Өнер • 01 Сәуір, 2021

Қуыршақ театрының қадамы

628 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының жанынан қуыршақ театры ашылды. Жаңа өнер ұжымының әртістері кішкентай көрермендеріне «Ата мектебі» спектаклін ұсынды. Балаларға арналған алғашқы қойылымның авторы – театр әртісі Бекет Зинуллин.

Қуыршақ театрының қадамы

«Ата мектебі» – жастардың ата-анасын ауылда қалдырып, оқуға, жұмыс істеуге, табыс табу үшін қалаға кетуге мәжбүр болатыны туралы қойылым. Алайда у-шуы мол қаланың әсері ме, әлде албырттық па, ауылдан өкше көтерген жастың дені жарық дүниеге әкелген ата-анасына хабарласуды ұмытатынын қайтерсің? Тіпті кіндік кескен ауылына бармайтындар көп. Бұл – күнделікті өмірде қалыпқа айналған үрдіс. Осының бәрі сахнада ата мен немеренің бей­несінде көрініс тапты. Қала ба­ласы ауылда өткізген қысқа мер­зімде атасының даналық ұла­ғатына қуана зейін қояды. Пай­далы ақыл-кеңес алып, дом­бырада ойнауды үйренді. Бақ­шадағы жұмысқа көмектесті. Қаладағы ата-анасына оралар сәтте атасын құшақтаған немере тағы да келуге уәде берді.

– Аға буын – отбасылық құн­дылықтар мен дәстүрді сақ­тап, кейінгі ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Ата-әжені ешбір мектеп те, балабақша да алмас­тыра алмайды. Сол себептен, біз ауылдағы қарт ата-ананың бала­ларына, немерелеріне деген сағынышын, өнегелік ұлағатын көрсетуді көздедік. Қариялар қарашаңырақты тастап, балалары тұратын қалаға қоныс аудар­ғысы келмейді. Кейде өзім де алыс ауылдағы ата-анамды ойлап, мұңайып қаламын. Бұл – өмір. Десек те, ең басты ойды – ата-ананы жалғыз қалдырмауды көрер­менге жеткізе алдық, – дейді драматургия авторы
Б.Зинуллин.

Академиялық драма театр­дың директоры Берік Жәме­новтің айтуынша, Атырауда қуыршақ театрын ашу идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын туындаған екен. Алайда оны іске асыру­ға балалар­ға арналған драматургияның кенжелеп қал­ғаны қолбайлау болған.

– Оңтүстік өңірдегі қуыр­шақ театрының әртістерінің қазақ даласынан өзге елге құл­дыққа сатылған Бейбарыс сұл­танның балалық шағы туралы жазылған Рахымжан Отарбаев­тың «Сағыныш шөбі» атты пьеса­ны сахналағанына куә болған едім. Сол спектакльдегі көрініс­тер жүрек қылын қозғап жіберді. Мұн­дай театрды Атырауда ашуға болмай ма? Бұл туралы театры­мыздың әртістеріне ұсыныс айтып едім. Олар қуыршақ театрын ашу бастамасын бірден қолдады, – дейді Берік Жәменов.

Оның айтуынша, болашақ­та Алматы мен Ақтөбе қалаларын­дағы қуыршақ театрларының маман­дарын, әртістерін шақыру жоспарланып отыр. Жас көрер­мендерге арналған қойылымдарға балалар да қатыстырылады.

 

Атырау облысы