Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Дәл бүгін жасарып, жайнап жатқан Түркістан шаһары – соның айғағы. Абай дананың сөзі еске түседі: «Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?..».
Иә, бұрын да, қазір де Түркістан – рәміз, Түркістан – ұран. Әсіресе, жаңғырып жатқан Түркістан өңірі мен қаласы – біреулер ойлап жүргендей, «баяғы Шымкент облысы» емес. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» дегендей, Түркістан – қазақтың төрт тарапының игі жақсылары жаны мен тәнін пәктеп, аманаттаған киелі жер. Ол – бір кезде исі түркі жұртына бүгінгі Лондон мен Париждей, кешегі Ленинград пен Мәскеудей болған Самарқан мен Бұқараның кілті. Ізашар шаһары, ілкі жолы.
Сондықтан қашанда «Түркістан» атауы көзімізге оттай басылады.
Осыдан тура 16 жыл бұрын астанадағы «Абай» дүкенінен белгілі зерттеуші-журналист, мұратанушы Тынышбек Дайрабай құрастырған «Түркістан. Туркестан. Turkestan: 1866-1872» атты альбомды көре сала, үлкен олжаға кезіккендей, жата-жастана зерделеуге асықтық. Оны «Елорда» баспасы (директоры марқұм Тұрлығазы Дуанбек) жариялаған еді. Альбом сол кездегі полиграфия технологиясының мүмкіндігіне қарай басылған-ды. Бірақ бізді таңғалдырғаны – Түркістан өңірінің тарихын, салт-дәстүрін, кәсіби бағдарын, археологиясын бейнелейтін фото суреттердің сақталып қалғаны. Дәл сол басылымында суреттердің кішкентайлығына, солғындылығына назар аудармадық (алғашқы басылымы – 28 баспа табақ), мән-мағынасына көңіл бөлдік. Тағы бір қуанғанымыз – жасынан этнография мен тарихқа қызыққан Т.Дайрабайдың мұраны іздеп-тауып, жариялаудағы тыңғылықтығы және азаматтық жауапкершілігі.
Арада 15 жыл өткен соң, Тынышбек мырза халықтың тарихқа деген ынтасы мен сұранымын ескеріп, тұтас облыстың Түркістан атауымен қайта жаңғырғанының байғазысына «Түркістан. Туркестан. Turkestan: 1866-1872» альбомын 43 баспа табақ көлемде мазмұнын қайта пысықтап, суреттерін үлкейтіп, ақ-қара бояуын қанықтырып жариялағаны отандық мұратану мен мәдениеттің мерейін өсірді. Тарихи деректі жинақ мемлекеттің жоспарымен Алматының «Азия арна» баспасынан жарық көрген.
Альбомның екі басылымы да қазақ, орыс, ағылшын тілінде алғысөз, түсініктерімен шықты. Соңғы нұсқасында бұрынғы кішкентай суреттер тұтас бетке, ал маңыздылары айқара бетке ұсынылды. Бұдан да құрастырушының ыждағатын, қайсыбір мәнді суреттің құндылығын айшықтағанын байқаймыз.
Әр сурет – жай ғана оқиғаның дерегі емес, тұтас тарих панорамасының дерегі екені айқындала түседі. Мысалы, ә дегенде ұсынылған «Керуеннің қоналқыға тоқтауы» суретінен кәсіби, әлеуметтік ерекшелікпен бірге жер-аумақ, табиғат сипаты қоса меңзелген. Ал «Түркістан аймағын мекендейтін халықтар» топтамасында негізінен қыпшақ текті ер, әйел азаматтар мен жасөспірімдердің бейнесін (антропология), киімін (костюмін) көреміз. Енді бір айқара бетке ұсынылған «Қазақ киіз үйінің ішкі көрінісі» атты фотографиядан ауқатты ерлі-зайыптының күнделікті тұрмыстағы заттарының түр-тұрпатын, ата-анасының саясындағы балиғат жасындағы екі қыз бен олардың бүлдіршін сіңлісінің кескін-келбетін, киімі мен көзқарасын байыптаймыз.
