Руханият • 01 Сәуір, 2021

Дүзеннің құладүздегі кесенесі

1024 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау ауданына қарасты Қаракеңгір өзенінің оң жағалауындағы Қарақұдық сайында орын тепкен кесене Дүзен Сандыбайұлына тиесілі. Алашахан мазарынан аумайтын бұл кесене Орталық Қазақстанда ХІХ ғасырда бой көтерген ғұрыптық ескерткіш болып саналады.

Дүзеннің құладүздегі кесенесі

Суретті түсірген Әшімхан ЖӘМПЕЙІСОВ

Сандыбай батырдың үл­кен ұлы Дүзен заманында өлкедегі Қоқан-Жырық-Бай­назар болысының биі болған белгілі адам. Тарихи деректер бойынша, 1840 жылы Анна лентасы және күміс медальмен марапатталған екен. Дүзен Сандыбайұлы туралы Жезқазғанда тұратын Қазақстанның құрметті жур­налисі Батырбек Мырзабеков «Дүзен» атты хикаят жазған.

Дүзен қайтыс болғаннан кейін баласы Жанұлы оның кесенесін тура Алашаханның мазарындай қылып салуды ойға алып, халық шебері Сералы қожа Еламанұлының көмегіне жүгінген. Кейбір де­ректер бойынша, кесенені салу үшін шебер бір қыс Түркістанда кірпіш күйдіруді, оны қалауды үйреніп, жазда еліне оралған. Содан кейін жанына алпыс жігіт алып, кесенені үш жыл салып, 1866 жылы бітірген.

Күрделі пештақты-күм­безді текшеленген құрылыс болып келетін бұл кесененің биік­тігі 10 метр болады. Іргесінің сыртқы өлшемі 8,5х10,2 метрді және ішкі өл­шемі 5,4х5,4 метрді құрайды. Ғимараттың оңтүстік-батыс жағындағы ішкі бұрышында төбеге алып шығатын бас­палдағы бар.

Алашахан мазарынан 25 шақырымдай жерде салынған бұл кесенеге қажетті құрылыс материалдары сол жердің өзінде дайындалған деген дерек бар. Кірпіштері қалың майбалшықпен өріліп, бірік­тірілген. Еденіне шаршы тақ­таша кірпіш төселген. Бүр­мелі күмбездің ұшар басында бір-бірімен қиылыса орнатылған ағаш діңгектері бар. Бір өкініштісі, кесене іргетассыз салынған екен. Сол себепті де мамандар ғи­мараттың уақыт өте келе бұзылуы мүмкін деген болжам айтады.

Облыстағы «Тарихи-мә­дени мұраны сақтау ор­талығы» ММ басшысы Түлкібай Төлеуовтің мәлі­метіне сай, Дүзен кесенесінде 2017-2018 жылдары рес­пуб­ликалық бюджеттен бө­лінген қаражатқа реставрация жұмыстары жүргізілген.

 

Қарағанды облысы,

Ұлытау ауданы

Соңғы жаңалықтар