі бол­мы­сыңызды көрер­мен­деріңізге көп аша бермейсіз. Бұлай саяқ жүруіңіздің сыры неде? Әл­де бұл актерге тән өзіндік ерек­шелігіңіз бе?

– Ерекшелік деуге келмес. Әйткенмен, әу бастағы болмыс-табиғатымның әсері шығар, көп алдына шығып жиі пікір бөлісіп тұруды қарсы болғандығымнан емес, жалпы құнттамайды екен­мін. Осы күнге дейінгі актерлік жолымда бас-аяғы екі-үш-ақ рет сұхбат берген болармын. Оның өзі ертеректе. Маған кө­рер­менмен сахна арқылы тіл­­дескен, сырласқан ұнайды. Қалғаны маңызды емес. Біле біл­генге ол да сұхбаттың бір түрі емес пе?! Қалай ойлайсыз?

– Әрине! Бірақ актерді сахнадан тыс алаңда сөйлетудің де өз қызығы бар ғой. Мәсе­лен, көкейде жүрген көп сауал­ды сахна арқылы қоя ал­ма­ғанымызбен, бетпе-бет сұх­бат арқылы қоюға және оған тұшымды жауап алуға мүм­кіндік мол.

– Ендеше, құлағым сізде! Қызықтырған сұрағыңызды қоя беріңіз, сырласуға дайынмын.

– Әуелгі сауалымды 1986 жыл­ғы Желтоқсан оқиғасының тарихи дәйекті құжаты ретінде көпшілік арасында таралып, кеңінен танылған фотосурет, яғни екі солдат бір жас жігіттің қос қолын артына қайырып, бұйра шашынан жұла ұстап әкетіп бара жататын әйгілі суреттің тарихын тарқатудан бастасақ. Аталған фото газет-журналдарда көп жарық көрді, телеэкрандардан да талай көрсетілді. «Бұл жігіт кім болды екен?» деген сұрақ са­наға сан рет оралғаны және рас. Сұ­растыра, іздестіре келсек, ол қаһарман өзіңіз екен...

– Бұл – 1986 жылдың 17 жел­тоқсаны күні түсірілген сурет. Мен 16 желтоқсан күні қаладағы анам­ның сіңлісінің үйіне барып, жатақханаға кешеуілдетіп оралған болатынмын. Келсем, жатақхана іші абыр-дабыр. Бөлмеде бірге тұратын жолдас­тарым Бақытбек Құрманғожаев, Құрманғазы Айтмұрзаев, Сағын­дық Жұмадiловтер отыр екен. Өңдері абыржулы. Өзара бір­деңе­лерді талқылап жатқанға ұқсайды. Сәлден соң бөлмеге Мұхтар Қапалбаев деген досымыз кіріп келіп: «Студенттер жиналып, көшеге шығып жатыр»,  деді аптығып. Көзімізде от ойнаған, жалындап тұрған жастар емеспіз бе, көп ойланбастан біз де дайындалдық. «Көркемсурет және кескiндеме» факультетiнiң жiгiттерi дереу лозунгтер да­йындады. Оған «Әр елдiң өз көсемi болуы керек» деп жазып та қойдық. Бұл кезде таң атуға жақындап қалған болатын. Аз уақыт көз іліндіріп алдық та, таң­ғы сағат алты-жетiлер шамасында бiр топ студент жатақхана маңына жиналдық. Жолай адамдар қосылып жатты. Қатарымыз қалыңдай берді. Алаңға жеткен кезде бізді шағын екі топ күтіп тұрды. Оның бірі – мал ша­руашылығы институтының, екіншісі – ауыл шаруашылығы инс­титутының студенттері еді. Олардың алаңға бірінші болып баратын да жөндері бар. Се­бебі жатақханалары сол бетке жақын орналасқан. Оның үстіне онда оқитындардың көпшілігі ауылдың балалары ғой. Олар елім дегенде жүректері ерекше соғатын рухы биік жігіттер еді. Ештеңеден тартынар емес, бойларын намыс билеп алған. «Өз елiмiзде өз ұлтымыздың азаматы басшы болсын!», «Әр ұлттың өз көсемі болсын!» деп айғайға басып тұрмыз. Бір кезде жастар Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін шырқай жөнелді. Асқақ ән жастар рухын көтеріп, намысын қайрай түскен тәрізді, шеру екпіндеп кетті.

– Ал әлгі тарихи суретке қа­лай түсіп қалып жүрсіз?