«Қазақтардың үйлену әдет-ғұрпы», «Саяхат кезінде пайдаланатын жолым үй», «Әулие ата қаласы. Базар алаңы», «Ортаазиялықтардың ойын-сауығы. Қыз қуу», «Мұсылмандық мектеп», «Жалпыхалықтық ойын-сауық – күрес», «Қоғамдық ойын-сауық – көкпар», «Ат бәйгесі», «Қазақтардың көші-қоны», «Ат үстіндегі қазақ», «Қобызшы», «Түркістан өлкесіндегі пошта айдаушы», «Әулие ата маңындағы қазақ жайлауы», «Манкент ауылы. Шарбақты», «Әулие ата. Ат базары», «Ортаазиялықтардың ер тоқым әбзелдері», «Шымкент қаласы және оның көшелері», «Қармақшы. №2 форт көрінісі», «Қазалы айлағы», «Арыс өткелі», «Сайрам ауылы. Ботбай мазары», «Түркістан қаласы. Әзірет сұлтанның оңтүстіктен көрінісі», «Сауран мұнарасы», «Әулие Қорқыттың құлаған моласы», «Әулие ата. Қарахан мазары», «Қазақ зираты», «Бетпақдаладағы Мырза рабат», «Бұхара әмірі Насрулла сыйлаған үлкен Құран және оның тағы», «Ұлықбек медресесінің көрінісі», «Әулие ата қамалының қирандысы» т.б. атаулы суреттер, киіз үй сүйегін дайындау, көрік пен дүкен жұмысы, қол диірмен мен келі түю, етік тігу, киіз басу, қамшы өру, арқан өру, жіп иіру, ат тағалау, астық бастыру т.б. қолма-қол үдерісті көрсететін фотолар альбомның этнографиялық дерегін де, дәйегін де арттырады.
Түркістан – әлімсақтан көп этносты өңір. Діндес, тілдес бүгінгі өзбек ағайынның көбі ол кезде «сарт» этнонимімен жүр. Қазақтың «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» деген сөзінде екі тарапты да шеттету жоқ. «Садағаң боп кетейін!» деп жақсы көрген адамына ғана айтады. Альбомдағы қырғыз салт-дәстүр көрінісі – бізбен тел қозыдай. Қызық болғанда, суреттерге қарап отырып, біз сол садаға-сарт өмірінің жүзден он пайызын білмейтініміз мәлім боп қалады. «Қайыр тілеушілер», «Каландарлар қауымы», «Қазылар соты», «Шайхана қатары», «Сайли Сали Нау», «Сағыз сатушы», «Қорқоршы», «Михтерлер», «Ер балалар биі», «Ұсақ сауда (тақияшы, мәсіші, асқабақшы, шәйнекші, арқаншы, тұқымшы, самаурыншы, отыншы, теріші, қазаншы, легенші т.б.) фотоларын көріп қайран қаласыз.
Ал бірін естіп, бірін естімеген Түркістан аймағын мекендеген шолақ «шала» қазақ, хиуалық, үнді, қаратегін, ягнауб, парсы, сыған, араб, еврей, ауған, тәжік этнос өкілдерінің түр-тұрпатын, киім-кешегін, кәсібін, тұрмыс заттарын, салт-дәстүрін көріп, жаңа мағлұматқа кенелесіз.
Қыл аяғы осы белгілі-белгісіз ұлт өкілдері қайтқан адамдарын қалай ақтық сапарға шығарып салатыны бейнеленген фотоларға дейін бар.
