Білім • 01 Сәуір, 2021

Бұл квота – қай квота?

437 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өз заманынан оза туған Абай қазаққа «ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғұлама туралы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді», деген еді.

Бұл квота – қай квота?

Иә, ғылым – қуатты күш. Осыны тереңнен түсінген елдер әрдайым ғылымға көңіл бөліп отырады, салаға көлемді инвестициялар салып, тұрақты дамуын әрдайым назарда ұстайды. Бұл тұрғыда Қазақстанның да отандық ғылымға деген қолдауы мен саланы ілгерілетуге бағытталған шаралары өз жемісін беріп келеді. Көбіміз бағамдай бермейтін тәуелсіздіктің тағы бір табысы – тоқырау жылдарындағы және одан кейінгі қиын-қыстау кезеңге қарамастан отандық ғылымды сақтап қалуымыз. Бүгінде қазақстандық ғалымдар әлемдегі ірі мемлекеттердің мамандарымен иық тіресе алатын әлеуетке ие.

Бас басылым тұрақты түрде шығарылып отыратын «Ғылым» беті арқылы отандық ғылымның әрбір оң қадамын қалт жібермей, қазақстандық ғалымдардың жетістіктерін ұдайы насихаттап келеді. Осы жолы да «Egemen Qazaqstan» газетін сәуір айында отандық ғылымның тәуелсіздік жылдарында ашқан жаңалықтарымен, ғылымдағы жаңа есімдермен таныстырмақ.

БҰЛ КВОТА – ҚАЙ КВОТА?

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде ғылымның дамуы жаңаша қарқын алды. Бұған ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік деңгейде қолдаудың септігі тиіп келеді. Соның бір жарқын мысалы, алдағы уақытта ғалым әйелдерге арнайы квота енгізілмек. Бұл қуанышты жаңалық нәзік зерттеушілерді елең еткізді. Дегенмен, көкейде сұрақ көп.

Негізі жағымды жаңалықты алғаш Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жеткізді. Министрліктің алқа отырысында ведомство басшысы:

– Жас зерттеушілерге қолдау көрсету үшін біз ғылыми гранттарға конкурстар жариялау кезінде арнайы квота енгіздік. Қазір біз жас ғалым әйелдердің санына қатысты да дәл осындай квотаны енгіземіз деп шештік. Бұл туралы біздің ғалым әріптестерімізбен кездесулерде бірнеше мәрте айтылды, – деген еді.

Иә, қуантарлық шешім шығарылды. Бірақ жоғарыда жазғанымыздай, сұрақ көп. Бұл грант бола ма, әлде тағылымдама ма? Оның талаптары қандай болмақ? Әйел-ғалым болса болды ма, жоқ жас мөлшеріне шектеу бар ма? Санадағы сан сауалды Ғылым комитетінің басшысы Жанна Дулатқызына қойдық. Ол:

– Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылында жас ғалымдарға арнап бөлек грант қарастыруды тапсырды. Дәл осы жас ғалымдарға арналған грант енгізілмей тұрғанда барлық ғылыми-зерттеудің гранттық құжаттамасында жоба қатысушыларының 40 пайыздан кем емес үлесінің жастардан болуын талап ететін шарт болған. Міне, сол шарт Жас ғалымдарға арналған грант енгізілгенде де алынып тасталмай, сақталды. Мен мұны неге айтып отырмын, аталған шарт қазір көтеріліп отырған квота мәселесінің мысалы бола алады. Ғалым әйелдерге арналған квота – ешқандай да ерекшелік, болмаса тағылымдама яки бөлек грант емес, әйел зерттеушілерді ғылымға ынталандыру мақсатында министр Асхат Аймағамбетовтің ұсынысымен, тікелей қолдауымен қолға алынған шешім, дәлірек айтқанда, гранттық құжаттамаға енгізілетін шарт. Мәселен, болашақта барлық бағыттағы конкурстың құжаттамасында «мемлекеттік гранттан үмітті жоба тобының құрамындағы қатысушылардың белгілі бір үлесі әйел зерттеушілерден болуы тиіс» деген талап енгізіледі. Оның нақты қанша пайыз болатыны түрлі сала бойынша әйелдердің үлесі мен әлеуетін талдағаннан кейін белгіленеді. Ал әйел ғалымдардың жас ерекшелігіне ешбір шектеу қойылмайды. Ол магистрант, докторант немесе доктор, профессор болуы да мүмкін, – деп жауап берді.

Ғылым комитетінің төрағасы айтқандай, ақиқатында қазақстандық ғалым әйелдердің отандық және халықаралық деңгейдегі көрсеткіштері ерлерден кем емес. Дегенмен, ғылымның ішінара саласында әйелдер үлесінің тым аз екені қоғамда әйел зерттеушілерге отбасының (әсіресе ана ретіндегі) жауапкершілігін ғылыммен қатар арқалап жүрудің жеңіл тимейтінін көрсетеді. Мәселен, іске асыру мерзімі 27 ай болатын 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсынан жеңген жобалардың қатысушылар құрамын қарайық. «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми-зерттеулер» бағытында жобалардың 36%-ы, яғни 85 адамның 31-і – әйелдер. Ал «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс» бағытындағы жобаға қатысушы 7 адамның тек 1-еуі, яғни 14%-ы – әйелдер. Сол сияқты «Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар» бағытындағы жобаға қатысушы 30 адамның 8-і, яғни 26%-ы – әйелдер. Ал кейбір салаларда ғалым әйелдердің 3-4 баласымен бірдей «ғылыми өнімін өмірге әкеліп», жетілдіріп, дамытып отыруы – жанкештілікпен тең тірлік.