– Бұл бейбіт шеру болатын. Алаңға да бейбіт мақсатта шық­тық. Біздің санамызда тәртіп бұзу жайлы ой мүлдем болған емес. Тек алаңға шығып өз пікі­рімізді айтамыз дедік. Бірақ бәрі басқаша болды... Түс ауа сап түзеген әскерилер алаңға жи­налған жастарды тықсыра бас­тады. Оны елейтін біз жоқ, бо­йымызды ыстық намыс кернеп алған. Бір кезде бейтаныс біреу келіп, мені мойнына мінгізіп алды. Қолымда ұран жазылған лозунгтің бір шеті. Лозунгтің екiншi шетiн менен бір курс жоғары оқитын Жеңіс деген жiгiт ұстады. Ол да біреудің мойнында отыр.  Кейін ол жігіт екі жарым жылға сотталып кетті. Ашынған жұрт тарқар емес. «Қонаев қайда кетті, өз еркімен бас тартты ма? Шақырыңдар. Өз аузынан естиiк», деп айғайлаған дауыстан құлақ тұнады. Алайда қарсы жақтан еш жауап жоқ. Сөйтіп, Орталық комитет ғимаратына жақындап, Қо­наевтың өзімен кездесуге  талпынып көрдік. «Димекеңді күш­пен ұстап отырса, шығарып алайық», дестік. Біз ең алдыңғы қа­тарда тұрмыз, артымызда халық. Шегінерге жол жоқ. Иін тірескен жұрт.  Бәріміз қол ұстасып алдық. Қорғанарға ешқандай қаруымыз да жоқ. Өйткені ойымыз да, мақсатымыз да бейбіт болатын. Бірақ оны ескерген билік жоқ, қарсы алдымызда тұрған әскерилерге «Алға!» деген бұйрық берілгені сол екен, дубинкаларымен бізге қарай лап берді. Алаң уда-шу, қиян-кескi қақтығыс басталды да кеттi. Әп-сәтте дала қызыл қанға боялды. Көппен бірге мен де қарсылық білдіруге ұмтылып едім, басқа тиген бірнеше соқ­қыдан құладым. Есімді жисам, 3-4 солдат сүйреп алып бара жатыр, біреулері қос бүйірден теуіп келеді. Міне, сол кезде ғой көз алдыма видеокамераның жа­рығы түсіп, жанарымды аштырмай тастағаны. Есім кіресілі-шығасылы болса да, осы сәт есімде жатталып қалып қойды. Кейін арада біраз уақыт өткен соң теледидардан Желтоқсан оқиғасына қатысты баға берілген бейнесюжеттер көрсетіле бастады. Сонда өзіңіз айтып отырған кадр көзіме оттай басылды. Өзімді жазбай таныдым. Бірақ жақын досымнан басқа ешкімге тіс жармадым. Кейінірек бұл оқиғаны театрымыздың көркемдік же­тек­шісі, сахнадағы әріптесім Қуан­дық Қыстықбаев естіп, оны бір журналиске айтқан екен. Осылайша, бұл суретке «менің қатысым барлығы»  көпшілікке таралып кетті.

– Шыны керек, алаңға шық­қандардың маңайынан бұл оқиғаның «салқыны» бертінге дейін сейілмеді. Ал таспада бей­несі ап-анық таңбаланып қал­ған сізге, өрімдей жас өмі­ріңіз­ге бұл жайт қалай әсер етті? Өмір­лік һәм қызметтік жолы­ңыз­да қандай да бір кедергісін тигізбеді ме?

– Жоқ, қызметіме айтарлық­тай ауыртпалық салған жоқ. Бірақ сол оқиғадан кейін үз­дік­сіз тергеу жұмыстарын айт­­пағанда, әсіресе оқуымда бір­шама қиындық туындағаны рас. «Оқудан шығарамыз» деп те біраз әбігерге салды. Осындай сәтте жанымнан табылып, ұстаз­дық, аналық қамқорлығын аяма­ған, үнемі қолдау білдірген Ра­би­ға Қаныбаева бастаған ұстаз­дарыма алғысым шексіз. Осы кісілердің арқасында оқуымды аман-есен бітіріп шықтым. Әлі есімде, үздіксіз тергеу жұмыс­тарымен тығырыққа тіреген сол бір қиындау кездерде Раби­ға апайым: «Мейрамтай, сен айт­қаныңнан танба. Біз сенің жағың­дамыз. Сені оқудан шығар­маймыз», деп мені әр тергеуге шақырған сайын осылай деп дем беріп шығарып салатын. Рабиға апайым, Асылбек Ыхсан секілді ұстаздарыма күні бүгінге дейін қарыздармын.