Осыларды көре отырып, фотография өнерінің тарихты хаттап қалуға сіңірген еңбегін мойындайсыз. Бұл ретте осыдан 149-155 жыл бұрынғы Түркістан өңірі сәулет ескерткіштерінің (Ясауи кесенесі, шейх Маслахатдин мешіті, Көккүмбез мешіті, Піскент-Қосбұлақ кенті, Тіллә-қари медресесі, Ташкент Қатун мешіті, Самарқан Шарсу моласы, Еноқ қазірет Қызыр мазары, Қоқанның хан сарайы, Әндіжан ханзада сарайы, Әндіжан бас керуен сарайы, сұлтан Мұратбек медресесі, Мәделі хан медресесі, Рүстембек медресесі, Қарахан мазары, Рәбия бегім кесенесі, құшбек Беглербек рабаты, Үргіт және Дағбит мазарлары, әулие Құсам ибн Аббас зираты, Айна хан кесенесі, Ұлжа Инаг пен Бибі Зейнет кесенесі, Шырын бике кесенесі, әмір Бұрындық кесенесі, Мақтым Ағзам мазары, әмір Құтлық Тұрдыбек мазары, әмір Әбу тенгі кесенесі, Ша-Арап кесенесі, Шахи-Зинда мешіті, Ұлықбек медресесі, Тіллә-Қари медресесі, Шир-дар медресесі, Әмір Темір кесенесі, Қожа Ахрар мешіті, Шайбани хан медресесі, Қосқыншы хан кесенесі, Ақсарай кесенесі, қожа Әбду Бирун кесенесі, шейх Нүретдин Бәшір Құтби кесенесі, Нәдір Диуанбек медресесі, Әмір Темірдің жазғы сарайы (Ишрат хан), шейх Бурханедин кесенесі, Бабақажы мазары, Тоқмақ қамалы, Шымкент қамалы, Пішпек қамалы, Ташкент қорғаны, Ходжент қорғаны, Кәттақорған қамалы, Жизақ қақпасы, Әулие ата қамалы, Пенжикент қамалы, Ұратөбе қамалы, Самарқанның Бұхара қақпасы т.б.) түсірілген суреті – қай жағынан да тарихи-мәдени құндылық болып қалары анық.
Жоғарыда акварель сурет пен карта сызбасы деп қалдық. Мәселен, Самарқан ескерткіштерінің безендірілуі, Шахи-Зинда мазарының ішкі кескіні, Әмір Темір кесенесінің ішкі келбеті т.б. мамандарға әжептәуір ой тастайды. Сондай-ақ «Ұзынағаш түбіндегі ұрыс жоспары» (патшалық Ресей мен Қоқан хандығы арасындағы шайқастың күні, айы, ауқымы, картасы), «Ташкент қорғанын қоршау мен басып алу сызбасы» (уақыты көрсетілген) тарихшыларды бейжай қалдырмаса керек.
Егер бүгінгі Ташкент немесе Ресей (шығыстану қоры) ғалымдары мен сәулетшілері осы фотолардың, суреттердің, сызбалардың аса сапалы түпнұсқасын қайта жасатып, электрондық жүйеде мүдделі әлемдік ғылыми-зерттеу орталықтары (зертхана) мен университеттеріне жолдаса, бұл құндылықтар білім бағдарламасына ену арқылы «екінші өмірін» жалғастырар еді.
Әр істің бастаушысы, ұйытқысы болады. Тарихи «Түркістан альбомы» осы өлкені тұңғыш генерал-губернаторы, әскери шені де генерал Константин фон Кауфман (1818–1882) арқасында өмірге келді. Ал оның қара жұмысын істегендер – шығыстанушы, исламтанушы Александр Кун (1840-1888) мен әскери инженер Николай Богаевский (1843-1912). Альбомға 1200 фото және бұған қосымша ретінде сәулет жоспарлары, карталар, акварель суреттері енген. Осыдан бөлек «Этнография бөліміне» 491 сурет кірген. Әлі күнге тарихшы, этнографтарды таңғалдыратын қомақты альбом төрт бөлімнен, алты томнан тұрады. «Археология бөлімі» – екі том, «Этнография бөлімі» – екі том, «Өндіріс бөлімі» – бір том, «Тарих бөлімі» – бір том.