Осы жаңалық шыққалы бері ғылымда жүрген кейбір нәзік жандар әлсіз емесін айтып, квотаны әлеуетіне күдік келтіру деп түсініп жатты. Бірақ мұны маңызды, тіпті қажетті мүмкіндік деп қабылдағандар да болды. Соның бірі – құқық PhD докторы, заңгер-ғалым Халида Әжіғұлова. Өйткені оның ойынша, әлі күнге дейін ғылымда әйелдерге қатысты жасырын дискриминация бар.

Статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы ғалым әйелдердің үлесі 52 пайызды құрайды. Енді қараңыз, бізде ғылыми жобалардың басым бөлігі жоғары оқу орындарының базасында жүзеге асырылады. Ал сол Статистика бюросының 2019 жылға жүргізген зерттеуінде 116 ЖОО-ның (мемлекеттік және жеке) тек 28-інде (31,8%-ы) әйел-ректор екені көрсетілген. Соның ішінде 41 мемлекеттік университеттің тек 6-ын (яғни небәрі 14%-ы) әйел адам басқарады. Бұған не себеп? Әйелдер өздерінің тиімді менеджер, тіпті мемлекет басшысы бола алатынын әлдеқашан дәлелдеді. Бірақ біздің елде әйелдердің ЖОО басшысы болуына түрлі кедергілер бары анық. Әйелдерге қатысты заңды тыйымдар болмаса да, жасырын кемсітушілік немесе менеджерлерге арналған шектен тыс бюрократиялық талаптар бар, оны кәсіби және отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүрген кезде орындау қиын. Айталық, егер әйелдерде ғылыми жобалардың жетекшісі ретінде тәжірибе болса, ЖОО ректоры болуға мүмкіндігі жоғары. Алайда мемлекеттік ғылыми конкурстарға тапсырылған біраз жоба формальды тексерістен өтпейді. Өйткені жоба жетекшісінің халықаралық рейтингі жоғары журналдарда жарияланған мақаласы жоқ. Ақиқатында біздің қоғамда ақысыз үй жұмыстарының көп бөлігі әлі күнге дейін әйелдерге тиесілі. Мақалаға қатысты (1 ғылыми мақала жазып, жариялауға 6 айдан 2 жылға дейін уақыт керек) талапты енгізгендер осы нәрсені, яғни әйел-ғалымның бір уақытта ғылыммен және бала бағумен, үй шаруасымен айналысатынын ұмытып кеткен сияқты. Сол себепті мен министрліктің мұндай қадамын қолдаймын. Ал гранттық конкурстардағы әйел зерттеушілердің үлесі 30%-дан кем болмауы тиіс, – дейді Х.Әжіғұлова.

Шынында рейтингі жоғары журналдарда мақаласының жоқтығы әйел-ғалымның ғылыми жобаға мықты жетекші бола алмайтынын көрсетпейді ғой. Сондықтан сарапшы Х.Әжіғұлова әйелдерге арналған квота аясында ғылыми жобалардың әйел жетекшісіне қойылатын талапқа жеңілдіктер енгізу керек деген пікірде. Мысалы, мақаланың болуын ғылыми жоба басталарда емес, соңында талап етуге болады. Сонда ғалым әйел ғылыми жобаға жетекшілік ету барысында сол зерттеуіне қатысты мақала жазып та, жариялап та шығады.

 

P.S. Жоғарыда жауапты мекеменің басшысы атап өткендей, бұл квота әйел ғалымдарды ынталандырудың үлгісі болса, онда осы жүйені, сондай шартты ғылым саласындағы сыйлықтарды тағайындау тәртібіне де енгізген абзал. Алыстан мысал іздемей-ақ қоялық, 2015 жылдан бері Президенттің Жарлығымен берілетін Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың былтырғы лауреаттары тізімінде 15 адамның 2-еуі (13%-ы) ғана – әйел ғалым. Осы сыйлықты иеленгендердің ішінде әйелдер үлесі 20%-ға да жетпей келеді. Айтпақшы, елімізде жыл сайын үздік ғалымдарға Күлтегін, Қ.Сәтбаев, Ш.Уәлиханов, Д.Қонаев, М.Әуезов, А.Бараев, Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтар мен оған қоса 150-ден 350 АЕК-ке дейінгі көлемде сыйақы тағайындалады. Ал қазақтан шыққан қаншама қайталанбас ғалым әйелдерге осындай сыйлық атап, оны отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге берсе, жанкешті жұмысты бағалау болмай ма?..