Экономика • 30 Наурыз, 2021

Банкпен «бәсеке» микроқаржы ұйымдарының бәсін көтере ала ма?

1322 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр ел аумағында тіркелген микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) несиесінің пайызы төңірегіндегі мәселе Парламент қабырғасында көтерілгені белгілі.

Банкпен «бәсеке» микроқаржы ұйымдарының бәсін көтере ала ма?

Ал 2021 жылдан бастап Қазақстанда тіркелген МҚҰ мүмкіндігін экономиканы қаржыландыруға бағыттау туралы шешім қабылданды.

Республикалық кәсіпкер­лер­ге көмек көрсету орталығының директоры Дмитрий Казанцев микроқаржы ұйымдарына байланысты қабылданған шешім тегін еместігін айтады. Нарық­тың осы сегментіндегі несие­лер бақылаусыз берілді, адамдар бұдан зардап шекті. Бұл фактор Ұлттық банкті МҚҰ-ны лицензиялау туралы түпкілік­ті шешім қабылдауға итермеле­ді. «Микроқаржы ұйымдары­ның мүмкіндігін экономиканы қаржыландыруға пайдалану – дер кезінде қабылданған шешім. Бірақ оның нәтижесін сезу үшін Ұлттық банк МҚҰ мен екінші деңгейлі банктерге деген көзқарасты оңтайландыру керек. Бұл екінші деңгейлі банк­терге ішкі нарықтағы бәсе­кені сезінуге мүмкіндік берсе, керісінше, қаржы ұйымдарының бағыттарын әртараптандырады», дейді Д.Казанцев.

Сарапшылар елдегі МҚҰ-ның бақылаусыз және ретсіз дамуы алыс-жақын көршілеріміздің көз­құртына айналғанын айтады.

 

Forbes Kazakhstan мәлі­мет­те­­р­іне сәйкес, Қазақс­тан­дағы ша­ғын несиелендірудің көлең­ке­лі нарығының көлемі шамамен 200 млрд теңгені құрайды, ал микроқаржы ұйымдары үшін бұл көрсеткіш – жылына 42 млрд теңге. МҚҰ-ның көлеңкелі жағы шетелдік микрокредиттік ұйымдардың да назарын өзіне аударып отыр. Себебі 200 млрд теңгені қандай да бір жолмен беріп, қайтарып алып, өсімінен пайда табады. Ішкі нарықтағы МҚҰ-ның басым бөлігі «Кредит 24», «Финбокс», «Жылдам ақ­ша» және халықаралық MoneyMan компаниясының қа­зақ­стандық бөлімшесінің үле­­сін­де көрінеді. Онлайн несие беретін орталық атаулары да қызық. Koke.kz, «Займер.кз», «Тез кредит», «100 теңге», Moneyman, Kazbank, «Займер» болып жалғасып кете бе­реді.

Интернет арқылы рәсім­де­ле­тін несиелер 5 мың теңге­ден басталып, 2 млн теңгеге дейін ұласады. Несие мерзімін 5 күннен 30 күнге дейін созуға болады. Қарыз ақша жасы 18-ден асқан кез келген азаматқа беріледі. Мысалы, «Кредит 24» қаржы ұйымының өтінішті қарау мерзімі бір күн болса, MoneyMan-да 5 минутты құ­рай­ды. Ресейлік MoneyMan 2014 жылы Қазақстанда өкілдігін аш­ты және несиелік портфелін 360 млн теңгеге жеткізді. Үкімет пен Ұлттық банк МҚҰ лицен­зиялау арқылы нарықты институ­­­ттан­ды­руға кеш те болса ше­шім қа­был­дады.

2021 жыл микроқаржы ұйым­да­ры үшін жа­ғымды жаңа­лықпен басталды. Жыл басында қол­даныста жүрген заңдарға енген өзгерістер қор на­рығымен интеграциялануына мүмкіндік берді. Нарықтың осы сегментіндегі ойын­­­шылардың пікірінше, мик­ро­­­қаржы ұйымдары мен қор на­­рығы арасындағы интеграция ал­дағы уақытта терең­деп, кре­диторлардың бір жерде шо­ғыр­лануы нарықтық көр­сет­кіш­терге де оң әсер етеді.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, МҚҰ несиелік порт­фелі 2020 жылдың басынан бастап 30%-ға өсіп, жылдың аяғында 380 млрд теңгеге жетті. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан экономикасын несиелендіруде микроқаржы ұйымдарының үлесі өскенін байқауға болады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл үлес 2,5% деңгейінде болды. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, микроқаржы ұйымдарының несие портфелінің үлесі небәрі 2%-ды құрайды. Қарапайым халық алған несиенің басым бөлігі кепілсіз тұтынушылық кредиттерге тиесілі, көлемі – 4,2 трлн теңге. 2020 жылы бұл 0,6%-ға ғана кеміпті. Осыған байланысты сарапшылар нарықтағы банк моделі өзгере бастағанын, банк арқылы бөліп төлеудің бәрі қарыз алушылардың кедейлігіне байланысты емес екенін айтып отыр. Өйткені несие ретінде есепке алынатын тауарды бөліп төлейтін болса, адам мұның өзіне ыңғайлы екенін түсінеді.

Қазақстан микроқаржы ұйым­­дары қауымдас­ты­ғының бас­­шысы Ербол Омарханов микро­қар­жы ұйымдары кепілсіз несие­нің катализаторы емес екенін, олар халықтың қарызға батуына себепші болып отыр деген пікірдің жаңсақ екенін, қарыз беруге қатысты шектеуді қол­дамайтынын және несие нарығының барлық ойыншысына талап бірдей болу керектігін айтқан-ды.

Кейбір сарапшылар МҚҰ қызметін онлайн несие беретін компаниялардың қызметімен жиі шатастыратынын айтады. Микроқаржы ұйымдары клиенттерге қашықтан қызмет көрсету құралы болғандықтан, онлайн несиелеумен де айналыса алады. Бірақ микрокредиттерді Ұлттық банкте тіркелген ұйымдар ғана бере алады. Қаржы ұйым­да­ры­нан қарыз алушылардың құ­қығы бұ­зылса, олар Ұлттық банктің қорғауында болады. Олар­дың басқа ойыншылардан басты айыр­­ма­шы­­лығы да осы. «Бұл тура­лы қарыз алушы білуі керек. Олардың құқығы бұзылса, Ұлттық банктің көмегіне жүгіне алады, бірақ реттеуші өтінішті қа­ра­ғанымен, мәселені шешуге өкілет­тігі жоқ, дау тек сотта ше­ші­леді», дейді Е.Омарханов.

Оның айтуынша, карантин кезінде онлайн режі­мін­де ұсы­ны­латын шағын несиелерге ха­лық­тың сұранысы артты. Ал он­лайн несиелеудің дәстүрлі шағын несиелендіруден өзіндік ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік МҚҰ-ның шағын және орта бизнеске қолдау көрсететінінен байқалады. Қаржы ұйымдарында жеке тұлғалардың депозиттерін тарту құқығы жоқ, сондықтан мүм­­кіндіктері де шектеулі. Қар­жы­­ландырудың негізгі көзі – акционерлік ка­пи­тал мен сыртқы қарыздар. МҚҰ-ға бағалы қа­ғаздар есебінен қаржы тартуға да рұқсат етіл­меген, сондықтан қор нарығында ақшаны қарызға ала алмайды. Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі кәсіпкерлікті дамыту үшін осындай МҚҰ-ға несие береді. «Шетелдік қаржыға тәуелділік басқа да тәуелділікті тудырады. Өйткені сыртқы инвестициялық нарықтағы жағ­дайдың өзге­руі, басқа да күт­пе­ген оқиғалардың болуы Қа­зақ­с­тандағы микрокредиттік нарықтың тоқы­рауы­на әкелуі мүмкін», деді Е.Омарханов.

Ол микроқаржы ұйымдары үшін арзан қаржы­лан­дыру мүм­кін­дігі қарастырылуы тұты­ну­шы­ларға сыйақы мөлшер­ле­ме­сін төмендетуге, микрокредит беру нарығының тұрақтылығын сақтауға ықпал ететінін айтады.

Бірінші несиелік бюроның ат­қару­шы директоры Әсем Нұрға­лиева жыл басында ак­ци­я­лар мен облигацияларды қор биржасында орналастыру микроқаржы ұйымдарын қаржы­лан­дырудың тиімді көзі бола ала­тынын, осы ретте қандай көлемде және қандай тарифтермен орналастырылатынына назар аудару қажеттігін айтады. Ең бастысы, МҚҰ депозитінің ставкасы банк депозиттерінен жоғары болғанда ғана облигациялар инвестиция ретінде тартымды болады. Осыған дейін де микроқаржы ұйымдарының облигациялары ішкі нарық үшін тартымсыз деген пікірлер басым болып келген. Бұл көзқарас екінші деңгейлі банк­тер­мен, қор нарығымен интеграциялануына барынша кедергі болып келген. Банктер жабылып қалудан қорқып, соңғы демі қалғанша өмір сүруге тырысса, МҚҰ «көлеңкеде» қалып, өз әлемінде жеке-дара өмір сүруге басымдық беріп келді. Осы факторды алға тартқан сарапшылар қор нарығы үшін МҚҰ облигациялары бірден тартымды болып кетпейтінін, олардың құқықтары белгілі бір деңгейде екінші деңгейлі банктермен теңесуі керегін алға тартады. МҚҰ обли­гацияларының өтімділігіне де, олардың экономиканы қар­жы­ландыруды тезірек бастап кетуі­не де осы фактор әсер ететін көрі­неді.

Ал МҚҰ беретін несие па­йы­зының күмәнді тұстары көп. Ұлттық банк те бұл жө­нін­де нақты шешімге келе қой­ған жоқ. Қаржыгер Ерлан Ибра­ги­мовтің пікірінше, қаржы инс­титут­тарының МҚҰ-ға айналуы қалыпты жағдай. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен МҚҰ мәртебесін теңестіруге қадам жасағанда ғана олардың экономикамен интеграциялану процесі жеделдейді. Алайда мик­роқаржы ұйымдары әзірге бир­жаға келуге асықпайды. Оның екі себебі бар. Алғашқысы олар­дың облигация­­лары ішкі нарық үшін тартымсыз, екіншісі – пандемияның экономика мен халықтың табыс деңгейіне теріс әсер етуі. Бұл өз кезегінде тұтынушылық несиеге деген сұранысты тө­мендетуі мүмкін. «МҚҰ бизнесінің бола­ша­ғы бар. Сондықтан қор биржасында бұл ұйым­дар­дың саны өсуі әбден мүмкін. Сонымен қатар OnlineKazFinance-ті сәтті орналастыруға қара­ғанда инвес­торлар арасында қызығушылық бар. МҚҰ үшін негізгі қауіп – ­
несие­лерді қайтармау немесе кешіктіру проблемалары болуы мүмкін. Сон­­дықтан алда­ғы уа­қыт­та экономикалық дағ­да­рыс кезінде банктерге тән же­ңіл­діктерді микро­қар­жы ұйым­да­рына да қолдану керек», дейді Е.Ибрагим.

Сарапшылар МҚҰ қор биржасымен интеграцияланды, енді мұндай көріністер біздің елде де қалыпты жағдайға айна­лады деп сеніп отыр. Бүгін­ге дейін Қазақстанда қор на­ры­ғы мен МҚҰ арасында біраз қиындық болды. Мы­салы, Ре­сейде на­рық­тың осы сег­мен­тіндегі ком­паниялар қор нарығына кіріп, ин­вес­тициялармен интеграцияланып кеткен.  Қазақстанда мұндай мүмкіндік бол­мады. Бұл қор нарығының МҚҰ сегментімен интег­рациялануына барынша кедергі келтірді. Ал басқа елдерден инвестор тарту өте қиын, өйткені теңге тұрақсыз. Ішкі нарықпен ықпалдасуға кедергі көп. Мұндай бизнесті шетел валютасымен қар­жы­­ландыру да қиын, ал хеджирлеуді қолдану – қымбат.

Фридом Финанс инвестиция­лық банк департа­мен­­тінің директоры Ренат Сыздықов МҚҰ-ның қор биржасына келуін оң бағалайды. Оның пікірінше, бұл инвестициялық құралдарды таң­дау тұрғысынан құнды қа­ғаздар нарығына сұра­ныс­ты арттырады, ал қазақстандық ин­весторлар үшін МҚҰ секторы қызықты инвестициялық мүм­кін­дік­тер алаңына айналады. Сарапшының айтуын­ша, микроқаржы ұйымдары қазір өз қызметін қар­жы­ландыру үшін кепілсіз облигациялар шығару арқылы көп ақша жинауға дайын, өйткені нарықта несиеге деген сұраныстың артуы байқалады. Қазақ­стан Қор биржасы бас­қар­масы төрағасының орынб­асары Наталья Хорошевская МҚҰ облигациялар шығаруға мүдделі екенін, KASE-ге шығару және инвесторлар арасында орналастыру бойынша келіссөздер жүріп жатқанын айтады. Демек, Ұлт­тық банк тарапынан назар аударатын мәселенің өзегі де осы болуы тиіс.