ХІХ ғасырдың 70-жылдарындағы баспа технологиясы біршама дамығаны соншалық, осыншама фото қор кешіктірілмей шығарылған. Оның негізгі тарихи нұсқа-даналары Ресей ұлттық кітапханасында (бұрынғы Ленин кітапханасы) және Өзбекстан ұлттық кітапханасында сақталған. Ал Америка Құрама Штаттарының Конгресс кітапханасы бұл бай мұраның бір данасын 1934 жылы сатып алған. Дәл осылай «Түркістан» фото дестесінің бір бөлігі Францияға да жеткен.
Альбом тарихына 80-жылдары-ақ ден қойған Т.Дайрабай ұлт үшін аса маңызды осы еңбектің көшірмесіне қол жеткізуді жоспарлайды. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, ел арманына ұласқан ер арманы азаттық алған жылдары жүзеге асады. Қазақстанның ұлт кітапханасы мен мұрағатының қайраткер қыздары Күлжахан Әбуғалиева, Роза Бердіғалиева, Жолдыбике Кәриева, Раиса Бірімжарова кәсіби көмек қолын созса, «Түркістан» газетін жаңғыртқан әйгілі жазушы Қалтай Мұхамеджанов ақыл-кеңесін аямаған. Ал Санкт-Петербург Ұлттық кітапханасында сақталған альбом данасын көшіріп алуға әжептәуір қаржы қажет болғанда, еліміздің атымтай жомарты, экс-депутат Исахан Әлімжанов азаматтық танытқан. Өшкенді жандырған бұл тұлғалар (ішінде бақиға озғаны да бар) ұмытылмауы керек.
Ресми энциклопедиялық деректерге қарағанда, фотосуреттердің тақырыбын, бағыт-бағдарын үйлестіру А.Л.Кун мен П.В.Богаевскийге жүктелген, ал оны фотографтар - Н.Нехорошев, П.Пироев, Г.Кривцов (соңғы екеуі әскери) түсірген. Ерекше дүниелерді акварельмен бейнелеу Л.А.Шостакқа тапсырылған. Альбом тұтастай Ташкенттегі фотограф Н.Нехорошевтің шеберханасында жасалған. Альбом мазмұны 1872 жылдың соңында Петербор цензурасынан өтіп, бар болғаны 6 (алты) данамен сол қаланың №1 И.Мордуховский баспаханасынан жарық көрген.
Оқырманға мәлімет бере кетейік, патшалық Ресей ХІХ ғасырда геосаяси ойындарға, аймақтарды «игеруге» (жаулауға) батыл кірісіп, осы ауқымды іске Императорлық география қоғамын жұмылдырады. «Еуропалық Түркия шіркеулерінің жәдігерліктері мен славяндар түр-тұрпатының фотография жинағы» (П. Пятницкий, 1867), «Ресей асылзадаларының және танымал тұлғаларының портреттік фотография альбомы» (А.Деньер, 1865), 5 томдық ««Амур, Шығыс Сібір, Батыс Сібір, Орал» фотоальбомы, 3 томдық «Амур және Уссурий өлкесі альбомы» (В.Ланин, 1876), «Collection de types des Peuples de Russie, Roumanie et Bulgarie» (Ж.Рауль, 1870-жылдар), «2-Дон округы: түрлер мен тұрпаттар» (И.Болдырев), «Ресей костюмдерінің альбомы» (екеуі де ХІХ ғ. 70-жылдар), «Хиуа хандығының түрі мен тұрпаты» (Г. Кривцов, 1873), «Батыс Сібірдің түр-тұрпат альбомы (Л. Полторацкая, 1879), «Солтүстік-батыс Моңғолияның түр-тұрпаты» (А. Адрианов, 1879), «Императорлық көпшілік кітапхананың фотографиялық және фототиптік коллекциясы» (В.Стасов, 1885), «Шығыс халықтарының түр-тұрпаты» (1890), «Малороссия түр-тұрпаты» (А.Завадский, 1890), «Малороссия альбомы» (И.Кордыш, 1895), 8 томдық «Кавказ, Персия, еуропалық және азиялық Түркия халықтарының фотографиялық түр-тұрпат каталогы» (Д.Ермаков, 1896), «Енисей фото жинағы» (П.Островский, 1897), «Беларусь және Олонецк губерниясы фото жинағы» (М.Круковский, 1898) т.б. осы кезде шықты. Бір елеулі факт: осы альбомдардың бірсыпырасы (ішінде «Түркістан альбомы» да бар) Париж халықаралық география көрмесінен жүлделі орын алған.
