Қоғам • 01 Сәуір, 2021

Заңсыз талап, зар илеген тұрғындар

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай облысында мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру нәтижесінде жергілікті атқару мекемелерінің үстінен түсетін шағымдардың бір жарым есе азайған. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департамент өкілдері қағаз түрінде көрсетілетін қызметтердің бір жыл ішінде екі есе қысқарғанын айтып отыр. Мысалы, 2019 жылы өңірде 1 млн 94 мың қызмет қағаз түрінде көрсетілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 592-ге дейін азайған.

Заңсыз талап, зар илеген тұрғындар

Соған қарамастан, салада бір­қатар олқылық орын алып келеді. Биыл 26 қаңтарда өт­кен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттік қызметті цифрландыру мәселесінде саннан гөрі, са­паға баса көңіл аударып, мей­лін­ше жоғары сұранысқа ие қыз­мет түрлерінің шынайы пай­даланылу аясын кеңейтуді тап­сырған еді. Осыған орай, жер­гілікті атқару органдарының мә­ліметтерін мұқият тексеріп шық­қан мемлекеттік қызмет істері жө­ніндегі облыстық департамент мем­лекеттік қызмет көрсету тәртібіне қатысты 253 кемшілік тауып отыр.

– Мысалы, таяуда Қостанай қаласында тұрмыстық қатынастар бөлімінің қызметкерлері өздеріне шаруамен келген азаматқа мем­лекеттік қызмет көрсетуден бас тартқан. Сөйте тұра, оның себе­бін нақтылап түсіндірмеген. Осы­­лайша, құзырлы орган қа­рапайым тұрғынды құжатын дұрыстап, өздеріне қайта жүгіну мүмкіндігінен айырып отыр. Мем­лекеттік қызмет көрсету барысында жіберілген осындай ірілі-ұсақты келеңсіздіктері үшін былтыр 60, биыл 3 басшыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бірақ мәселені жалаң жазалау жолымен ғана шешу мүмкін емес. Сондықтан біз қалалық, аудандық әкімдіктерге мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қоғамдық ба­қылауды күшейту арқылы арттыру жолдарын ұсынып отырмыз, – деді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департамент басшысы Асхат Ескендіров.

Облыс тұрғындарынан кө­бінесе ХҚО, денсаулық сақтау және еңбекпен қамту салаларына қатысты шағымдар жиі түсіп жатады. Аталған департаменттің мәліметі бойынша, бұл салаларда 30-дан астам кемшілік анықталған. Оның дені денсаулық сақтау мекемелеріне тиесілі.

– Бұл – жай ғана құрғақ мә­ліметтер емес, әр цифрдың артында тұрғындардың зая кеткен уақыты, желге ұшқан ақшасы, тозған жүйкесі тұр. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызмет алуды жеңілдетуге бағытталған қы­руар шаралар жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, азаматтар шағымы тоқтамай тұр. Мысалы, баспаналары өртеніп, мемлекеттен жәрдемақы алғысы келген Қостанай қаласы мен Әулиекөл ауданының тұрғындары жауапты мекеменің талабы бойынша өздеріне келген шығын сомасы туралы бағалау құжатын әзірлеуге мәжбүр болған. Бұл құжатты талап ету ешбір нормативтік-құқықтық актіде көрсетілмеген. Ал тәуелсіз бағалау жүргізетін орындар бұл құжат үшін мемлекет беретін жәрдемақы мөлшеріне барабар немесе одан сәл ғана төмен құн сұрайды. Осындай келеңсіздіктің салдарынан Үкіметтен алған ақ­шасын қымбат құжатқа шығындап босқа арамтер болған тұрғындар «Мұндай мемлекеттік көмектің қажеті қанша?» деп орынды кейіс білдіріп жатады, – деді А.Ес­кендіров.

Облыстағы бірқатар меди­ци­налық мекеме көлік жүр­гізуге құқық беретін анықтама алу үшін келгендерден көбірек пайда түсіру мақсатында тұрғындарды бекітілген тізімде жоқ қосымша дәрігерлердің тексеруінен өтуге мәжбүрлеп, ақылы анықтаманың құнын қасақана қымбаттатып отырған. Заң бойынша, мұндай анықтаманы алу үшін 5 дәрігердің: терапевт, окулист, оториноларинголог, психиатр және нарколог мамандардың тексеруінен өту жеткілікті. Алайда емханалардың көбі бұл мамандардың сыртынан невропатолог, хирург, акушер гинекологтарды да қосып қойған. Дәрігер көбейген сайын анықтама бағасы да қымбаттай түседі. Мы­салы, Денисов ауданының тұр­ғындары медициналық анықтама алу үшін небәрі 2 мың теңге шы­ғындаса, Федоров ауданында бұл анықтаманың бағасы 14 612 теңгеге дейін барады.

– Мұны облыстағы қоғамдық ұйымдардың көмегімен анықтап отырмыз. Емханалардың бұл әре­кетін облыс әкімі өз қадағалауына алды. Таяуда анықтама бағасы бір ізге түседі деп сенеміз, – деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, облыстың бірқатар ауданында есеп мә­лі­меттерінің бұрмаланғаны анық­­талып отыр. Мемлекеттік қыз­мет істері жөніндегі департамент тексерген мекемелердің тең жартысының статистикалық мә­ліметтері шындыққа жанаспайды. Мысалы, Б.Майлин ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік тіркеуге 90 неке қию туралы шарты тіркелді деп есеп бергенімен, іс жүзінде 84 шарт тіркелген. Сон­дай-ақ, Қарасу ауданында зерттеу жұмыстарына арналған жер учаскесін пайдалануға іс жүзінде 49 рұқсат берілгенімен, есепте 38 деп көрсетілген.

– Бұл жергілікті әкімдіктердің есепке салғырттығын көрсетеді. Біз аталған аудандарға көрсе­тілген кемшіліктерді жоюға бір ай уақыт беріп отырмыз. Бас­ты мақсатымыз – мемле­кеттік қыз­меттердің сапасы мен қол­жетімділігін арттыру. Осы ниетпен соңғы жылдары үгіт-насихат жұмыстарын да күшейттік, – деді А.Ескендіров.

Бүгінде өңір тұрғындарына барлығы 374 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 338-і электронды түрде жүзеге асырылады. Мұның сыртында, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мемлекеттік қызметтің тағы 8 түрін автоматтандыру туралы бастама көтеріп отыр. Олардың ішінде баспана сертификаттарын беру, Қазақстан азаматтарын бюджет қаржысы есебінен шетелге емделуге жіберу мүмкіндігін қарастыратын құжаттарды қабыл­дау және қарастыру, ата-ана құ­қығынан айырылғандарға баламен көрісуге рұқсат беру сияқты қызмет түрлері бар.

 

Қостанай облысы