– Сіздің ойыңызша, мінезді тәрбие тудыра ма, әлде жағ­дай ма? Жалпы, өзіңіз қан­дай бала болдыңыз? Нені арман­да­дыңыз?

– Жастық шағымда алаңға шығып, адуындап жүргеніммен, жалпы мен негізі ешқашан сотқар болған емеспін. Тентектік табиғатыма жат. Момын әрі сыр­шыл болдым. Бала күнімнен жа­ным да, дене бітімім де нәзік еді. Кейінірек интернатта оқып өмір мектебіне шыңдалдым ғой. Оның үстіне әжемнің баласы болғандығымның да әсері болар, ес білгеннен ертегі тың­дауға, кейінірек кітап оқуға қат­ты қызығатынмын. Одан бөлек әжемнің жаны өнерге жақын, әнді де жақсы айтатын. Туған­нан бастап 7 жасыма дейін сол кісінің қасында жаттым, сәби күнімнен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аялап өсірді. Әжем жыр-дастандарды жақсы білетін, жатқа айтатын және жай айтпайды, әндетіп отырып мақаммен айтатын. «Қобыланды» жырын ең алғаш осы кісінің аузынан естіп, қатты ұнатып, күн демей, түн демей қайта-қайта айтқыза беретінмін. Оқиғаны, кейіпкерлерін көз алдымнан өткізіп, тәтті қиялға берілетінмін. Содан шығар кіш­­кентайымнан-ақ  ән айтуға бейі­мім пайда болды. 11-12 жасымда Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқыдым. Әлі есімде, сол оқығанымды бір­неше күн бойы түсімде көріп жүрдім. «Рүстем дастан», «Ал­памыс», «Қобыланды батыр» – міне, осылардың бәрі бізді намысты әрі өнерге жақын етіп өсірді. Одан кейін актерлік жол­ға келуіме режиссер Сұлтан Қожықовтың әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің әсері айрықша болды. Осы киноны қайталап көре беруден жалықпайтынмын. Кейіпкерлеріне қарап еліктедім, соларға ұқсағым келді. Соның әсері шығар, бала күнімнен-ақ актер боламын деп армандадым және Алланың қалауымен сол мамандықпен тағдырымды байланыстырдым. Адамның сүйікті ісімен айналысқанынан артық бақыт жоқ қой. Жаратқанға мың да бір шүкір деймін, сол бақытқа кенеліп жүрміз.

– Сіздің театрдағы рөлде­ріңізді қарап, саралап отырсақ, көбінесе қосалқы рөл­­дерде көп көрініп, сол эпи­зодтық бейнелерге тамаша тағдыр сыйлап жүрге­ніңізді байқаймыз. Және сах­наға қыс­қа ғана уақытқа шық­саңыз да көп есінде өзіндік ерек­шелігіңізбен ұзақ уақытқа жатталып қаласыз. Бұл – өнер. Десе де адам жаны арманмен өмір сүреді ғой. Осы жасыңызға келгенде қиялыңызда жүрген, сахнада ғұмыр сыйлауды армандайтын бейне бар ма? Жалпы, өзіңізді қай жанрдың актерімін деп санайсыз?

– Егер шынымды айтсам, шығармашылық жолымда актер болып көңіл қанағаттандырдым деп айта алмаймын. 1986 жылғы өзім қатысқан Желтоқсан оқи­ғасы бар, одан кейінгі 90-шы жылдардың ауыртпалық кезеңі бар – барлығы біздің жастық шағымызға тап келді ғой. Менің жастық шағымды аумалы-төкпелі заман жеп қойды деп ойлаймын. Нағыз от болып жанып тұрған кезіміз өткен ғасырдың 90-шы жылдарына тап келіп қалды. Қытайларда «Сенің ең жақсы күндерің аумалы-төкпелі кездерге тап келсін» деген  бір қарғыс бар екен. Менің де жастық шағым тура сондай кезеңмен тұспа-тұс келді. Мүмкін ол уақыт талонмен нан алатын, адамның асқазанын ойлайтын кезең емес, өнерге бар­лық жағдай жасалған, тек шығармашылықты ғана ойлайтын театрдың қазіргі жағдайына кез болғанда, бәлкім, өнердегі тағдырым басқаша болар ма еді?! Әрине, ол кезде де заманның қиын­дығына қарамай суырылып шыққандар да болды ғой. Бірақ менің жағдайымда ол кезең маған, менің шығармашылығым үшін аса табысты болған жоқ. Өйткені сананы тұрмыс билеп, бала-шағаны асырау үшін сахнаны емес, басқа тіршілік салаларында еңбек етіп, тер төгуге тура келді. Осының кесірінен де, сахнада нағыз қаһармандар бейнесін тудыратын жылдарымды тұрмыстың тұсауына жығып бердім. Оқу бітіріп, бас қаладағы Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­миялық қазақ музыкалық драма театрына келгенге дейінгі аралықта менде 4-5 жыл үзіліс болды. Оның арасында менің істемеген жұмысым болмады: мал да бақтым, бағбан да болдым, күзетші де, жүк тасушы да болып көрдік, Алматының базарында ет те саттым. Бірақ ол тірлік маған жан бақытын сыйламады. Бұлай жалғаса берсе, өзімді, өмірлік арманымды жоғалтып алатынымды дер шағында түсіндім.  Қысқасы, көп тірліктің басын шалып көрдім, бірақ өнерге деген аңсар, іңкәрлік мені сахнаға қайта алып келді. Қ.Қуанышбаев театрына келгеннен кейін режиссерлер әуелде маған шағын-шағын рөлдерді, кейінірек күрделілеу бейнелерді сеніп тапсыра бастады. Құдайға шүкір, бүгінде өнерім өзіме оралды. Актер үшін сахнаға шығып көрерменмен сырласқаннан, спектакль соңын­дағы көрерменнің толассыз соғылған шапалағынан асқан қуаныш жоқ екен. Оны ешқандай тірлік те, байлық та алмастыра алмайды.

– Биыл еліміз үшін елеулі жыл. Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздігіміздің хабаршысы» Желтоқсан оқиғасына 35 жыл  толса, ұлтымыздың ұлық мейрамы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Әрине, бұл тұтас ұлт тарихы үшін көп уақыт емес, бірақ аз деп те айта ал­маймыз. Айтыңызшы, тәуел­сіздік дегенде ойыңызға не оралады? Бүгінде елдігіміздің қаді­ріне жете алып жүрміз бе?

– Біз әлімсақтан тәубешіл халықпыз ғой. Барға шүкіршілік, жоққа сабыр етіп үйренгенбіз. Әйтсе де, «біз тәуелсізбіз, біз егеменбіз, азатпыз» деген сөз­дерді қайта-қайта айқайлап ұрандатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Нақты іске көшетін кез әлдеқашан келді. Өзіңіз айтпақшы, 30 жыл деген көп емес, бірақ аз да емес. Демек тәуел­сіздік біздің санамызға сіңетін, еттен өтіп, сүйекке жете­тін кез баяғыда туғаны анық. Жастарымыз өсіп келе жатыр. Сол жастардың еркін ойымен бірге елімізге де үлкен өзгеріс келсе деп тілеймін, соны армандаймын. Ал біз әлі күнге жал­тақпыз. Тәуелсіздігімізден гөрі тәуел­ділігімізге көбірек сенгіміз келіп тұрады. Осы бір үрейден, комплекстен арылу керек деп ойлаймын. Ол үшін жас­тарымыз білімді, кемеңгер һәм ең бас­тысы ұлтжанды болуы керек. Көзқарастың қалыптасуына, пісіп-жетілуіне жүйелі де сапалы білім қажет. Біліммен ұш­­талған көзқарас нық болады. Сондықтан білімге құштар жас­тарымыз алған білімін ел ер­теңіне бағыттаса, ұлтымыздың келешегіне бейжай қарамаса, ер­теңгі болашағымыздың  жарқын болары хақ. Бұдан асқан қандай ба­қыт керек?!

Ал тәуелсіздік деген – тәңір­дің бізге берген теңдессіз тартуы. Оның қадіріне жетіп, баға­лай білуіміз керек. Ұлт үшін тәуелсіздік күні ұлы мейрам болуы тиіс. Соны жете түсінсек екен. Бірақ, өкінішке қарай, ол күн ұлы мереке деңгейіне жетпей отыр. Сол олқылықтың орнын тол­тыруға күш салынса, нұр үс­тіне нұр болар еді. Азаттықтың, егемендігіміздің  қадірін, бағасын түсініп, түйсініп өскен әр азамат, әрбір жас, өскелең ұрпақ ертең елін де, жерін де дауға бермейтін болады. Ендеше, елдігіміз мәңгілік болсын деймін. Тәуелсіздік тойы құтты болғай! 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»