Мұратанушы Тынышбек Дайрабай жаңғыртқан немесе қайта шығарған «Түркістан альбомы» – түркі дүниесінің, қазақ халқының ортақ мұрасы. Сондықтан біз руханият жоқшысы Тәкеңе «тәңір жарылқасын!» айтамыз.
Әрине, үлкен және шетін жұмыстарда техникалық кінәраттар кетіп жатады. Бұл құрастырушының еңбегіне нұқсан келтірмейді. Дегенмен кей тұстарды қайта пысықтау – тарихи альбомның жаңа басылымын көркейте түседі деп ойлаймыз.
Мысалы, түпнұсқада сурет астындағы жазу орысша және ағылшынша болса керек. Осының қазақшасы кей тұста калькаланып кеткен. «Мұсылмандық мектепті» – «мұсылман мектебі», «Сайли Сали Науды» – «жыл басы – Наурыз», «Құрбан-Байрамды» – «Құрбан айт», «ат бәйгесін» – «бәйгі», «ат үстіндегі қазақты» – «салт атты қазақ», «Қазақтардың көші-қоны» – «қазақ көші-қоны», «пошта айдаушыны» – «поштабай», «Маадалыны» – «Мәделі», «Ташкент... саябақтарын» – «Ташкент саябағы», «слободканы» – «село» емес, «слободка», «Зааминді» – «Зәмин», «Сейд Худоярды» – «Сейіт Құдияр», «Сауран ... қалдығын» – «Сауран ... жұрты» (т.б.) деп түзету қисынды. Мұндай ұстаным ана тіліміздің беделін көтереді.
Оқырман альбомды қараған жаннан: «Жинаққа 6 томдық тұпнұсқадағы суреттердің неше пайызы енген?» деп сұрауы мүмкін. Дәл есебін білмедік, бәлкім Қазақстан нұсқасына төрттен бір бөлігі ғана енген шығар. Енді қалғанын қайтеміз? Әлбетте, ғылымға салса, бәрін жариялау қажет. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының айрықша жобасы ретінде немесе жаңғырған Түркістан қаласының мәдени жобасы ретінде қаржы көзін табуға болады деп ойлаймыз.
Енді мұраны танымалдандыруға келейік. «Бұл тарихи құнды жинақ әр шаңырақта тұрсын» деп айтсақ, біраз азаматтың жауапкершілігіне салмақ түсіргендей көрінерміз. Сондықтан ұлты мен өзін сыйлаған барша тарихшының, этнографтың, сәулетшінің, әдебиетшінің, суретшінің, өзге де мәдениет пен өнер саласы мамандарының сөресінде тұруы ләзім. Бұл – бір.
Екінші, қазір ақпараттық технология мен инновация заманы. Сондықтан бүгін халық мұрасы – «Түркістан альбомының» екінші тынысы ашылатын сәт. Жинақтағы адамдардың кескін-келбетін, ұлттық костюмдерді, салт-дәстүрді, ойындарды, кәсіптерді, көші-қон, қоныс бейнелерін табиғи бояулармен нәрлендіру, жандандыру, нақтылау – уақыт талабы.
Үшінші, бүгінгі жастарды қансыз-сөлсіз деп ойламауға керек. Айталық, мұратанушы Тынышбек Дайрабай Алматыдағы Өнер академиясы мен Сәулет-құрылыс академиясынан бастап «Түркістан альбомы коллекциясынан» атты көшпелі көрме өткізсе, нәтижесі елеулі болар еді. Әрине, бұл істе осы оқу орны басшыларының жоба авторына қолқа салуы – өркениетті қадам.
Ендеше, іске сәт!
Дихан Қамзабекұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі